«Жастар Отанға» бағдарламасы нені шешеді?
Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар саясатына тың серпін әкелу үшін талай мемлекеттік бағдарлама қабылданып, тиісті заңдар қабылданды. 2015 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заңға биыл тағы да өзгерістер мен толықтырулар еніп, заң тетіктерінің күшеюіне түрткі болды. Бұл заңда жастардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, өскелең ұрпақты қоғамдық-саяси өмірге тарту, патриотизмге баулу сияқты мәселелер толықтай қамтылған. Жастар үшін тағы бір маңызды нормативті құжат – 2016 жылы қабылданған «Волонтерлік қызмет» туралы заң. Оған сәйкес, волонтерлік қызметті 18 жасқа толған жеке тұлғалар жүзеге асыра алады. Бір қуантарлығы, пандемия кезінде бірқатар жастар ұйымы мен жеке азаматтар науқастарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу мәселелеріне белсене атсалысып, волонтерлік қызметтің қоғам үшін маңызын аңғартты. Жастар саясатында елеулі орын алған мемлекеттік бағдарламаларға келсек, еске «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Серпін», «Жас кәсіпкер» тағы басқалары түседі. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға» мемлекеттік бағдарламасы көп саланы қамтыған, жан-жақты сараланған бағдарлама болып тұр. Оған сәйкес, бес міндет айшықталған. Атап айтсақ, біріншіден, жастарды саясатқа тарту. Статистика бойынша, қазіргі таңда мәслихаттағы депутаттардың 2,8 пайызы (96 адам) – жастар. Елімізде қазан айына дейін созылатын праймериздің де түпкі мақсаты – «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әйелдерді 30 пайыз, жастарды 20 пайыз квотамен қамтамасыз ету. Жастарды саясатқа не үшін тартамыз? Сарапшылар бұл көптеген қатердің алдын алады әрі жастарға қоғамдық-саяси өмірде белсенді болуға жол ашады деген пікірде. Мәселен, саясаттанушы Сайпулла Сапанов «Жастарды саясатқа тарту оларды радикалды идеологиядан сақтайды» деген пікірін білдірген еді. Расында да, радикализм тек Қазақстан үшін ғана емес, дамыған Еуропа елдері үшін де аса өзекті мәселе. Бұл тұрғыдан терроризм тақырыбымен терең айналысып жүрген сарапшы Ерлан Қарин де «Кейбір жас азаматтардың түрмеге қылмыскер боп түсіп, радикал боп шығатынын» мәлімдеген еді. Неге кейбір жастар теріс ағымдарға кетеді? Себебі идеологиялық вакуумды біреу біліммен толтырса, біреу теріс бағыттағы идеялармен толтыруы мүмкін. Сондықтан әсіресе екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл жастарының мәселелерін шешу, арман-мақсаттарының орындалуына септесу аса маңызды. Ал жастар саясатқа қызыға ма? Өкінішке қарай, жастардың саяси белсенділігі төмен. Тіпті, мамандар жастардың басым бөлігі өз қаласының әкімі, мәслихат депутаттары былай тұрсын, Мәжіліс, Сенат депутаттарын, министрлерді біле бермейді дейді. Сайлаушылардың айтарлықтай бөлігін жастар құраса да, сайлау кезінде белсенділік төмен. Екіншіден, білім сапасын нарық заңына сәйкестендіру. Мәселен, бүгінде көптеген жоғары оқу орны еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейтін, бірақ «қалтада дипломы бар» мамандарды даярлайды. ЮНЕСКО мәліметі бойынша, жыл өткен сайын Қазақстаннан шетелге білім іздеп кететін жастар саны артып барады. Егер 2011 жылы 43 мың студент шетел асса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 90 мыңға жеткен. Бүгінде 85 мыңға таяу студент сыртта білім алып жатыр. Білім министрлігінің статистикасына келсек, жылына жүз мыңнан астам түлек мектеп аттестатын қолға алса, оның 20 пайызы шетелдік оқу орындарының студенті атанып жатады. Студенттердің басым бөлігі – Ресей, Қырғыз Республикасы, Түркияға барады. Шетелде оқудан не қауіп? Өкінішке қарай, шетел көрген азаматтар сол елде қалып, бөтен мемлекеттің адами капиталын байытуға ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазақстандық талапкерлердің шетелдік ЖОО-ларға «экспортталып» жүргеніне алаңдаушылығын білдірген еді. Мемлекет басшысы соңғы онжылдықта кәсіби мамандар үшін мемлекеттер арасындағы күрестің жанданғанын айта келе, мемлекеттіліктің құрылысы тікелей адами капиталға салынған инвестицияларға байланысты екенін жеткізді. Бұл тұрғыдан «Жас маман», «Еңбек» жобалары пайда болды. Қазіргі мақсат – ауыл мен қала білімінің арасындағы алшақтықты жою, жастарды жаңа, заманауи кәсіптерге баулу арқылы кадрлық дефицитті шешу, отандық ЖОО-лардың нарыққа қажетсіз мамандықтарды дайындау жұмысын қайта саралау, нарықты зерттеу, болашақ мамандықтарды игеру болып тұр.Жастар жеке азамат ретінде ғана белсенді
– Адами капитал тұрғысынан жастарды халықтық мәселелерден бөліп қарастыру қате. Сондай-ақ Қазақстан жастар саясатын дұрыс жүргізбеді деп айту да дұрыс емес. Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар саясатына елеулі көңіл бөлінді. Мысалы, қазір ЖОО-дағы гранттар саны 2,5 есеге өсіп, 55 мыңнан асып жығылды. ТМД аумағында аналогы жоқ «Болашақ» бағдарламасы да жүзеге асты. Президенттің бастауымен қолға алынған жастар кадрлық резерві, сондай-ақ өңірлерде, ауылдарда іске асып жатқан «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жас кәсіпкер» сияқты бағдарламалардың жөні бөлек. Әрине, әр бағдарламаны көңіл көншітеді деп айта алмаймыз, бірақ бұл жастар үшін берілген мүмкіндік. Өз басым «Дипломмен ауылға» бағдарламасын сәтті жоба деп есептеймін. Бірақ әлі де жастар тарапынан қаржылай демеу жағынан келіспеушіліктер бар. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үйді салу мүмкіндігі қарастырылса, жөн. Сондай-ақ бұл бағдарламаға ауылдарды ғана емес, кішігірім моноқалаларды да кіргізсе дейміз. Үйді сатып алу қаржысының көлемін арттырса деген тілек бар. Жақында біз «Жастар Отанға» атты 2025 жылға дейінгі бағдарлама бойынша, әлеуметтік сауалнамаларды қарадық. Біз «Қандай да бір жастар ұйымдарына қатысыңыз бар ма?» деп сұрағанымызда, жастардың 81 пайызы ешқандай да ұйымдармен қарым-қатынас орнатпағаны анықталды. Яғни, бұл ұйымдарға деген сұраныс аз. Әрине, сұраныстың жоғынан мықты жастар ұйымдарының да пайда болуы қиын. Жастардың саяси мәдениеті мен жалпы қандай да бір мәселені топпен шешуі де төмен деңгейде. Яғни, олар жеке азамат ретінде белсенді, ал ұжым, топ ретінде белсенділігі төмен.Жастар – үлкен әлеуметтік-демографиялық топ
– Жастар саясаты елдегі саяси жүйенің ажырамас бөлігі. Сондықтан елдегі саяси жүйенің аясынан жастар саясаты да шыға алмайды. Соңғы 10-15 жылдағы жағдайды қарастырсақ, жастар саясатының негізгі екі мақсаты болды. Біріншіден, елдегі жастарды саяси биліктің идеологиясының аясында жинау. Бұл иерархия түрінде ұйымдастырылған күш ретінде байқалды. Сол себептен еліміздегі жастар ұйымдары мен әр өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының барлығына да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Қаржы бөлінді. Екіншіден, жастар саясатының тағы бір мақсаты – елдегі басқарушы класты дайындау. Жастар саясаты арқылы карьера жасайтын азаматтар әкімшілік жүйеде қалады да, осы жолмен басқа да мемлекеттік органдардан орын тауып жатады. Жастар саясаты осындай функция атқарып келді. Ал жастар мәселесін олар қалай шеше алады? Бұл екі әлем, себебі жастар дегеніміз үлкен әлеуметтік-демографиялық топ. Статистика бойынша, елімізде 4 миллионға жуық жас азамат бар. Олардың бәрін түгелдей қамтуға ешқандай ресурс жетпейді.Кәмшат ТАСБОЛАТ