– Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бесжылдық «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жобасы әзірленді. Осы ретте бізге жаңа бағдарламаның басты ерекшеліктерін, жалпы бағдарлама туралы қысқаша баяндап берсеңіз. – Бағдарлама қазақстандық жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге бағытталған және олардың әрі қарай дамуына қол жеткізудің негізгі міндеттерін көрсетеді. Сондай-ақ жас қазақстандықтарды ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп, елді көркейту жолындағы жұмыстарын жүзеге асыруы үшін жан-жақты қолдауды қамтамасыз етеді. Бағдарлама жастардың түрлі санаттарының мүдделерін қамтиды, әлеуметтік зерттеулерге, сауалнамалардың нәтижелеріне сүйенеді және әлемнің дамыған елдерінің жастар мәселелері жөніндегі материалдарын ескере отырып әзірленген. Осы мақсатта республика бойынша жастардың әртүрлі топтарымен 150-ден астам кездесу өткізілді. Нәтижесінде, 3 мыңнан астам нақты ұсыныс сараланды. – «Жастар – Отанға!» бағдарламасында жастардың негізгі бес мәселесі қамтылып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Нақты қандай мәселелер? – Материалдарды жинау және талдау бойынша жүргізілген жұмыстардың негізінде біз бағдарламаның келесідей 5 бағытын анықтаған болатынбыз: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және жастардың бос уақытын тиімді өткізу. Әлемдік трендтер мен Қазақстан жастарының сұраныстарын ескере отырып, біз жастар саясаты саласындағы келесі міндеттерді шешуді маңызды деп санаймыз. Біріншіден, жастарды елдің саяси-қоғамдық өміріне араластырудың жаңа тетіктерін жүзеге асыру және волонтерлік қызметті дамыту. Екіншіден, еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, білім беру сапасын арттыру. Үшіншіден, жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігін қолдау тетіктерін жетілдіру. Төртіншіден, жастардың және жас отбасылардың баспанаға қолжетімділігін арттыру. Бесіншіден, жастардың тұлғалық дамуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше назар аудару. Бағдарламаны іске асыру орталық және өңірлік деңгейде келесі шаралар арқылы қамтамасыз етілетін болады: Біріншіден, осы бағдарламаның бағыттарына сәйкес қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар 216 өңірлік жол картасы қабылданады. Оларды жүзеге асыру еліміздің әрбір ауданы, қаласы және облысы үшін басымдыққа айналады. Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20% квота бойынша партияішілік іріктеу праймеризін іске асыру арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы қалыптастырылады. Нәтижесінде, партияның жас өкілдері Парламент Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда бағдарламаны жүзеге асыру үшін нақты тетіктерге ие болады. Үшіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жастар проблемаларын шешуді жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» Жастар қанаты және «Nur Otan» партиясының ресурстары мен әлеуеті пайдаланылады. – Бағдарламаның түпкілікті нұсқасы «Jas Otan» алаңында қыркүйек айында талқыланбақшы. Бұл туралы жуырда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады. Сол аралықта бағдарламаға әркім өз ескертулері мен ұсыныстарын жолдай ала ма? – Әрине, бағдарлама жобасымен «Jas Otan» әлеуметтік желілері мен jasotan.kz сайтында танысуға болады. Бағдарламамен толық танысып шыққаннан кейін, өздеріңіздің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді jastarotanga@gmail.com поштасына немесе Instagram-дағы @jas_otan парақшасына жолдасаңыздар болады. Бізге әр жас қазақстандықтың пікірі маңызды. Сондықтан азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін асыға күтеміз. – Сіз бір сұхбатыңызда қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, волонтерлік қызмет атқарып, жастардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды анықтау мақсатында «Жастар – Отанға!» атты «Jas Otan» премиясын өткізу жоспарда бар екенін айттыңыз. Аталған шара туралы толықтыра кетсеңіз. – Бүгін коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде волонтерлік қызмет атқарып жүрген, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, жастардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды анықтау және ынталандыру мақсатында қазан-желтоқсан айында «Жастар – Отанға!» атты «Jas Otan» премиясын өткізу жоспарлануда. Байқауға еліміздің 16-35 жас аралығындағы барлық белсенді жастар қатыса алады. Байқаудың жүлде қоры 5 000 000 (бес миллион) теңгені құрайды. Байқау шарттары және оған қатысу ережелері бойынша толық ақпарат «Jas Otan» әлеуметтік желілері мен jasotan.kz сайтында жарияланатын болады. Осы орайда, барлық жастарды байқауға қатысуға шақырамыз. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ