Солтүстік Қазақстанда бірінші рет жүрекке жасанды аппарат қойды
Солтүстік Қазақстанда бірінші рет жүрекке жасанды аппарат қойды
Фото: Интернеттен алынды
Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың аритмолог дәрігері Қуандық Садуевтің айтуынша, кардиовертер-дефибриллятор құрылғысы жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алады.
«Ота жергілікті анестезия арқылы жүргізіліп, науқас есін біліп жатады. Бұғананың астына шағын тілік жасалады. Тамыр арқылы бір немесе екі электрод өткізіп, жүректің бұлшықетіне жалғаймыз. Оның екінші басы қондырғыға бекітіледі. Имплант кеуде бұлшықетінің астына орналастырылады. Ол жүрек қағысын қадағалап отырады. Жүрек тоқтап қалса, электродтар разряд беріп, ырғағы қалпына келтіріледі», – дейді Қуандық Садуев.
Кардиовертер-дефибриллятордың үлкендігі 2 сіреңке қорабындай ғана. Электронды құрылғы 5-7 жыл жұмыс істейді, – деп жазады «Қазақпарат». «Мен өзім осында 100-ден сатам ота жасадым. Адамның жас ерекшелігіне қарамаймыз, 18 жастағы жігітке де осындай имплант қойған кезім болды. СҚО-да мұндай ота алғаш жасалып отыр. 72 жастағы қарияға дефибриллятор қойылды. Ол дәрігерлердің қарауында болған, ем-дом нәтиже бермегеннен кейін ота жасадық», – дейді дәрігер. Кардиологиялық орталық жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа Германияда жасалған құрылғыны сатып алған. СҚО көпсалалы аурухананың кардиология блогының жетекшісі Мақсат Құдраттулаевтың айтуынша, жыл өткен сайын осындай науқастардың саны артып келе жатыр. Сондықтан мамандар қажетті отаны жергілікті жерде жасауды жоспарлап отыр. «Жүрек соғысы бұзылған науқастарымыз бар. Олардың жүректері кенеттен тоқтап қалып, қастарында ешкім болмаса өліп кетеді. Бүгінге бірнеше науқасымызды әзірледік. Оларды таңдау жолдары бар. Көрсеткіштері дұрыс келетіндеріне ота жасалады. Бұған дейін осындай ота жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберілетін. Енді өз орталығымызда емдеуді жоспарлап отырмыз. Аппараттарды көктемде алдық, карантиннің салдарынан шеберлік сағатын өткізуді кейінге қалдырып келдік. Енді ғана сәті түсіп жатыр», – дейді Мақсат Құдраттулаев.