«Қоғамдық резонанс тудырып, ел ішінде үлкен мәселеге айналған дүниені неден басталғаны, оған не себеп болғанын оқушыларға түсіндіру керек. Мәселен, Көбейтұз көлінің ластануы, не болмаса Каспий теңізіндегі итбалықтардың ұрылуы. Осындай оқиғалардан туындаған қоғамдық наразылық экологиялық сауаттылықтың жетпейтінін көрсетті. Әрине, бұл процеске әртүрлі институттардың қатысуы түсінікті. Алайда бұл жерде білім беру ұйымдарының рөлі өте зор. Біз балаларымызға жастайынан табиғатты қорғауға, онымен үйлесімділікте өмір сүруге, әрбір табиғи ресурсты тиімді пайдалануға үйрету – маңызды дүние», – деп жазған министр Facebook парақшасында. Министрдің айтуынша, тәрбие сағаттарында экологиялық тақырыптарды қозғай отырып, мектептерге эко-білім беруді енгізудің алғашқы қадамы. Ондай сабақтардан қандай да бір нәтиже шығу үшін балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс істеу керек. «Экологиялық білім тек балалар да емес, олардың ата-аналарында да болуы тиіс. Балалар ата-анасынан көргенін істейді. Сондықтан ата-аналар балаларына үлгі болуы керек. Сол үшін де олар қоршаған ортаға ұқыпты қарай түседі», – деді Аймағамбетов. Алдағы уақытта мектептерде сабақтан тыс уақытта байқаулар, квесттар, экотематика пәнінен шеберлік сыныптары өтеді.
Айым БЕКТҰР