Коронавирусқа қарсы күреске қарастырылған қомақты қаражат науқастарға медициналық көмек көрсетуге, медицина қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеуге, стационар деңгейіндегі ПТР-диагностикаға, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық көмек деңгейіндегі ПТР-диагностикаға бағытталыпты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалы басшысы медицина қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеу сомасының едәуір артып, бұл көрсеткіш шілде айында 1,52 млрд теңгені құрағанына да тоқталды. «Республикалық бюджет қаражатынан Алматы облысының медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 2,89 млрд теңге бөлінді. Ай сайын коронавирус инфекциясы бойынша 1 447-ден 5 362 қызметкерге дейін үстемеақы төленеді», – деп атап өтті ол. Жалпы, науқастарды емдеуге 3 455 медицина қызметкері жұмылдырылған. Ауыр науқастарға кеңес беру үшін аудандық және облыстық деңгейде облыстың жетекші мамандары тартылған екі орталық жұмыс істейді. Осы аптада ауыр науқастардың саны 32% - ға азайып, жағдайдың 20% - ға жақсарғаны байқалған.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы