Журналист қыз қоғамға іріткі салатындармен күреседі – «Праймериз-2020»
Журналист қыз қоғамға іріткі салатындармен күреседі – «Праймериз-2020»
«Nur Otan» партиясының праймеризі Түркістан облысында қызу басталып кетті. Кешеден бері түрлі бағыттағы сайлауалды бағдарламаларын ұсынған 60 жуық үміткер праймеризге құжат тапсырды. Өңірдегі қыз-келіншектер де қарап қалып жатқан жоқ. Мәселен, Малика есімді  журналист қыз ақпараттық қауіпсіздікке қатысты  мәселені ұсынды. Биылғы праймериздің ерекшелігі, әйелдер қауымына үлкен мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысында да саяси додаға қатысуды жөн көрген қыз-келіншектер саны артуда. Алғашқы күні олардан 3 өтініш тіркелсе, 18 тамызда, яғни, праймериздің екінші күні де бірнеше құжат қабылданды. Солардың бірі – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Малика Сейтбекова. Бүгінде Сарыағаш ауданындағы «Сәт» телеарнасының бас редакторы болып қызмет атқаратын журналист праймеризді жастарға берілген мүмкіндік деп бағалайды. – Қазір Қазақстан үлкен індетпен бетпе-бет келіп отыр. Қаншама отбасы коронавирустан зардап шекті. Бұл – мәселенің бір беті. Ал енді жағдайдың екінші жағы туралы аздап айталық. Себебі мені праймеризге жетелеп келген осы жайт. Пандемияның кезінде сақтық шараларын сақтамағандар, COVID -19 дертін саяси сандыраққа теңегендер де, елді адастырып, жалған қауесет таратқандар да болды. Сондықтан мен кез-келген ақпараттың шынайылығын бағамдап, қоғамға іріткі салу үшін айтылған орынсыз ойды саралай алатын, «Самарқанды су алыптыға» сенбейтін,  пиғылы арамның айтағына көнбейтін, өз құқығын қорғай алатын, пайдалы жарқын бастамаларды қолдай алатын сауатты да салауатты ортаны қалыптастыру идеясын қолдаймын. Егер ел сенім білдірсе, осы идеяны жүзеге асыру бағытында қолдан келгенінше еңбек етемін, – дейді журналист Малика. Әсел Баймаханова қыз - Праймериз Түркістан облысы, Ордабасы ауданынан праймеризге құжат тапсырған Әсел Баймаханованың да мақсаты – қоғамға қызмет ету. Екі перзент тәрбиелеп отырған жас келіншек жастар саясатын жандандыруды көздеп отыр. – Праймериз біз секілді белсенді жастарға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Қоғамдағы өзекті проблемаларды шешу жолын ұсынып, туған өңірді гүлдендіруге үлес қосқым келеді, – дейді Әсел. Түркістан облысының өзге аудан-қалаларында да праймеризге үміткерлер белсенді түрде тіркеліп жатыр. Құжаттарды тіркеу 28 тамызға дейін жалғасады.

Тельман БЕЙСЕНОВ