Жастар саясаты: нәтиже қандай?
Жастар саясаты: нәтиже қандай?
497
оқылды
 

«Жастар Отанға» бағдарламасы нені шешеді?

Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар саясатына тың серпін әкелу үшін талай мемлекеттік бағдарлама қабылданып, тиісті заңдар қабыл­данды. 2015 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заңға биыл тағы да өзгерістер мен толықтырулар еніп, заң тетіктерінің күшеюіне түрткі болды. Бұл заңда жастардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, өскелең ұрпақты қоғамдық-саяси өмірге тарту, патриотизмге баулу сияқты мәселелер толықтай қамтыл­ған. Жастар үшін тағы бір маңызды нормативті құжат – 2016 жылы қабылданған «Волонтерлік қызмет» туралы заң. Оған сәйкес, волонтерлік қызметті 18 жасқа толған жеке тұлға­лар жүзеге асыра алады. Бір қуантар­лығы, пандемия кезінде бірқатар жастар ұйымы мен жеке азаматтар науқастарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу мәселелеріне белсене атса­лы­сып, волонтерлік қызметтің қо­ғам үшін маңызын аңғартты. Жастар саясатында елеулі орын алған мемлекеттік бағдарламаларға келсек, еске «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Серпін», «Жас кәсіп­кер» тағы басқалары түседі. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға» мемлекеттік бағдарламасы көп саланы қамтыған, жан-жақты сараланған бағдарлама болып тұр. Оған сәйкес, бес міндет айшық­талған. Атап айтсақ, біріншіден, жастар­ды саясатқа тарту. Статистика бо­йын­­ша, қазіргі таңда мәслихаттағы депутаттардың 2,8 пайызы (96  адам) – жастар. Елімізде қазан айына дейін созылатын прайме­риздің де түпкі мақсаты – «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әйелдерді 30 пайыз, жас­тарды 20 пайыз квотамен қамтама­сыз ету. Жастарды саясатқа не үшін тартамыз? Сарапшылар бұл көпте­ген қатердің алдын алады әрі жас­тар­ға қоғамдық-саяси өмірде бел­сенді болуға жол ашады деген пі­кірде. Мәселен, саясаттанушы Сай­пулла Сапанов «Жастарды саясатқа тарту оларды радикалды идео­ло­гиядан сақтайды» деген пі­кірін білдірген еді. Расында да, радикализм тек Қазақстан үшін ғана емес, дамыған Еуропа елдері үшін де аса өзекті мәселе. Бұл тұрғыдан тер­роризм тақырыбымен терең ай­налысып жүрген сарапшы Ерлан Қарин де «Кейбір жас азаматтардың түрмеге қылмыскер боп түсіп, ради­кал боп шығатынын» мәлімдеген еді. Неге кейбір жастар теріс ағым­дарға кетеді? Себебі идеоло­гиялық ва­куум­ды біреу біліммен толтырса, біреу теріс бағыттағы идеялармен толтыруы мүмкін. Сон­дықтан әсіре­се екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл жастарының мәселе­лерін шешу, арман-мақсат­тарының орында­луына септесу аса маңызды. Ал жастар саясатқа қызыға ма? Өкінішке қарай, жастардың саяси белсенділігі төмен. Тіпті, мамандар жастардың басым бөлігі өз қала­сының әкімі, мәслихат депутаттары былай тұрсын, Мәжіліс, Сенат депу­таттарын, министрлерді біле бер­мей­ді дейді. Сайлаушылардың ай­тар­лықтай бөлігін жастар құраса да, сайлау кезінде белсенділік төмен. Екіншіден, білім сапасын нарық заңына сәйкестендіру. Мәселен, бүгінде көптеген жоғары оқу орны еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейтін, бірақ «қалтада дипломы бар» мамандарды даяр­лайды. ЮНЕСКО мәліметі бойын­ша, жыл өткен сайын Қазақстаннан шетелге білім іздеп кететін жастар саны артып барады. Егер 2011 жылы 43 мың студент шетел асса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 90 мыңға жет­кен. Бүгінде 85 мыңға таяу студент сыртта білім алып жатыр. Білім ми­нистрлігінің статистикасына келсек, жылына жүз мыңнан астам түлек мектеп аттестатын қолға алса, оның 20 пайызы шетелдік оқу орындары­ның студенті атанып жатады. Сту­денттердің басым бөлігі – Ресей, Қырғыз Республикасы, Түркияға барады. Шетелде оқудан не қауіп? Өкінішке қарай, шетел көрген аза­маттар сол елде қалып, бөтен мем­лекеттің адами капиталын байы­туға ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өзі қазақстандық талапкерлердің шетелдік ЖОО-ларға «экспорт­талып» жүргеніне алаңдаушылығын білдірген еді. Мемлекет басшысы соңғы онжылдықта кәсіби мамандар үшін мемлекеттер арасындағы кү­рестің жанданғанын айта келе, мемлекеттіліктің құрылысы тікелей адами капиталға салынған инвес­тицияларға байланысты екенін жеткізді. Бұл тұрғыдан «Жас маман», «Еңбек» жобалары пайда болды. Қазіргі мақсат – ауыл мен қала бі­лімінің арасындағы алшақтықты жою, жастарды жаңа, заманауи кәсіптерге баулу арқылы кадрлық дефицитті шешу, отандық ЖОО-лардың нарыққа қажетсіз маман­дықтарды дайындау жұмысын қайта саралау, нарықты зерттеу, болашақ мамандықтарды игеру болып тұр. jactar jymis Үшіншіден, жастарды жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікке баулу. Әлем­дік статистика бойынша, жас­тар арасындағы жұмыссыздық көр­сеткіші 13 пайыздан аспайды. Өкі­нішке қарай, Қазақстанда жас­тар­дың 40 пайызы жұмыссыздықпен бетпе-бет келгенін ашық айтқан. Кәсіп­керлікпен де жастардың 51 пайызы айналысуға құлықсыз. Бұл масылдық психология ма, әлде тәуекелден қорқу ма, қазірше бел­гісіз. Төртіншіден, жастарды тұрғын үймен қамту. Бүгінде жастар «7-20-25» бағдарламасы, «Нұрлы жер» және «Жас отбасы» бағдарламалары арқылы баспаналы бола алады. Әлеуметтік сауалнамаларға сенсек, жастардың 18 пайызы ғана баспанаға қол жеткізген. Ал қалған азаматтарға не кедергі? Ең алдымен, жас ма­мандардың жалақысының аздығы мен бастапқы жарна көлемінің көптігі кедергі сияқты. Бесіншіден, жастардың бос уақытын тиімді өткізу. Сарапшылар елді мекендерде кітапханалар мен спорттық стадиондардың әлі де жетіс­пейтінін алға тартады.      width=Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы:

Жастар жеке азамат ретінде ғана белсенді

– Адами капитал тұрғысынан жастарды халықтық мәселелерден бөліп қарастыру қате. Сондай-ақ Қазақстан жастар саясатын дұрыс жүргізбеді деп айту да дұрыс емес. Тәуелсіздік жылдары елімізде жас­тар саясатына елеулі көңіл бөлінді. Мысалы, қазір ЖОО-дағы гранттар саны 2,5 есеге өсіп, 55 мыңнан асып жығылды. ТМД аумағында аналогы жоқ «Бола­шақ» бағдарламасы да жүзеге асты. Президенттің бастауы­мен қолға алынған жастар кадрлық резерві, сондай-ақ өңірлерде, ауыл­дарда іске асып жатқан «Дип­лом­мен ауылға», «Серпін», «Жас кә­сіп­кер» сияқты бағдарла­малар­дың жөні бө­лек. Әрине, әр бағдар­ламаны көңіл көншітеді деп айта алмаймыз, бірақ бұл жас­тар үшін берілген мүмкіндік. Өз басым «Дипломмен ауылға» бағ­дарла­ма­сын сәтті жоба деп есеп­­тей­мін. Бі­рақ әлі де жастар тара­пынан қар­жылай демеу жағынан келіс­пеу­шіліктер бар. Мәселен, «Дип­лом­мен ауылға» бағдарла­масы бойын­ша үйді салу мүмкін­дігі қарас­тырылса, жөн. Сондай-ақ бұл бағ­дарламаға ауыл­дар­ды ғана емес, кішігірім моно­қа­ла­ларды да кіргізсе дейміз. Үйді са­тып алу қаржысының көлемін арт­тыр­са деген тілек бар. Жақында біз «Жастар Отанға» атты 2025 жылға дейінгі бағдар­лама бойынша, әлеуметтік сауал­на­ма­лар­ды қарадық. Біз «Қандай да бір жас­тар ұйымдарына қаты­сыңыз бар ма?» деп сұрағанымыз­да, жастардың 81 пайызы ешқан­дай да ұйымдармен қарым-қа­тынас орнатпағаны анық­талды. Яғни, бұл ұйымдарға деген сұра­ныс аз. Әрине, сұраныс­тың жоғы­нан мықты жастар ұйымда­рының да пайда болуы қиын. Жас­тардың саяси мәдениеті мен жал­пы қан­дай да бір мәселені топ­пен шешуі де төмен деңгейде. Яғни, олар же­ке азамат ретінде белсенді, ал ұжым, топ ретінде белсенділігі тө­мен.   Serik B.Серік БЕЙСЕНБАЕВ, әлеуметтанушы:

Жастар – үлкен әлеуметтік-демографиялық топ

– Жастар саясаты елдегі саяси жүйенің ажырамас бөлігі. Сондық­тан елдегі саяси жүйенің аясынан жастар саясаты да шыға алмайды. Соңғы 10-15 жылдағы жағдайды қарастырсақ, жастар саясатының негізгі екі мақсаты болды. Бірінші­ден, елдегі жастарды саяси би­ліктің идео­логиясының ая­сында жинау. Бұл иерархия түрінде ұйым­дасты­рылған күш ретінде байқалды. Сол себептен еліміздегі жастар ұйым­дары мен әр өңірдегі жастар ресурстық орталық­тары­ның барлы­ғына да мемлекет тарапынан қолдау көрсе­тілді. Қаржы бөлінді. Екін­ші­ден, жас­тар саясатының тағы бір мақса­ты – елдегі басқарушы класты дайын­­­дау. Жастар саясаты арқылы карьера жасайтын аза­маттар әкім­ші­лік жүйеде қалады да, осы жол­мен бас­қа да мемлекеттік орган­дардан орын тауып жатады. Жас­тар саясаты осындай функция атқарып келді. Ал жастар мәсе­лесін олар қалай шеше алады? Бұл екі әлем, себебі жастар де­­ге­німіз үлкен әлеуметтік-демогра­фиялық топ. Статистика бойынша, елі­мізде 4 миллионға жуық жас аза­мат бар. Олардың бәрін түгелдей қамтуға ешқандай ресурс жет­пейді.    

Кәмшат ТАСБОЛАТ