Шардара аудандық полиция бөліміне аудандық орталық ауруханада ұрлық болғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Арызда белгісіз адам ауруханаға қабылдау есігі арқылы кіріп, ашық қалған мәжіліс залында тұрған бір дана компьютерді (моноблок) клавиатурасымен қосып ұрлап кеткені көрсетілген. Келтірілген шығын көлемі – 230 мың теңге. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде, ауруханаға тиесілі техникалық құралдарды жымқырған күдіктінің жеке басын анықтап, ол аудан көшелерінің бірінен бір сағат ішінде табылды. Бұрын бірнеше рет сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ұрлаған компьютерді азық-түлік дүкендерінің бірінен өзіне қажетті заттар алып, кепілге қойып кеткен. Айғақты заттар тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды, – деп хабарлады аудандық полиция бөлімі. Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатпен босатылған.
М. ЖАЛҒАСҰЛЫ