«Халықтың тауық болмаса, балық сатып алатын жағдайы жоқ» – министр маңызды мәселені айтты
«Халықтың тауық болмаса, балық сатып алатын жағдайы жоқ» – министр маңызды мәселені айтты
Фото: Интернеттен алынды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығын дамыту, су қоймаларында балық өсірудің көлемін арттыру мәселесін көтерді. Жиында шетелде балықтың тұтыну көлемін салыстырып айта келіп, Қазақстан халқы балықты ең аз тұтынатын ел екенін айтты.
«Қазақстан балықты аз тұтынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде бір адам 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық әлеуеті 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін», – дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Сөйте тұра Қазақстан 36 мемлекетке балық өнімдерін экспорттайды. Оның ішінде, көксеркеге сұраныс өте жоғары екеніне тоқталды.
«Біздің еліміз өзінің бай әрі бірегей табиғатының арқасында айтарлықтай қуатты балық шаруашылығы қорына ие. Бұл бағытта экспорттық потенциал жоғары. Еліміздің балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна, экспорт – 30 мың тонна, импорт – 43,5 мың тонна», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Балық бағасын қазіргіден де қолжетімді ету үшін балық шаруашылығы саласындағы қордаланған проблемаларды шешу керек. Министр балық шаруашылығына 407 миллион теңге субсидия бөлінгенімен, әлі де проблемалар шаш етектен. Мағзұм Мырзағалиев болашақта осы саланы жүйелі дамыту арқылы балық өндірісін 600 мың тоннаға жеткізіп, 100 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екенін айтты. Осы бағыттағы министрліктің жобаларды жүзеге асыру үшін Үкімет басшысы Асқар Маминнен қолдау көрсетуді сұрады.