Тегін оқытқан тиімді ме?

Тегін оқытқан тиімді ме?

2020-2021 оқу жылына мем­ле­кет тарапынан 53 771 грант бөлінген. Оған қоса, жергілікті әкімдіктер бөлетін грантты тағы қосыңыз – 2 540. Негізі, әу баста шектік ұпайды алғандар саны 80 мыңнан асып жығылғанда грантқа үміткерлер саны сонша болуы мүмкін деп бағамдаған едік. Әйтсе де, ең төменгі ұпай, айталық 52-53 балл жинағандар грантқа түсуге мүмкіндік жоғын біліп, құжат тапсырмаған сыңай­лы. Сөйтіп, биыл мемлекет қар­жы­­сына оқуға түсуге 62 677 тү­­­­­­лек бақ сынаған. Демек, бар­лық грантты қосқанда биыл та­­­лап­керлердің 89,84 пайызы тү­­се алуы мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз, ректор грантының кім­ге және қанша бөлінетіні әзір­ге белгісіз. Бір анық: грант аз емес. Былтырғы оқу жылында 53 785 грант бөлініп, 64 452 үміткер қатысқан. Жергілікті атқарушы органдардың грантына келсек, Шығыс Қазақстан облы­сы – 400, Ақмола облысы – 250, Нұр-Сұлтан қаласы 200 грант бө­­­­ліп, талапкердің талабын шың­­­дамақшы. Ең аз грант бөл­ген – Ба­тыс Қазақстан облысы (30 грант). Бұрын талапкерді ЖОО таң­дайтын болса, биыл бәрі бас­­­­қаша. Кімнің ұпайы жоғары болса, таңдау – соның еркінде. Сұранысқа келсек, осы жылы да «Ақпараттық технологиялар» алда. Бұл мамандыққа 2 468 грант бөлінген. Болашақ ІТ-ма­мандарын еліміздің 49 оқу ор­нында дайындайды. Дәрі­герлердің білім алуы үшін бө­лін­­­­ген биылғы грант саны 2 700 екен, ал педагогика сала­сына жалпы саны  8 мыңға тар­та бюджеттік орын бар. Со­­­ның ішінде «Мек­тепке дейін­гі білім және тәрбие» (789 грант) мен ағылшын тілі пәні­нің мұғалімі (760 грант) мамандығына сұраныс жоғары екенін байқадық. Педагогика саласында сұранысы төмені – «Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімін даярлау». Бұл бағытта республика бойынша бар болғаны 20 грант бөлініпті. Айтқандай-ақ, педагог болу бұрынғыға қарағанда қиындай түсті. Өйткені шектік балл өсті. Былтыр кемі 60 балл жинау қа­­­жет болса, биыл бұдан 10 ұпай жоғары алмаса, конкурсқа қа­тыспайды. Екі жыл бұрын мұ­ғалім болу үшін 50 балл жинау жет­­­кілікті болған. Сонымен бір­­­ге «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» – 65-тен, «Ауыл шаруашылығы мен биоресурстар», «Ветеринария» үшін 60-тан аз алуға болмайды. Грант саны қанша көбейсе де, сапаның өсіп жатқаны аса байқалмайды. Олай дейті­ні­міз, 2018 жылдан бері Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы бірлесіп, тәуел­сіз сараптама жүргізіп келе­ді. Жоғары оқу орындары рей­­тин­гі 17 критерий бойынша анықталады. Оның ішінде ма­мандық бойынша жұмысқа орна­ласқан түлектер мен олар­дың орташа жалақысы есептеледі. Нәтижесінде, білім беру бағдар­ламаларының 73 па­йы­зы күтіл­ген нәтижені бермейтін болып шықты. Сапалы білімнен гөрі «диплом деген аты болсын» дей­тіндердің көп болуы бұған тікелей себеп болады. Еңбек нарығына үлес қо­сып, жұмысқа орналасып ке­те­тіндердің үлесі  – рейтинг нә­ти­­жесінде 74 пайыз. Оқу ор­нын тәмамдаған түлектер ор­­та есеппен 3,5 айдай жұмыс іздеп жүреді деседі. Ал жылдам жұмысқа орналасатын – «Көлік құрылысы» мамандығын бі­тір­гендер. 5 ай табанынан тау­сы­лып, қызметке орналасу үшін сабылатын «Шетел фило­логиясы», «Стоматология» және «Кеден ісін» аяқтаған түлектер. Тегін грант тарату үрдісіне қатысты білім саласы сарап­шысы Нұрмұхамед Досыбаев оң пікірде екенін айтып отыр. Түгелдей тегін болса, тіпті ке­ре­мет деседі. «Германияда же­ке­­меншік оқу орны өте аз, ал Финляндияда мүлдем жоқ. Ел­­­дің экономикасына қажет мамандарды дайындайтын бі­лім беру мекемелері көбіне мем­лекеттік әрі тегін оқытады. Сөйте тұра, ондағы талапкерлер бакалавр деңгейінде білім алуға құштар емес. Себебі оларда білім жүйесі экономикамен ты­ғыз байланысқан», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, Германия мен Финляндияда академиялық білімді талап етпейтін жұмыс орын­дарына кәсіптік-техни­калық оқу орындарының тү­лек­­тері тартылады, мемлекет та­рапынан қаржыландырылады. Өйткені олар елдің әлеуетін арт­тыратын жұмыс күші сана­лады. Әрі колледжде оқуды еуро­палықтар ар санамайды. «Бізде адамдар колледжде оқуға ұялады. Ондай түсініктің қалыптасуы бекер емес. Себебі білім сапасы төмен, колледж бітіргендердің нарыққа, жұмыс берушілерге қажетті машығы бола бермейді. Қанша жерден дуальды оқыту туралы айтылғанымен, нәтиже аса көрінбей жатыр. Дұрыстап қолға алмаған соң колледжде мектептен шығып қалғандар, тәртібі нашарлар оқиды деген пікір қалыптасады», – деді Н.Досыбаев.  Қалай десек те, грантқа түс­кені туралы сүйінші хабарды ес­­туге әркімнің-ақ таласы бар. Тіпті, оқу орнына жолдама ал­мағандардың суицидке барған жағдайлары да аз емес. Ұлының ұлттық университет студенті еке­нін айтып мақтанғысы кел­етін ата-ана, қызының колледж­де оқитынынан ұялатын ата-ана азаймайынша, арман жо­­­­­лын­­да мақсат қуған түлектер кө­бей­мейінше жағдайдың оңа­луы екі­талай сыңайлы.  

Жадыра АҚҚАЙЫР