«Nur Otan» партиясының праймериз науқаны қыза түсті. Жамбылда өтінім берушілердің қарасы күн санап артуда. Кеше көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі азамат, өзге ұлт өкілдері құжаттарын тапсырса, бүгін әріптесіміз Мадияр Қарабаев та тәуекел етті. Мадияр Бақытбекұлы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі. Жасы 26-да. Ол аудандық деңгейде бақ сынап жатыр. – Бала кезден депутат болуды армандадым. Ал «Nur Otan» партиясының праймеризі осы арманыма қол жеткізуге жол ашып отыр. Мәслихат депутаттығына өзімнің туып-өскен Кенен ауылынан түскім келеді. Себебі ол елді мекеннің тау-тасына дейін жақсы білемін. Егер көздеген мақсатыма жетіп жатсам, ең бірінші ауылдың ауызсу мәселесін шешсем деймін. Одан кейін жол сынды түйткілдерге де көңіл бөлгім келеді. Ал ең бастысы ауылдан шыққан жастарды өнер мен спортқа итермелеуді мақсат тұтып отырмын. Әрине бәрі бірден бола қалмайтынын түсінемін. Алайда журналистика саласында жинаған тәжірибеммен өзекті мәселелерді биік мінберлерде көтеріп, ел үшін қызмет еткім келеді, – дейді Мадияр. Біз де әріптесіміздің арманы орындалсын деп тілейміз. Ал ең бастысы праймеризге БАҚ өкілдері де өзіндік үнін қосып жатқаны қуантады.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы