Зейнетақы жүйесін жетілдіру жалғасады
Зейнетақы жүйесін жетілдіру жалғасады
263
оқылды
Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін одан ары жетілдіру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Үкіметтің кеңейтілген оты­рысынан кейін бірден бас қос­қан жұмыс тобы Президент тап­сырмасын бір пысықтап ал­ды. Жиынға Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов, «Қа­зақстан қаржыгерлер қауым­дастығы» ЗТБ кеңесінің тө­рағасы Елена Бахмутова,  First Heartland Jysan Bank АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев, Пре­зидент­­тің штаттан тыс кеңес­шілері Тамара Дүйсенова жә­не Олжас Құдайбергенов, сон­дай-ақ мем­лекеттік ор­ган­­дар мен үкіметтік емес ұйым­дар­дың, «Атамекен» ҰКП өкіл­де­рі, сарапшылар мен қоғам қай­раткерлері қа­тыс­ты.

«Жалпы, Мемлекет бас­шы­сы жұмыс тобының ұсы­ныс­­тарын қолдады. Енді Пре­зи­денттің тапсырмаларын ескере отырып, жұмысымыз­ды жалғастыру қажет, оның ішін­де зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртуды жеделдету, әкім­шілік шығындарды қыс­қар­ту, ең төменгі жалақы кө­ле­мін және жинақтаушы зей­не­тақы жүйесінің тиімділігін арт­тыру мәселесін пысықтау ке­рек», – деп атап өтті Б. Са­пар­­баев.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл ортасына дейін зейнетақы жүйесін ре­фор­малауға қатысты шешімді ай­қындауды тапсырған. – Баспана сатып алуға жә­не өзге де қажеттіліктерге зей­нетақы жинағының бір бө­­­­лігін пайдалануға қатысты маңызды мәселені шешу үшін ал­ғашқы қадам жасалды. Біздің мақ­сатымыз – адамдарды қар­тайған кезде лайықты зей­не­та­қысыз қалдырып, барлық жи­нағын қазір бере салу емес, – деген болатын Президент. Осы тапсырмаға орай жұ­­мыс тобы зейнетақы жи­нақ­­тарының бір бөлігін пай­­­далану бастамасын іске асыру бойын­ша жұмысты жал­ғас­тыр­мақ.

«Тұрғын үй сатып алу және қым­бат тұратын емге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пай­далану ұсынысына қолдау біл­дірілді. Бұл құқықты пай­далана алатын азаматтарды ке­зең-кезеңмен қамтуды арт­тыру­ды ескерумен қосымша есеп­теулер жүргізу қажет», – де­ді Б.Сапарбаев. 

Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев үкі­мет отырысында жалақыны кө­леңкеден шығаруға ынта­лан­дыру қажет екенін айт­қан. Яғни, адамдар жұмыс беру­шіден зейнетақы жарнама­сын аударуды талап етуі тиіс. – Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Мұндай мүмкіндіктер берілетін азаматтардың аясын бір­тіндеп кеңейте беру қажет. Со­нымен қатар зейнетақы жүйе­сін жаңғыртуды жеделдету де қажет. Оның төңірегінде де пікірталас көп. Дегенмен жыл­дың орта­сында біздің ше­шімдеріміз бен әдістерімізді ай­қындау керек, – деп тапсырды Пре­зидент.   Дастан ДУМАНҰЛЫ