Жолдау міндеттеген жүк ауқымды
Жолдау міндеттеген жүк ауқымды

Бұл Ел Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жолдары сараланған облыстық актив жиынында айтылды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов аймақты дамыту үшін сындарлы қоғам құрудың екі айқын жолынан таймау аса маңызды екенін айтып, осы бағыттағы қолға алынған жұмыстарды тілге тиек етті.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Сұ­лушаш Құрманбекова Прези­дент жүктеген міндеттер мен та­лаптардың қалай жүзеге асы­рылатынына тоқталды. «Саяси реформаларды кезең-кезеңімен сәтті жүргізу үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын жүзеге асыру ке­рек. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды», – дей келе, баяндамашы облыста бас құжаттың екінші бағыты – «Халықпен тиімді кері байла­ныс орнатудың» алғышарты қа­лыптасқанын атап өтті. Жер­гілікті тұрғындар көтеріп отыр­ған мәселелерді зерделеу, ха­лықпен кері байланыс орнату, жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың жұмыс тәртібін жүйе­лен­діру және оның тиімділігін арт­тыру мақсатында облыс әкі­мі 13 наурызда арнайы өкім шығарып, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алго­ритм­дерін бекіткен-ді. Алгоритмге сәйкес, қала, аудан әкімдері 5 күн бұрын басылымдарда, әлеу­меттік желілерде, ресми сайт­тарда тұрғындармен өткізетін кездесу орны, мерзімі туралы хабарлауы керек. Бірақ кейбір аудандар бұл талапты орын­дауға асықпай отыр.

Сондай-ақ баяндамашы Жол­даудан туындаған өзге де мін­деттерді жүзеге асыру жол­дарына тоқталды. Ал азамат­тар­дың құқығы мен қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін ең бірінші жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түспек. Тұрғын­дар­дың сыбайластық әрекет­терге мүлдем төзбеушілігін қа­лыптастыру үшін «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы бо­йын­ша жұмыстар жанданды­ры­лады. Дерекке сүйенсек, бүгінге дейін жоба жетекшілеріне тұр­ғындар тарапынан 140 шағым түсіп, оның 52 мәселесі шешіл­ген, қалған 88 мәселе бақылауға алыныпты. Ал мемлекеттік қыз­мет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 сервистік әкімдік пен фронт-офис ашы­лып, 7 мекеменің басшысы open space форматында жұмыс істеу­ге кіріссе, 133 мемлекеттік ор­ган басшысы кабинеттерін бі­рінші қабатқа көшірген.

Жолдауда азаматтардың та­бысын арттыруға мүмкіндік бе­ру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесі айтылды. Ал оған қол жеткізудің бірден-бір жолы – тиімді шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл қадам өз кезегінде, қала мен ауылды да­мытудың берік негізіне айна­ла­тыны сөзсіз. Бұған дейін жұмыс алгоритмі құрылғанда арнайы жүргізілген талдау бойынша об­лыс тұрғында­ры­ның 60,4 па­йызы немесе 679 мың адам ауыл­­дық жерде тұратыны ай­қын­далған. Ал оның еңбек жа­сын­дағы 395 мыңының 151 мы­ңын­да тұрақты табыс көзі жоқ екен.

– Бұл азаматтар негізінен бюд­жет есебінен берілетін әлеу­меттік төлемдер, маусымдық жұмыстардан, қосалқы шаруа­шылық есебінен күн көруде. Бі­рінші жартыжылдықта 32 мың­нан астам отбасы атаулы әлеу­меттік көмек алды (162 354 адам). Мұндай проблемалар бар­лық өңірге тән. Сондықтан ел Пре­зи­денті әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағ­дайы төмен отбасы­ларға баса мән бере отырып, бизнеске қол­дау көрсетудің жа­ңа тәсілдерін енгізу керектігін тапсырды. Осы бағытта облыста нақты жоспар құрылып, жүр­гізілген жұмыс­тардың алғашқы нәтижесі де байқалуда. Елбасы 30 қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отыры­сында өңірлерде скрининг өт­кізу туралы тап­сыр­ма бергені белгілі. Соған сәй­кес өңірдегі 376 елдіме­кен­дегі 138 347 аула зерделеніп, анкеталар толты­рылды. Зер­делеу нәтижесі мен тұрғын­дардың ұсыныстарын ескере отырып, облыс тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыру жобасы­ның тұжырымдамасы әзірленді. Осы жоба аясында халықтың өмір сапасын жақсар­туға ар­налған 5 бағыт таңдалып отыр. Оның біріншісі – үй ір­гесіндегі жерлерді тиімді пай­далану, екіншісі – мал ша­руа­шы­лығын дамыту, үшіншісі – ауыл сыр­тындағы жерлердің тиім­ділігін арттыру, төртіншісі – коопе­ративтер құру, бесіншісі – ша­ғын кәсіпкерлік жобаларды қол­дау. Осы 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан ас­там жобаны іске асыру көз­де­ліп отыр, – деді баяндамашы.

Аталған жобалар жүзеге асырылса, облыста 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашы­лады. Сондай-ақ өз бетінше жұ­мыспен қамтылған және жұ­мыссыз 68 мыңнан астам адам­ды кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеуге мүмкіндік тумақ. Жүргізілген алдын ала есеп­теу­лер осы арқылы атаулы әлеу­меттік көмек алушылардың саны қысқаратынын, ауыл ша­руашылығы өнімі 132 мил­лиард 200 миллион теңгеге немесе 33 пайызға дейін ұлғая­ты­нын, өңдеуші кәсіпорын­дар­дың жүктемесі 30 пайызға арта­тынын көрсетіп отыр.

 

Жамбыл облысы