Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер С.Байғабылов ойын-сауық қызметіне жұмылдырылған су көлігін пайдалануға енді рұқсат етілгенін жариялады. – 17 тамыздан бастап теңіздерде, өзендерде, көлдерде және су қоймаларында ойын-сауық, серуен және экскурсия іс-шараларына катерлерді, кемелерді, теплоходтарды, паромдарды және басқа да су көлігін қолдану қайта жанданады. Бұл ретте су көлігінің иелері жолаушылардың және қызмет көрсетушінің карантин шараларын сақтауын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Сәдуақас Байғабылов. Оның түсіндіруінше, жолаушылар саны кеме ішіндегі орындықтар санымен шектеледі, одан асып кетпеуі тиіс. Адамдарды отырғызу және түсіру кезінде кем дегенде 1 метр әлеуметтік алшақтық сақталуы керек. Шығатын және кіретін жұрттың бірін-бірі итермелеп, кимелей ұмтылуын болдырмау үшін шара қабылдануы шарт. Автобустардағыдай барлық адам бетперде киіп отыруы қажет. Кемеде қол өңдеуге арналған антисептиктер, су көлігінің ішін өңдейтін дезинфекциялық құралдар болуы – міндет. Көліктегі бас санитар карантин кезінде кемелердің жасырын түрде айдынға шығып кетпеуі қадағаланғанын айтады. «Шектеулер енгізілген кезеңде мониторинг топтары рейдтер мен тексеруге шығып тұрды. Соның барысында Нұр-Сұлтан қаласында, Есіл өзенінде, Ертісте, Қапшағай және Бұқтырма су қоймаларында, Алакөл және Балқаш көлдерінде демалушылар мен су көліктерінің иелері арасында тәртіп бұзғандар әшкереленді. Нәтижесінде, су көлігін пайдаланатын 32 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1,6 миллион теңге айыппұл салынды», – деді көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер С.Байғабылов. Осылайша, бұл бизнес біраз айдан бері қаңтарылып бос тұрды. Дегенмен кейбір бизнесмендер су көлігін өзге мақсатта іске жаратуға тырысыпты. Кәсіпкер Алина Шалимбекова елде кеме соңынан пайда болатын жасанды толқындағы серфингті жолға қойыпты. «Көліктегі бас мемлекеттік санитардың №49 қаулысымен кешеге дейін су көлігін пайдалануға тыйым салынды. Сондықтан мен вейксерфинг (wakesurfing), яғни катерге тіркеліп сырғанауды ұйымдастырдым. Сол бойынша жаттығулар жүргізіп, спортшыларды оқыттым, даярладым. Жаттығулар ашық ауада, шағын топтарда жүрді. Барлық санитарлық норма сақталды. Өйткені пандемияға қарамастан, спортшыларға күн сайын шынығу керек. Олардың бір бөлігі Қазақстанның вейксерфинг бойынша чемпионатына қатысуға әзірленуде. Біріншілік 2021 жылы жазда өтеді деп жоспарланып отыр», – дейді А.Шалимбекова. Оның айтуынша, спортшыларды жаттықтыру үшін Nautique маркалы арнайы катер пайдаланылады: ол қолдан толқын жасауға «маманданған». Жаттығулар Қапшағай су қоймасында өтіпті. Ел Үкіметінің жаңа шешімі сала кәсіпкерлерін қуантты. Дегенмен олар қалаларға қонақтар ағылатын көктемгі-жазғы мерекелердің өтіп кетуіне, суға шомылу маусымының соңына таяуына орай клиенттер кезекте тұратын табысты кезең артта қалғанына қынжылыс білдіреді. Жалпы, пандемия көптеген кәсіпкерді бизнестің заманауи, сұранысқа ие жаңа түрлерін іздеуге итермелегені байқалуда.
Елдос СЕНБАЙ