Атырау облысында тұратын Тілекқабыловтар отбасы шағын әмбебап автобусқа ие болды. Олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысты. Аудан ішінен іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Кезекті кезеңде 16 отбасының арасынан топ жарып, Нұр-Сұлтан қаласындағы қорытынды сынға жолдама алды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Елбасы Жарлығымен 2013 жылдан бері өтеді. Байқауға еліміздің 16 аймағынан қатысушылар келеді. Шымкент мегаполис статусына ие болған соң, биыл жобаға 17 өңір қатысты. Жыл сайын байқауға 1 500-ден астам өтінім түседі. Аудан-қаладан іріктелген отбасы облысқа өтіп, облыстан өткендерді ақтық мәре күтеді.
«Қазақстан» орталық концерт залындағы марапаттау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Сенат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Президенттің мерейлі отбасыларға арнаған құттықтау хатын Бердібек Сапарбаев оқып берді.
«Халқымыздың ұлттық және отбасылық дәстүрге беріктігі қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасымен мерекелер күнтізбесіне Отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шара сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-әдет ғұрыптың, салт-дәстүрдің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша мән беріп, өнегелі әулеттердің өрісін нығайтуға ықпал етеді. Бұл конкурсқа қатысушылардың барлығын жеңімпаз деп айтуға болады. Өйткені осы конкурсқа қатысқан әрбір отбасы мерейлі» деп жазылған Президент құттықтауында.
«Қазақстан» орталық концерт залындағы марапаттау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Сенат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Президенттің мерейлі отбасыларға арнаған құттықтау хатын Бердібек Сапарбаев оқып берді.
«Мерейлі отбасын» анықтау үшін ел тұрғындары SMS-пен және интернет арқылы дауыс берген. Дауыс беру нәтижесі бойынша атыраулық Тілекқабыловтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атанды. Отбасына сый ретінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған шағын автобус кілті табысталды. Сонымен қатар әр өңірден келген отбасыға диплом және түрлі тұрмыстық техника сыйға берілді.
– Біз өте бақытты жанұямыз. Ұстаздар шыққан әулетпіз. Атырау облысы Есбол ауылынан келдік. Үйде 83 жастағы анамыз бар. Барлығы – сол кісінің арқасы. Анамыз «Алтын алқа» иегері, өзім де көпбалалы анамын. «Ұстаз ұлтты тәрбиелейді» дейді. Ұлтпен қатар отбасының ұйытқысы болуға тырысамыз. Байқаудағы жеңіске ұл-қызымызды жақсыға үйретіп, елінің еңсесін көтерер ұрпақ ретінде тәрбиелегеніміз сеп болды, – дейді Нарни Тілекқабылова.
Айбике ЖАНАСЫЛ