Облыстық Полиция департаменті «Таза Қазақстан» республикалық алдын алу іс-шарасы жалғасып жатқанын айтады. Өңір полицейлері бүгінге дейін 600-ге жуық хаттама толтырған.
«Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу, экологиялық жағдайды жақсарту, облыс тұрғындарына қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық танытуды түсіндіру. Әсіресе, адам көп жиналатын Жайық өзен жағалаулары, Индер ауданындағы Тұздыкөл жағалауы Жылыой ауданындағы Қамыскөл жағалаулары мен демалыс аймақтарына рейдтер ұйымдастырылуда», – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.Оның айтуынша, су айдындарының жағалауларында ішімдік ішіп, мас күйінде жүруге қатысты – 21, жасыл желектерді бүлдіру – 28, белгіленбеген орындарда балық аулау – 47, рұқсат етілмеген жерде шомылу – 247, темекі мен қоқыс қалдықтарын лақтыру фактісі бойынша 27 дерек анықталды. Құқық бұзушыларға 1 242 680 теңге айыппұл салынды.