Кемелер айдынға қайта оралды...
Кемелер айдынға қайта оралды...
5,111
оқылды
Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер С.Байғабылов ойын-сауық қыз­ме­тіне жұмылдырылған су көлігін пайдалануға енді рұқсат етілгенін жариялады. – 17 тамыздан бастап теңіздерде, өзен­дер­де, көлдерде және су қоймаларында ойын-сауық, серуен және экскурсия іс-ша­ра­ларына катерлерді, кемелерді, теп­ло­ход­тарды, паро­м­дарды және басқа да су көлігін қолдану қайта жанданады. Бұл ретте су көлігінің иелері жолаушылардың және қыз­мет көрсетушінің карантин шараларын сақ­тауын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Сәдуақас Байғабылов. Оның түсіндіруінше, жолаушылар саны кеме ішіндегі орындықтар санымен шек­теледі, одан асып кетпеуі тиіс. Адамдарды отырғызу және түсіру кезінде кем дегенде 1 метр әлеуметтік алшақтық сақталуы керек. Шығатын және кіретін жұрттың бірін-бірі итермелеп, кимелей ұмтылуын бол­дырмау үшін шара қабылдануы шарт. Ав­то­бустардағыдай барлық адам бетперде киіп отыруы қажет. Кемеде қол өңдеуге арналған анти­сеп­тиктер, су көлігінің ішін өңдейтін де­зинфек­циялық құралдар болуы – мін­дет. Көліктегі бас санитар карантин ке­зінде кемелердің жасырын түрде айдынға шығып кетпеуі қадағаланғанын айтады. «Шектеулер енгізілген кезеңде мони­торинг топтары рейдтер мен тексеруге шығып тұрды. Соның барысында Нұр-Сұл­тан қаласында, Есіл өзенінде, Ертісте, Қап­шағай және Бұқтырма су қой­ма­ларында, Алакөл және Балқаш көл­дерін­де демалушылар мен су көліктерінің ие­лері арасында тәртіп бұзғандар әшкере­ленді. Нә­тижесінде, су көлігін пайда­ланатын 32 шағын және орта кәсіпкерлік ны­саны әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Оларға жалпы сомасы 1,6 мил­лион теңге айыппұл са­лын­ды», – деді кө­ліктегі бас мемлекеттік санитарлық дә­рігер С.Байға­былов. Осылайша, бұл бизнес біраз айдан бе­рі қаңтарылып бос тұрды. Дегенмен кей­бір бизнесмендер су көлігін өзге мақ­сатта  іске жаратуға тырысыпты. Кәсіп­кер Алина Шалимбекова елде кеме соңынан пайда болатын жасанды толқындағы серфингті жолға қойыпты. «Көліктегі бас мемлекеттік санитар­дың №49 қаулысымен кешеге дейін су көлігін пайдалануға тыйым салынды. Сондықтан мен вейксерфинг (wakesurfing), яғни катерге тіркеліп сырғанауды ұйым­дас­тырдым. Сол бойынша жатты­ғулар жүр­гізіп, спортшыларды оқыттым, даярл­адым. Жаттығулар ашық ауада, ша­ғын топтарда жүрді. Барлық санитарлық норма сақталды. Өйткені пандемияға қарамастан, спортшыларға күн сайын шы­нығу керек. Олардың бір бөлігі Қа­зақстанның вейксерфинг бойынша чем­пионатына қатысуға әзірленуде. Бірін­шілік 2021 жылы жазда өтеді деп жос­парланып отыр», – дейді А.Ша­лим­бекова. Оның айтуынша, спортшыларды жат­тық­тыру үшін Nautique маркалы арнайы катер пайдаланылады: ол қолдан толқын жа­сауға «маманданған». Жаттығулар Қап­шағай су қоймасында өтіпті. Ел Үкіметінің жаңа шешімі сала кә­сіп­­керлерін қуантты. Дегенмен олар қа­лаларға қонақтар ағылатын көктемгі-жаз­ғы мере­келердің өтіп кетуіне, суға шо­мылу мау­сымының соңына таяуына орай клиенттер кезекте тұра­тын табысты кезең артта қал­ғанына қынжылыс білдіреді. Жалпы, пандемия көптеген кәсіпкерді бизнестің заманауи, сұранысқа ие жаңа түрлерін іздеуге итермелегені байқалуда.  

Елдос СЕНБАЙ