Үш мыңнан астам ұсыныс сараланды – Елнұр Бейсенбаев
Үш мыңнан астам ұсыныс сараланды – Елнұр Бейсенбаев
321
оқылды
– Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәй­кес, бесжылдық «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жо­басы әзірленді. Осы ретте бізге жаңа бағдарламаның басты ерек­шеліктерін, жалпы бағдарлама туралы қысқаша баяндап берсеңіз. – Бағдарлама қазақстандық жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге бағытталған және олардың әрі қарай да­муына қол жеткізудің негізгі мін­деттерін көрсетеді. Сондай-ақ жас қазақстандықтарды ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп, елді көркейту жолындағы жұмыс­тарын жүзеге асыруы үшін жан-жақты қолдауды қамтамасыз етеді. Бағдарлама жастардың түр­лі санаттарының мүдделерін қамтиды, әлеуметтік зерттеулерге, сауалнамалардың нәтижелеріне сүйенеді және әлемнің дамыған елдерінің жастар мәселелері жө­ніндегі материалдарын ескере отырып әзірленген. Осы мақсатта республика бойынша жастардың әртүрлі топтарымен 150-ден астам кездесу өткізілді. Нәтижесінде, 3 мыңнан астам нақты ұсыныс сараланды. – «Жастар – Отанға!» бағдар­ламасында жастардың негізгі бес мәселесі қамтылып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Нақты қандай мәселелер? – Материалдарды жинау және талдау бойынша жүргізілген жұмыстардың негізінде біз бағ­дарламаның келесідей 5 бағы­тын анықтаған болатынбыз: аза­маттық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және жастардың бос уақытын тиімді өткізу. Әлемдік трендтер мен Қа­зақстан жастарының сұра­ныс­тарын ескере отырып, біз жастар саясаты саласындағы келесі міндеттерді шешуді маңызды деп санаймыз. Біріншіден, жастарды елдің саяси-қоғамдық өміріне араластырудың жаңа тетіктерін жүзеге асыру және волонтерлік қызметті дамыту. Екіншіден, еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, білім беру сапасын арттыру. Үшіншіден, жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігін қолдау тетіктерін жетілдіру. Төр­тіншіден, жастардың және жас отбасылардың баспанаға қол­жетімділігін арттыру. Бесін­шіден, жастардың тұлғалық дамуы мен бос уақытын тиімді ұйым­дастыруға ерекше назар аудару. Бағдарламаны іске асыру орталық және өңірлік деңгейде келесі шаралар арқылы қамтама­сыз етілетін болады: Біріншіден, осы бағдарла­маның бағыттарына сәйкес қойыл­ған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар 216 өңірлік жол картасы қабылданады. Олар­ды жүзеге асыру еліміздің әрбір ауданы, қаласы және облысы үшін басымдыққа ай­налады. Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20% квота бойынша партияішілік іріктеу праймеризін іске асыру арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы қалыптастырылады. Нә­тижесінде, партияның жас өкіл­дері Парламент Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәс­лихаттарда бағдарламаны жүзеге асыру үшін нақты тетіктерге ие болады. Үшіншіден, мемлекеттік ор­­гандар тарапынан жастар проб­лемаларын шешуді жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» Жастар қанаты және «Nur Otan» пар­тия­сының ресурстары мен әлеуеті пайдаланылады. – Бағдарламаның түпкілікті нұсқасы «Jas Otan» алаңында қыркүйек айында талқыланбақшы. Бұл туралы жуырда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады. Сол аралықта бағдар­ламаға әркім өз ескертулері мен ұсыныстарын жолдай ала ма? – Әрине, бағдарлама жоба­сымен «Jas Otan» әлеуметтік желілері мен jasotan.kz сайтында танысуға болады. Бағдарламамен толық танысып шыққаннан кейін, өздеріңіздің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді jastarotanga@gmail.com поштасына немесе Instagram-дағы @jas_otan парақшасына жолдасаңыздар болады. Бізге әр жас қазақстандықтың пікірі маңызды. Сондықтан азамат­тар­дың ұсыныстары мен пікірлерін асыға күтеміз. – Сіз бір сұхбатыңызда қоғам­дық жұмыстарға белсенді араласып, волонтерлік қызмет атқарып, жастардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды анықтау мақсатында «Жастар – Отанға!» атты «Jas Otan» премиясын өткізу жоспарда бар екенін айттыңыз. Аталған шара туралы толықтыра кетсеңіз. – Бүгін коронавируспен кү­рестің алдыңғы шебінде волон­терлік қызмет атқарып жүрген, сонымен қатар қоғамдық жұ­мыс­тарға белсенді араласып, жас­тардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды анықтау және ынталандыру мақсатында қазан-желтоқсан айында «Жастар – Отанға!» ат­ты «Jas Otan» премиясын өт­кізу жос­парлануда. Бай­қауға еліміздің 16-35 жас ара­лығындағы барлық белсенді жастар қатыса алады. Байқаудың жүлде қоры 5 000 000 (бес миллион) теңгені құрайды. Байқау шарттары және оған қатысу ережелері бойынша толық ақпарат «Jas Otan» әлеуметтік желілері мен jasotan.kz сайтында жарияланатын болады. Осы орайда, барлық жастарды бай­қауға қатысуға шақырамыз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ