Еурокубоктағы тартыс қыза түсті
Еурокубоктағы тартыс қыза түсті
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
Содан бері әр күні финалдық ойындарға бергісіз кездесулер кезекпен кезек жалғасын тапты. Жартылай финалға берілетін алғашқы жолдаманы италиялық «Аталанта» мен франциялық «Пари Сен-Жермен» командалары сарапқа салды. Чемпиондар лигасына бірінші рет қатысқан «Аталанта» 2020 жылы үздік ойынымен ерекше есте қалды. Франция чемпионымен өткен тар­тысты кездесуде де сенсация жасаудың аз-ақ алдында болды. Ойынның 90-шы минутына дейін 1-0 есебімен жеңіліп жатқан Томас Тухелдің шәкірттері айналдырған 3 минуттың ішінде жеңісті қарсыласынан жұлып алды. Неймардың пасын оңтайлы пайдаланған Маркиньос есепті теңестіріп, артынша көп уақыт өтпей Мбаппенің ша­буылға араласуымен Шупо Мотинг жеңісті голдың авторы атанды. Ал өткен жылы бұл турнирдің чемпионы атанған ағылшындық «Ливерпуль» коман­дасын жарты жолдан қайтарған азулы «Атлетико» немістің «Лейпцигінен» 2-1 есе­бімен жеңіліп, жартылай финалға өте ал­май қалды.  

«Барселонаны» үлкен өзгеріс күтіп тұр

Чемпиондар лигасының ширек фи­налын­дағы «Бавария» мен «Барселона» арасындағы кездесуді көпшілігі финал алдындағы финалға балаған. Бірақ бұл ойында «неміс машинасы» каталондық клубтың тас-талқанын шығарды. Футбол жанкүйерлері ойын соңында мұндай ірі есеп тіркеледі деп ойлаған жоқ. Бұл кездесуле әр таймда төрт голдан соғылды. Соның тоғызын «Бавария» ойыншылары салды. Ірі есеппен жеңілген «Барселонада» алдағы маусымнан бастап үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Бас бапкер Кике Сетьен клубтан кетті. Ал клубтың спорттық директоры Эрик Абидаль командамен қош айтысады деген ақпараттар желдей есуде. «Барселонаның» негізгі жұлдызы Лионель Месси алдағы мау­сымнан бастап клуб ауыстырады деген сыбыстар да тарады. Каталондық клубтың жаңа дәуірі басталар күн де жақындаған шы­ғар...  

Дәрменсіз «Сити» немесе азулы «Лион»

Лиссабон қаласындағы «Жозе Алваладе» стадионында да көпшілік күтпеген сен­сациялық жеңіс тіркелді. Әу бастан Чем­пиондар лигасының басты фавориті саналған ағылшындық «Манчестер Сити» финал тұрмақ, жартылай финалға да жете алмады. Руди Гарсияның командасы қарсыласын қарымта шабуылмен жазалады. Бір сөзбен айтқанда, «Лион» футболшылары бұл ойында өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алды. «Қалалықтар» араға біраз уақыт салып қана есепті теңестірген. Артынша Де Брюйненің голына француздар екі голмен жауап қатты. Қосалқы құрамнан алаңға шыққан Дембеле он минуттың ішінде дубль жасап, «Манчестер Сити» командасын дәрменсіз күйге түсірді. Қорыта айтқанда, Хосеп Гвардиоланың шамасы тек Зидан баптаған «Реал Мадрид» командасына ғана жетті. Ал туриндік «Ювентустен» айласын асырған «Лион» ойыншылары енді «немістің машинасын» тоқтатуға бар күшін салады. Енді Чемпиондар лигасының 1/2 финалында ПСЖ мен «Лейпциг», «Бавария» мен «Лион» командалары кездеседі.  

«Севилья» финалға жолдама алды

Кёльн қаласындағы «Райн-Энерги» cтадионында испаниялық «Севилья» мен ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командалары кездесті. Бас қазы Феликс Брыхтың ысқырығы естілісімен, Еуропа лигасының бес дүркін чемпионы «Се­вилья» командасының футболшылары ағылшындық клубтың айып алаңына бет­теді. Алайда «қызыл сойқандар» да қа­­рап қалмады. Қарымта шабуылмен қар­сыласты әбігерге салды. Сондай сәттердің бірінде  Бруно Фернандешке қар­сы ойын тәртібі бұзылып, Яссин Буну қорғаған қақпаға 11 метрлік айып добы белгіленді. Андалусиялықтар алғаш болып гол жібер­генімен, ойын соңына дейін жасыл алаңда белсенді қимылдап,  2:1 есебімен жеңіске жетті. Негізі, Еуропа лигасында «Манчестер Юнайтедтің» жолы жеңіл болды. Австриялық ЛАСК пен даниялық «Копенгагенді» жеңген ағылшындықтардың соңғы аялдамасы «Се­вилия» командасымен жолыққанда аяқ­талды. «Рома» және «Вулверхэмптонды» жарыс жолынан шығарған Джулен Лопе­тегуидің командасы «сүйікті» Еуропа лига­сын тарихта алтыншы рет жеңіп алу­ға жа­қын. Енді олар бір рет серпілсе, чем­пиондықтың да ауылы алыс емес. Газет беттеліп жатқанда екінші жар­тылай финалда италиялық «Интер» мен украиналық «Шахтёр» командалары ара­сындағы кездесу өтіп жатты. Қос коман­даның да Еуропа лигасының чемпионы атануға мүмкіндігі бар. Финалға бір-ақ қадам қалды. Бұл кездесуде жеңіске жеткен команда Еуропа лигасын 5 рет жеңіп алған, аталған турнирдің королі «Севильямен» финалдық ойынды сарапқа салады.  

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ