Кісен орнына білезік

Кісен орнына білезік

 

Жоба бар, нәтиже жоқ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбай­лас жем­қорлық фактілерінің жолын кесу 25%-ға артқанын айтқанымен, соңғы алты айда елде аса ауыр қыл­мыс саны үш есеге өсіп кеткен. Биыл­дың өзінде жемқорлық қыл­мыс­тары туралы азаматтардан call-орталыққа 12 мың қоңырау түскен екен. Көпшілігі Алматы, Шымкент қала­лары, Түркістан, Алматы об­лыс­­тарынан. Оның 342-сі сыбай­лас жемқорлықа қатысты болса, 32 ха­барлама бойынша ғана қылмыс­тық іс қозғалған. Бұл тек өткен бес айға қатысты. Ал былтыр жем­қор­лыққа қатысты 32 іс тіркелді. Салыс­тыр­сақ, биыл­ғы жартыжыл­дықтағы көрсет­кіш өт­кен жылғы көр­сет­кішпен теңесіп үлгерді. Яғни, жем­қорлық артпаса, азайған жоқ. Цифр­ландыру ашық­тықты талап етеді. Ал жем­қорлық­пен күресте цифрлан­дыру тосқауыл бола ала ма? Бұл сала толық цифр­ландырылды деп айта алмаймыз. Қазіргі уақытта тек Ақмола, Жам­был, Атырау, Ба­тыс Қазақстан, Пав­ло­дар облыстары және Алматы қаласы қылмыстық іс жүргізудің электрон­ды форматына көшкен. Соңғы жеті ай ішінде электронды форматта 81 қыл­мыс­тық іс бойын­ша тергеу жүргі­зіліп, оның 36-сы сотқа жіберілген болса, қал­ған­дары әлі өндірісте көрінеді. Антикор орталы­ғының Нұр-Сұлтан қалалық ақ­парат­тық-түсіндіру штабының құрылғанына сегіз ай болды. Осы уақытқа дейін халық­пен, еңбек ұжымдарымен 130-ға жуық кездесу ұйымдас­тыры­лып, 120 мек­тепте адалдық сабақ­тарын өткізген. Ал карантин бас­талғалы екі монито­рингтік топ жа­сақталып дәріханалар мен дәрі қоймаларына, тегін берілуі тиіс шет елден келген гуманитарлық көмекті қадағалауға алған. Нәти­жесінде, жиырма шақты сыбайлас­қан жем­қорлық фактісі бойынша қылмыс­тық іс қозғалған. Антикор орта­лығының Нұр-Сұлтан қалалық ақпараттық-түсіндіру шта­бы­­ның жетекшісі Сәдібек Түгел жемқор­лыққа тосқауыл қою үшін, оны шектеу мәселесінде цифрлан­дыру өте қажет екенін, ал осы жүйе­ге дендеп ене алмай отыр­ғаны­мыз­дың өзі жемқорлықтың кесірі екенін айтады. Оның сөзінше, осы бағыт­тағы жұмыстар көңіл көн­шітпейді, жоба бар, нәтиже жоқ.  

Электронды білезік сәнге арналмайды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Цифрлық сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­мет» жобасын әзірледі. Жоба «I-Крим­карта» автоматтан­ды­рылған болжау-талдау жүйесін енгізуді, азаматтар­дың өтініштерін қараудың автомат­тандырылған жүйесін пай­дала­нуды қамтиды. Мәселен, I-Крим­­карта­ның бол­жам­дық-тал­да­м­алық ақпа­рат­тық жүйесі модулі ведомстволық ста­тистика, әлеумет­тік зерттеулер, жа­салған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша деректердің кең ауқы­мын қамтитын, белгілі бір өңірде сыбайлас жемқорлық көріні­сін көрнекі көрсететін цифрлық карта жасауға бағытталған. Инте­рак­тивті деректер базасы әрбір елді мекен бойынша «бір рет басу» арқы­лы криминогендік жағдайды баға­лау­ға мүмкіндік бермек. Осы жоба­ны іске асыру шеңберінде ведом­ство­лық статистика мен есеп­терді қалыптастырудың бүкіл про­цесін автоматтандыру жоспар­ланып отыр. Бұл, әрине адам фак­то­рын азайтуға, есептерді дайындау уақытын қыс­қартуға және кри­миногендік жағ­дайды он­лайн ре­жимде бақылауға мүмкіндік. Алайда оның іске асуы бір басқа. Бізді қызықтырған мәсе­ленің бірі осы жұ­мыстар аясында элетронды білезіктерді енгізу. Елі­мізде қамауда ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолда­нылған азаматтарға электронды бі­лезіктер тағылуы мүмкін екен. Агент­тік өкілдері бұл шаралар оң нәтиже беретініне сенімді. «Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қамауда ұстауға байла­ныс­ты емес бұлтартпау шарасы қолда­нылған кезде элек­трон­дық бақылау құралдарын, яғни элек­трон­ды біле­зік­тер қолдану мәселе­сін пысық­тауда. Озық ха­лық­аралық тәжірибеге сүйене оты­рып, аталған жоба қыл­мыстық процесті ізгілен­діруге және қамауда отырған адам­дарды азайтуға ықпал етеді» деген болатын Цифр­ландыру мәселелері бойынша агент­тік тө­раға­сының көмекшісі Аслан Құсайынов. Алайда адвокат Әлімжан Жұ­бат­ханов электронды білезік жем­қор­лыққа тосқауыл болады дегенге сенбейді. Ал жемқорлық пен қыл­мысқа қатысты азаматтарды қада­ғалу үшін қажет екенін айтады. «Білезік жемқорлықты тоқтат­пай­ды. Бұл сотталмай тұрып, аза­мат­тың бостан­дығын уақытша шек­теуде айыпты тұлғаны қада­ғалап отыру үшін қажет деп ойлай­мын. Мен мұны тек бұлтартпау шара­сында ғана емес, сотталған, бірақ мерізімінен бұрын бостан­дыққа шыққан азматтарға да қол­данған дұрыс деп ойлаймын. Мәсе­лен, тәр­тібінің жақсы болуына байла­нысты мерзімінен бұрын босау деген бар. Оларға ішімдік ішуге, халық көп жиналатын жерге баруға болмайды деген секілді тыйымдар бар. Мысалы, бес жылға сотты бол­ған адам, 3 жылын түзеу колония­сын­да өтеп, мерзімінен бұрын шық­­­ты делік. Ал сол азамат екі жыл бойы пробацияға барып тұруға, тіркелуге міндетті. Түзеу мекеме­лерінің коми­теті тексерген уақытта көбісі өз мекенжайында болмауы мүмкін, оның қайта қоғам­ға зиян келтірмеуіне кім ке­піл? Сондықтан оларға білезік тағылуы керек. Сон­да бақылау кү­шейеді, тәртіп болады. Полиция қылмыс­ты ашу­мен айна­лыса ма, әлде олардың артынан сал­­пақтап жүре ме? Сол себепті элек­трон­ды біле­зіктің көмегі көп, әрі тиісті орган­дардың да жұмысын жеңіл­детеді», – дейді заңгер. Жалпы, орта дәрежедегі қылмыс жасағандардың көбі шартты түрде мерзімді бақылауда болатынын ескерсек, аталған тетіктің пайдасы бар секілді. Шартты түрде сотты болғандар үнемі үйінде отырмауы мүмкін немесе өзге қалаға көшіп, мекенжайын ауыстыруы да ғажап емес. Ал ол азамат өз аумағынан шы­ғып кеткендіктен, жергілікті полиция оны іздеуге береді. Қайта­дан құжат толтырылып, тиісті мате­риал сотқа жолданады, сөйтіп сот пен күштік құрылымдардың жұ­мысына салмақ түседі, қосымша шығын келеді. Бұл – электронды білезіктің пайдалы тұсы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігі мамандары біле­зіктер енгі­зілген жағдайда оның бұлтартпау шарасы қолданылған азаматтарға тағылуы мүмкін екенін айтты. Ал бұлтартпау шарасы сотқа дейінгі процесс, яғни күдікті аза­маттың кінәсі толық дәлел­деніп, сот үкімі шықпаған мер­зім. «Сонда әлі сот­талмаған азаматқа элек­тронды білезік тағу оның құқын шектемей ме?» деген заңды сауал туады. «Ал мерзімінен бұрын босаған адамның қолындағы білезігіне бола жұрт одан алшақтап кетпей ме? Сөйтіп, оның қоғаммен етене байла­ныс орнатуына тос­қауыл болмай ма?» деген сауал­дарды адвокат Әлім­жан Жұбат­ханов­қа қойған едік. Заңгер элек­тронды білезігі бар жандарға өзге­лердің «мы­­нау істі болған екен» дегендей көзқарас танытуы және жұ­мыс­қа орналасуына кедергі бо­луы мүмкін екенін де жасырмады. Жалпы, электронды білезік тағу әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ол біз сөз еткендей, процесті жеңіл­дет­ке­ні­­­­мен азаматтың болашағына кері әсер етіп жатса, тиімді деп айту қиын болар еді. Сондықтан бұл әлі толық зерттеуді қажет ететіні анық. Бұл әзірге жоспар ғана. Ал оның қа­­шан қолданысқа енетіні және ол қан­­дай нәтиже берері әзірге бел­гісіз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ