Мал-жан аман ба?
Мал-жан аман ба?
289
оқылды
– Алдымен пандемия кезеңінің қорытындысына тоқтала кет­сек. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, жыл басталғалы бері ауыл шаруашылығы 1,7 триллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл, тіпті коронавирус індеті және шектеу шаралары болмаған 2019 жылғы 7 айдағыдан 2,5 пайызға жо­ғары: былтырғы жетістік 1 трил­лион 488 миллиард теңгені құ­ра­ған-тын.  

Карантинде мал өсірдік

Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің дерегінше, жақсы көр­сеткіш төрт түліктің арқасы: мал ша­руашылығындағы өндіріс 2,6 пайызға ұлғайып, 1 трлн 419 миллиард теңге табыс әкелді. Са­лыстыру үшін айтсақ, 2019 жылғы ұқсас мерзімдегі өндіріс көлемі 1 трлн 273 млрд теңге бол­ған. Соның ішінде тірі салмақтағы ет көлемі 3,6 пайызға артып, 1 миллион 25,5 мың тонна межені бағындырды. Бұған дейінгі асуы 989,9 мың тонна болды. Ал сүт өндірісі 3 пайызға өсті: биылғы 7 айда 3 миллион 656,2 мың тонна өнім берді. Өткен жылғы көрсеткіш 3 млн 548,9 мың тонна болған. 2020 жылдың бірінші жартысы­ның қорытындысында, Зеңгі баба түлігінің саны – 4,5 пайызға, Шопан ата түлігі – 2,5 пайызға, Қамбар ата түлігі – 8,5пайызға, Ойсылқара түлігі – 4 пайызға, талпақ танау 0,7 пайызға көбейді. Осылайша, бүгінде Қазақстанда 9 миллион ірі қара мал (2019 жылы 8,6 млн болған), 22,1 миллион қой, 3,4 миллион жылқы, 246,4 мың түйе, 970 мың доңыз бар.  

Егіншінің еңбегі еш кетпейді

Сарапшылар байламынша, күз­де егін толық жиналғаннан ке­йін саланың жетістіктері бұ­дан да зораюы тиіс. Қазірдің өзін­де Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қа­зақстан, Жамбыл, Батыс Қазақ­стан, Қызылорда және Түр­кістан облыстарында дәнді дақыл­дарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр. 10 тамыздағы жағдай бойынша, 929,4 мың гектардан немесе жалпы егіс алқабының 37,3 пайызынан астық жиналды. Орташа түсім әр гектардан 19,1 центнерден айналуда. Бұл 2019 жылғыға бара-бар көрсеткіш. Егіншілер 1,8 миллион тонна дәнді дақылды бас­тырып үлгерді. Өткен жылы осын­дай кезде 1,4 млн тоннасы бас­тырылған болатын. Күн шуағына көбірек бөленген батыс пен оңтүстік өңірлер ғана емес, негізгі астық өңірлері де осы айда егін орағына кірісті. Сөйтіп, 93,3 мың гектардан не­ме­се осы өңірлердегі жалпы егіс­тіктің 0,8 пайызынан жаңа егін жиналды. Негізі, солтүстік өңірлерде науқан 20 тамызға қарай қызады. Жыл басынан бері өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,1пайыз-ға ұлғайып, 242 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, өткен 7 айда Қазақстанда 1 триллион 64 млрд теңгенің тамақ өнімдері шығарыл­ды. Бұл былтырғыдан 4,1 пайызға көп.  

Дағдарыс кезінде рекорд жасап та көрдік

Бір қызығы пандемияға қара­мастан  еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласында рекордтық жетістіктерге де қол жекізіліпті. Мәселен, өңделген күріш өндірісі 2019 жылғы 72 мың тоннадан 2020 жылы 122,4 мың тоннаға дейін жетіп, бір жылда бірден 70 пайызға ұлғайды. Ал шұжық өнімдері өндірісіндегі өсім – 21,5пайыз немесе былтырғы  27,4 мың тоннада 33,2 мың тоннаға жеткен. Былтыр 46,4 мың жарма өндірсек, биыл дәл сол мерізімде  51,9 мың  тоннаға жеткіздік. Макарон  өнімдерін өндірудегі өсім 8,1 пайызға жетті. Сары майды да былтырғыдан 9 мың тонна көп өндірдік. Сөйтіп, 12,1 мың тоннаға жетті. Қысқасы, карантин мен наурыздан мамырға дейін созылған төтенше жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнім­дерін  өндіруде тәуір табыс тап­тық. Пандемияға дағдарыстың қо­сы­луы көп саладан инвестордың кетуіне, ірі жобалардың тоқ­тауы­на соқтырды. Ал ауыл шаруа­шылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 13,5 пайыз­ға артып, 261,2 млрд теңге (2019 жылы – 226,5 млрд), тамақ өнім­дері өндірісіне инвестиция 13,8 пайызға өсіп, 45,7 млрд теңге (2019 жылы 39,1 млрд) болды.  

Бұл сала күйреген  де кез болған

Кейде қарапайым халық ауыл шаруашылығының кері кеткенін, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мардымсыз екенін айтып жатады. Құлықты нарық бұзады: базарға барсаң, дүкенге бас сұқсаң, сөреден негізінен шетелдік тамақ өнімдерін байқайсыз. Өнім болса қымбаттауда. Әйткенмен, сала­ның жетістіктері бар. АШМ-ның Стратегиялық жос­парлау және талдау департаменті ди­ректорының орынбасары Са­мат Қайырбековтің айтуынша, ал­ғашқы жылдар ауылдың еңсесін тіктеуге, күйреген шаруасын қайта құруға кеткен. Онда даму туралы сөз қозғау қиын болатын. – Қазақстан азаттық алған шақ­та өз экономикасын модер­ни­зациялауға және халық шар­уа­шылығының барлық секто­рын реформалауға кірісті. Елде мемлекеттік меншік орнына же­ке­меншік енгізілді, кол­хоз­совхоздар таратылды, агро­өнер­кәсіптік кешендер, жеке және фер­мерлік шаруашылықтар, биз­нес құрылымдардың жаңа түр­лері пайда болды. Алайда түбегейлі жаңғырулар елге, экономикаға ауыр соқты. 90-жылдары рефор­малар жүргізу кезеңінде ауыл эко­номикасына капитал ағыны толық дерлік тоқтап қалды, кәсіпорындар жабылып, өндіріс көлемі күрт қысқарды. Ауыл халқының тұрмыс деңгейі тым нашарлап кетті. Ауыл-аймақта әлеуметтік кернеу күшей­ді, – дейді ол. Мұның бәрі ғасырлық өңір­аралық және салааралық шаруа­шылық байланыстардың бұзыл­уының салдары еді. Қазақстанның астығын Ресей жаһандық нарыққа шығартпай тастады. Қазір де ол күрделі шаруа: ресейлік астық сатылып бітпей, РЖД одақтасына вагондарын бермеуге бейіл. 90-жыл­дары ауыл шаруашылығы күрделі күйзелісті бастан өткерді. Тек АӨК-ті көтеруге, ауылды өрлетуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында ғана ірі әрі нысаналы бағдарламалар жүзеге асып, олар өз игілігін бере бас­тады. Ауқымы қарқынды түрде ұлғайған мемлекеттік қаражат пен қолдау нәтижесінде салада жаңа бет­бұрыс жасалды. Сарапшылар пайымдауынша, аграрлық сектор­дың өркендеуге бет қойған кезі тек ХХІ ғасырдың басынан бастау алады.  

Жобаларды саусақпен санасақ

Осы жылдары мал өнімін өң­деу саласына стратегиялық инвес­торлар тартылды. Мәселен, сүт және сүт өнімдерін өндіруге Golden Camel Group LTD (ҚХР), Lactalis (Франция), бұдан бөлек Impire Food (Иран), Bauman (Гер­мания) және басқа шетелдік алып компаниялар кірді. Жақында қазақ елінде ет өндіру және өңдеу ісімен айналысу үшін америкалық ірі компания – Tyson Foods келмек. Олар осыған ниет танытты және онымен Үкімет жұмыс жүргізуде. АШМ дерегінше, тәуелсіздік жылдары ет-сүт секторында ірі 3 жоба іске қосылған. Атап айтқанда, 2018 жылы Түркістан облысында тәулігіне 100 тонна шикізат өң­дейтін түйе және жылқы сүтін өң­деу зауыты қолданысқа берілді. Зауыт ақ өнімдерінен құрғақ сүт, балалар тағамын, ересектерге ар­налған энергетикалық сусындарды, сондай-ақ шұбат пен қымыз таб­лет­каларын жасап, шетелге, негізінен Қытайға экспорттайды. Павлодар облысында француз­дың Lactalis-і сүт-тауарлы ферма және сүт өңдеу зауытын тұрғызды. Кәсіпорын, тіпті АҚШ, Германия, Франция секілді елдерде сатылатын «Президент» сарымайын өндіреді. 2019 жылы Алматы облысында Иран бизнесмендерінің қаржы­сына ет өңдейтін кешен бой кө­терді. Кәсіпорын қалдықсыз өн­дірісті жолға қойды: еттен бастап, сиыр терісіне дейін өңдейді. Онда еуростандарттарға сәйкес толық цикл жолға қойылған. Өнімі жа­һан­дық нарыққа өткізіледі. Өн­діріс­тік қуаты жылына 8 мың тон­наға дейін жетеді. Дегенмен саланың алар асул­ары әлі алда болса керек. Са­лыстыру үшін айтсақ, 2019 жыл қорытындысында Қазақстан өң­делгені, шикі күйіндегісі бар, жал­пы көлемі 63 мың тонна етті шет­елге сатыпты. Ал біздің бір об­лысымыздың аумағындай ғана территориясы бар Беларусь бір жыл ішінде 105,7 мың тонна балғын және мұздатылған сиыр етін сырт­қа экспорттап, 1 миллиард дол­лардай табыс тапқан. Министрліктің ақпаратынша, әзірге біраз бағытта импортқа тәуел­ділік сақталуда. Талдау көр­сеткендей, тәуелсіздік жылдары азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өзімізді 80 па­йызға қамтуға қол жеткіздік. Бірқатар өнім түрлерімен ішкі на­рық, тіпті 100 пайыздан астам қам­тамасыз етілген. Бірақ 6 азық-түлік жөнінен шет­елдік жеткізілімдерге тәуел­діміз, бұлар – алма, балық, шұжық-колбаса өнімдері, ірімшік, қант және құс еті. Мемлекет осы сала­лар­дың көрсеткішін өрлетуге күш салатын болады. Нақтылай кетсек, дәл осы алты өнім түрімен ішкі нарықты отандық өнім есе­бінен молықтыру мақсатында им­порт алмастырудың салалық бағ­дарламалары әзірленді. Олар қамтылу деңгейін 2024 жылға қа­рай қазіргі 80-нен 100 пайызға дей­ін көтеруді қарастырады. Жалпы алғанда, АӨК-те 16 бағыт бойынша 46 түрлі субсидия қаржы беріледі. Оның да тиімділігі жиі сыналып жүр.  

Айхан ШӘРІП