Жерге ғылыми көзқарас керек

Жерге ғылыми көзқарас керек

Есебін тапқандардың миллион гектарға дейін жері бар. Оны қазіргі тілмен айтқанда, латифундистер деп атайды. Ал жоспары бекем, жұмыс істеуге ниетті кей жандардың жерден несібін таба алмай отырғаны несі екен?!

Президентіміз: «Ауыл шаруа­шылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» дегенді айтты.

Иә, біздің ендігі сүйенеріміз, халқымыздың негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығымен, атакәсібіміз – мал шауашы­лы­ғы­мен тығыз байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде жер мәселесі ушығып тұр. Бұл – ашық ақпарат. Үкімет те, халық та жер мәселесінің өзекті екенін біледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та соңғы өткен Nur Otan-ның съезінде қор­да­ланған мәселені ашық тал­­қылап, әділеттікті айта оты­­рып, ақиқатқа жетуіміз ке­­рек­тігіне ден қойған бо­ла­­тын. Қазіргі уақытта есе­бін тапқандар миллион гек­тарға дейін жерді алып алған. Ғылыми тілде оларды латифундистер дейміз. Ал біреу­лер 2-3 гек­тар ғана жер­мен отыр. Жұ­мыс істеуге ниеті бар, жос­пары да­йын, өндіріске көз жет­кіз­ген­дер мүлде жер ала алмай жүр­гені туралы әң­гі­мелердің тү­бінде шындық жатыр және жері барлар қалай болса солай пайдалануда.

Жерге ғылыми көзқарас ке­рек. Жердің құнарлығын сақ­та­май болмайды. Құнар­лығын сақтау үшін минералды тыңайтқыш қажет. Бүгінде органикалық таза өнім ала­мыз деп минералды тыңайт­­қыштарды қолданбай, то­­пы­­рақтың құнары тө­мен­деп, жердің қарашырыны өте на­шар жағдайға түсіп кетті. Ол біздегі өнімнің тө­мен­дігінен байқалып отыр. Мысалы, шет елдерде бір гектар жерден 70-80 центнер бидай алса, бізде орта есеп­пен 13-14 центнер ғана өнім шығады. Бұл неліктен? Жер­дің құнарсыздануынан, тыңайтқышты дұрыс қолдан­ба­ғаннан. жерді жыртып-се­­буді, күтіп-баптауды біл­­­­­­­­мегеннен немесе мән бер­­ме­ген­нен, ғылыми көз­қа­растың жоқтығынан. Бұл – біріншіден. Екіншіден, таза өнім алу үшін минерал­ды тыңайтқышты қол­дан­­бай, тек қана органика­лық тыңайтқыштар пай­­­­да­­­лануымыз керек деген көз­­­қарас алға шығып тұр. Ми­не­ралды тыңайтқыштарды өте көп мөлшерде қолданса, залал бар. Қазіргі біздің қол­да­нып жатқан минералды тыңайтқыштар мөлшері орта есеппен бір гектарға шаққанда 2 келіден ғана келеді. Ал шет елдерде гектарына 150-ден 180 ке­ліге дейін қоректік заттар қолданады. Егер минералды тыңайтқыш қолданбаса, топы­рақтың құнары кеми береді де, түбінде өнім бермей қалады. Сондықтан минералды ты­ңайт­қыш пайдаланбау ке­­рек деген дұрыс емес. Осы­­­­­дан он жыл бұрынғы зерт­­­теу­­­­лер бойынша, топырақ құ­на­­рындағы қарашырын 25%-ға дейін төмендеп кет­кен. Бұл – топырақты тыңайт­пау­дың кесірінен. Егер біз осы бетімізбен кете берсек, енді он жылдан кейін қарашырын тағы 25%-ға төмендеп, құнар­сыз­дық 50%-ға жетсе не болады? Демек тыңайтқыш беру қажет.

Мысалы, суармалы жерлерге азот пен фосфор тыңайтқышы керек. Ал шөл мен шөлейт жер­­лерде негізінен фосфор ты­­ңайтқышы қажет. Егер суар­ма­лы жерлерге фосфор мен ка­лииді енгізсе, ол жерден 35-40%-ға дейін қосымша өнім алуға болады және сапасы да жақсарады. Мәселен, Қа­зақ­стандағы топырақтың бір­неше типтері бар. Ол тип­­тер құнарлығы арқылы бел­гіленеді. Агрохимиктер, топы­рақтанушы мамандар Қаз­ақстанның барлық жерін­де зерттеулер жүргізген. Қандай өсімдікке нендей тыңайтқыш пайдаланылады, қандай дақылға қандай қо­рек­тік зат қолдану кере­гі ғылыми тұрғыда дәлел­ден­ген. Алайда мәселе сол ғылыми дәлелденген, зерт­телген дүниелердің өнді­ріске енбей тұрғанында. Топырақтың құнарын білу, ты­­ңайтқыштарды пай­да­лану­дың бәрі қаржыға келіп тіреледі. Сол себепті, жер шаруа­шы­лығындағылар жердің байлығымен ғана өнім алуды жөн санайды. Ғылым жоқ деген – бос сөз. Агроғылыми зерт­теу институттарында топы­рақ типтері жөнінде тыңайтқыш пайдаланудың мөлшері бекітілген деректер бар. Мәселе сол ғылыми де­рек­­тердің қолданылмай отыр­ғанында.   Сол деректерді қай­тадан көтеру керек. Ескір­ген деректерді бүгінгі жағдайға қарай жаңарту қажет. Елімізде жылына орта есеппен 1млн 350 мыңдай тонна тыңайтқыш шы­­ғады. Соның 85%-ы шет­ел­ге сатылады, 15%-ын ғана өзі­міз қолданамыз. Де­мек, шы­ғарып отырған ты­ңайт­қыш­тарымызды шетке беріп, өзімізге шектеп, топырақтың құнарлығын қолдан төмен­де­тіп отырмыз. Тағы бір айта кететін жайт, бұрынғы уақытта өнім алқабы арықпен суа­ры­ла­тын. Қазір Қытай ойлап тап­қан тамшылатып суара­тын инновациялық тәсіл бар. Міне, біз шетелдің осындай қажетті, тиімді дүниелерін алуымыз керек. Тамшылатып суарудың экономикалық тиімділігі зор, экологияға залалдың алдын аламыз.

Қазақстанда 85%-ға дейін шөл және шөлейт жерлер. Суар­малы жер негізінен Қызы­лорда, Түркістан аймағында, Алматы облысында. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанның 2,5 млн гектар жері суармалы болған. Ал қазіргі кезде 800-850 мың ғана гектар қалды. Әртүрлі ақпа­раттарда 1,5 млн деп ай­та­ды, бірақ бұл шындыққа жанас­пайды. Дұрысында, ары кеткенде 850 мың гектар жерді ғана пайдаланып отырмыз. Кезінде сол 2,5 млн гектар жер агроөнімнің 25%-ын беріп тұрды. Ал қазір бұл өнім жоқ. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­да­уын­да айтқандай, суармалы жерді 3 млн гектарға дейін көбейтіп, игеруіміз керек. Егер бұл мақсатқа жететін бол­сақ, ауыл шаруашылығы өнімі 4,5 есе көбейеді деген болжам бар. Әрине, суармалы жерді 3 млн гектарға жеткізу керек дегенді айту оңай да, ол дәрежеге бару үшін көптеген жұмыс қажет. Топырақты зерттеу қа­жет, нешетүрлі химиялық рео­генттер керек. Қажетті жұмыс­тарды ғылыми негізде жасайтын болсақ, әрине үлкен жетістіктерге жетеміз. Мысалы, суармалы жерде күріш, қант қызылшасы, жүгері, майлы дақылдар, мақта, көкөністер өсіріп, әсіресе, жайылым мәсе­лесін дұрыс шешу керек. Жайылымның көлемі көп, бірақ оны дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Жайылым дұрыс пайдаланбағаннан кейін мал басы көбеймейді және малға қажетті қоректік азықты бере алмай отырмыз.

Қазақстанда 222,5 млн гек­тар жер бар. Оның 90 млн гек­та­ры ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Оның ішінде 22,5 млн гектары – егістік пен астық дақылдары және суар­ма­лы жер. Осыдан 15 жыл бұрын бұл көлем 32,4 гектар болатын. Бұл – жеріміз байтақ, көлемі кең, бай болғаннан кейін бұрынғы пайдаланылған жерді тастап, басқа жерден ала береміз деген сөз. Олай істеуге болмайды. Қалай болғанда да, жерді күтіп-баптауымыз қажет. Пайдаланған жерді қалай болса солай тастап кете берсек, болашақта нешетүрлі аурулар шығуы, экологиялық зар­дапқа ұрынуымыз мүм­кін. Зиянкестердің пайда бо­луының себебі мен басты қате­лігіміз сонда. Сол үшін жерді нақтылап, қадағалап, реттеп, зерттеп қарайтын болсақ, әрине жақсы өнім аламыз. Енді осы жерді басқаға жалға берсе, сатса не болар еді? Өзіміз жер қадірін білмей отырғанда, Қытай немесе басқалар қаді­рін біле ме? Сондықтан Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жеріміз шетел­дік­тер­ге сатылмайды, оған жол бер­меуіміз керек» дегенін қос қолдап қолдаймын. Барлық ел-жұртты осыған шақырамын.


Рақымжан ЕЛЕШОВ, 
ҰҒА, РАҒА академигі