«Фариза» аншлагпен өтті

«Фариза» аншлагпен өтті

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «Фариза» спектаклінің премьерасы қойылды. Идея авторы әрі продюсері – Айнұр Көпбасарова.

Бір қызығы, осыдан біраз уақыт бұрын Фариза ақын продюсердің түсіне кіреді. Ол түсінде продюсерді сахнаға алып шығады. Қасында Мұқағали Мақатаев болады. Айнұр «Бұл түс маған бекер кірген жоқ, ақын жайлы спек­­такль қою керек» деп ой түйе­ді. Содан осы мақсатта жұ­мыс істей бастайды. Шы­ғар­­машылық топтың бұл спек­­такльді қоюдағы мақса-
ты – елі­мізге танымал тұлға­ның өміріне, жан дүниесіне терең бойлап, оны үлгі-өнеге тұту, көпшілікке ой тастау.

Фариза – сыршыл жыр­­лары­мен, мінезінің күр­де­лі­­гімен, шын­шыл­дығымен көп­шіліктің жадында қалған дара тұлға. Оның образын ашу, болмысын көрсету оңай емес. Орталық ақынның өмі­рі туралы пьесаны жазуға Роза Мұқанованы таңдады.

– Егер бас продюсер және идея авторы Айнұр Көп­ба­са­рова болмаса, бұл шы­ғар­ма жазылмаған болар еді. Бұл шығарма бәлкім жазылар, бірақ Айнұр болмаса, сахна­да қойылмас еді. Осы киелі сах­наға «Мәңгілік бала бей­не­ден» кейін араға 22 жыл салып шығып тұрмын, – деді драматург Роза Мұқанова. – Фариза – дара. Мұқағали қа­зақ поэзиясында қандай алып тұлға болса, Фариза – соның егізі. Ақын туралы әлі талай дүние келер, оған талай шығарма арналар. Қазір осындай үлкен еңбек­ті ел алдына шығарған про­дю­серлік компанияны атап өтпеуге болмайды. Өйткені өнер өте нәзік. Фариза апам айтқандай, қаражаты бол­ма­са, байлығы болмаса, өнер үлкен сахнада көрініс таба алмайды. Сол нәзік өнерді жапа шектірмей, аяқкиімін ақжем қылып тоздырмай, қолыма қалам ұстатып, «Роза апа, Фаризаның жақсы көрген сіңлісі едіңіз, үлкен де болса сізбен дос болған еді. Сіз Фари­за апаға арнап шығарма жаз­бауыңыз мүмкін емес» деп ұсыныс жасаған өнер­сүйер бауырларыма басымды иіп, рақмет айтқым келеді.

Спектакльдің режиссері – Фархат Молдағали. Бас­ты рөлді сомдау «Да­рын» мем­лекеттік сыйлы­ғы­ның лау­реаты Назгүл Қараба­ли­на­ға бұйырды. Сондай-ақ театр және кино актерлері Қуандық Қыстықбаев, Лей­ла Бекназар-Ханинга мен Ер­лан Кәрібаев та спек­такль­дің көрерменнің көңілі­нен шы­ғуы­на барынша атсалыс­ты.

– «Фариза» спектаклі – өте қым­бат ақшаға қойылған жо­ба. Егер осы шығынды кө­те­­­ре алатындай тапсырыс бол­­­­­са, спектакльді қойып бе­­­­ре­міз. Бұрын-соңды мұн­дай жоба болмаған. Бұл спектакль – біздің кім екенімізді таныта­тын үлкен жоба. Сон­дық­тан оған жұмсалған қара­жат өзін-өзі ақтайды дей ала­мын, – дейді спектакльдің әде­­би редакторы Шынар Ома­ро­ва.

Спектакльді алдағы уа­қыт­­та Мәскеу мен Нұр-Сұл­тан­да сахналау жоспарланып отыр.


Гүлнар ТӘЖИЕВА