Партияның ең сенімді әрі белсенді мүшесін анықтау мақсатында өткізіліп жатқан праймеризге екі күннің ішінде Қарағанды облысынан 91 адам сайлауалды тізімге өздерін ұсынды. Бүгін партияның Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек ресми түрде праймериздің басталғанын мәлім етті. – «NurOtan» партиясы уақыт талабына сай жаңару жолына түсіп, жаңа белестерді бетке алып келеді. Елбасының тапсырмасымен басталған «Nur Otan» партиясының праймеризі соның бір айғағы. Сайлауалды бағдарламаларын, оны іске асыру жөніндегі нақты қадамдарын ұсынған, көпшілік дауысқа ие болған үміткерлер сайлауалды тізімге енетін болады. Кеше ғана бастау алған праймериз біздің өңірімізде де өткізілетін болады. Бүгінгі күні облыста «Nur Otan» партиясының 90 мыңнан астам мүшесі бар. Олар білім, медицина, мәдениет, спорт және тағы басқа өзге де сала өкілдері. Праймеризге бастауыш партияның мүшелері және өзін-өзі ұсынғысы келетін азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар, партияішілік іріктеуге қатысуға белсенді жастар мен әйелдерге арнайы квоталар бөлінген, – деді Жеңіс Қасымбек. Өз іс-әрекеттерімен қоғам сеніміне ие болған кәсіпкерлерді, қоғамдық ұйымдардың басшыларын, белсенділерді, журналистер мен сарапшыларды да партия қатарынан көргім келеді деді аймақ басшысы. Өңір басшысы облыстың барлық тұрғындарын 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін саяси науқанға қатысуға шақырды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков «Nur Otan» партиясының алдағы партияішілік іріктеу додасы ашық, әділ әрі жоғары бәсекелестік жағдайында өтетініне сенімді. – Праймериз «Nur Otan» партиясының халықтық партия екенін көрсететін шара деп білеміз. Жергілікті жерлерде оны насихаттау мақсатында біз праймериздің қағидат-ережелерімен, мақсат-бағыттарымен толық таныстық. Құдай қаласа, партияішілік іріктеу жұмыстары арқылы Парламент Мәжілісіне, облыстық, жергілікті мәслихаттарға елдің сөзін айта алатын, халықтың ойынан шығатын мықты азаматтар барады деп кәміл сенеміз. Праймеризге қатысу арқылы әр азамат өзінің ұстанымын жеткізе алады. Депутат ретінде айтсам, өкінішке қарай, арамызда проблемасыз ауылда өмір сүріп жатқандай үні естілмейтін әріптестеріміз де бар. Солардың орнын ел мүддесін ойлайтын азаматтар басуы тиіс, – деді Бекзат Алтынбеков. Партиялық жүйе тарихындағы ең маңызды оқиға «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға жастар да қатысуға ниет білдіруде. Праймериз – өз аймағын жақсы жаққа өзгерткісі келетін, елдің дамуына үлес қосқысы келетін жастарға берілген тарихи мүмкіндік. – Жастарға арнайы квота берілгеннен кейін бұл мүмкіндікті жіберіп алғым келмейді. Құр сөздің емес, нақты істің адамы болғым келеді. Жастар саясаты саласында жұмыс істеп келе жатқандықтан тәжірибемді әрі қарай дұрыс бағытта қолданып, дамытқым келеді. Сол үшін осы саяси додаға қатысамын. Қоғамдағы мәселелерді көтере отырып нақты қадамдарды ұсынуға дайынмын, – дейді Абай ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының мндетін атқарушы Владислав Кирей Сондай-ақ, партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оспанова Қадиша Базарбайқызы онлайн режимінде ZOOM конференц-байланыс құралдары арқылы «Праймеризді өткізуге дайындық» тақырыбы бойынша ұйымдастыру семинар-кеңесін өткізді. Оған 80-нен астам адам қатысты. Партияның аумақтық филиалдарының өкілдері, ұйымдастыру комитеттері мен есеп комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Семинарда сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жабдықтау, карантин жағдайында қорғаудың барлық шараларын сақтай отырып, іс-шараларды өткізудің желілік кестелері, кандидаттарды тіркеу, пікірсайыс өткізуді ұйымдастыру, мобильді қосымша арқылы дауыс беру үшін партия мүшелерін есепке алудың орталықтандырылған базасында мобильді нөмірлерді түзету, сондай-ақ веб-портал, сайлау учаскелерінде онлайн дауыс беру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, праймериздерге қатысу ережесінің негізгі мәселелері, партияішілік іріктеуді өткізу тетігі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың рөлі және басқа да өзекті мәселелер түсіндірілді. Бүгінгі таңда мұндай семинар-кеңестер облыстың 10 қаласы мен аудандарында: Балқаш, Приозерск, Жезкзған, Сәтбаев, Қаражал, Теміртау қалаларында, сондай-ақ Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында өтті. Бұл жұмыс жалғасуда.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы