Жер реформасы келе жатыр
Жер реформасы келе жатыр
© коллаж: Қуаныш Cапарбай
800
оқылды
 

Президенттің пайымы

Жерге қатысты жиналып қал­ған «проблемалар топтамасын» биылғы 10 шілдеде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарата айтқан болатын. Жалпы, жер – ауыл шаруашылығы өн­дірісінің негізгі ұстыны, басты базасы, табыс көзі. Тиісінше, қай мемлекеттің жері үлкен болса, сол барынша көп азық-түлік өндіріп, өзін де асырайды, өзгеге де өткізіп, ауқат жияды. Алайда халқының тым аздығы, технологиялық тұрғыдан арттап қалуы, салада білікті басшылықтың болмауы кесірінен ұлан-байтақ Ұлы даланы ен жайлаған Қазақстанда ылан-ойран ресурс қажетке жаратылмай жатыр. Әлгі үш фактор ілгері басқан қадамды кері тартпағанда қазақ елі мұнай және металсыз-ақ, ауыл шаруашылығы есебінен байып кете алатын еді. Алдағы 2021 жылы Жер ко­дексінің жекелеген нормаларына Елбасы жариялап кеткен мора­торий аяқталады. Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан бұл мәселеде түпкілікті шешім қабылдауы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнда бір мә­селеде мемлекеттің түбегейлі айқындалғанына назар аудартты: жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін инвестиция мен технологияны тартуға тиіспіз. Осыған орай, ел Үкіметі жерді тиімді пайдалану мәселесін фермерлер қоғамдастығымен бірге кеңінен талқыға салуы керек. Барлық ұсыныс жария түрде, ашық талқылануы қажет. Президент осы жұмыстың қорытындысы бойынша Үкіметке биыл Жер кодексіне жаңа түзетулер енгізуді жүктеді. Игерілмей жатқан немесе тиімсіз игерілген жерлерді анық­тау – жеке проблема. Оларды табу, одан кейін шынында пай­да­ланылмайтынын дәлелдеу, ар­тынша заңды түрде алып қою – үлкен машақат. Жауапты шенділер жаңсақтыққа жол берсе, бір қателік жіберсе, бизнесмендер «кәсібін әкімдіктің рейдерлік жолмен тартып алғанын» айтып шу көтеруі, дау шығаруы мүмкін. Осыдан қорқып, көптеген өңірде жергілікті әкімдіктің еш шара қабылдамай отырғаны да анықталды. Президент тапсырмасымен бұл іске қазақстандық жер серіктері кеңінен тартылады: ғарыштан мониторинг жасау кезінде тү­сірілген спутник түсірілімдері енді жерді алып қою үшін сотта айғақ бола алады, мұны Парламент заңнамалық тұрғыдан бекітіп берді. Жалпы, бұған дейін түгендеу барысында анықталған 12,8 миллион гектар игерілмеген жердің әзірге тек 7 миллионы мем­лекетке қайтарылыпты. «Менің ұстанымым – айқын. Жерді алдың ба, оны игеру керек. Әйтпесе, жерді игеріп, жұмыс істей алатын адамдарға береміз. Сондықтан бұл саладағы түгендеу ісін осы жылдың соңына дейін толық аяқтау қажет» деп Үкімет алдына міндет қойды Қ.Тоқаев.  

База болмай, маза болмайды

Тағы бір мәселе, жер қаты­нас­тары саласының цифрлан­дырылмай отырғаны. Ит тұмсығы батпас осы ну орманға цифр бас сұға алар емес. Дамыған елдерде жер учаскесін интернет арқылы алуға болады. Мысалы, Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-тың кейбір штатында мэрия мен жерді пайдаланушы бірде-бір рет кездеспеуі, тіпті бірін-бірі танымауы мүмкін. Жер учаскесін арнайы ресурсқа тіркеліп, құжаттап аласыз. Белгілі бір уа­қыт өткесін төбеңізге дрон-квадро­коптер ұшып келеді. Бұл – жергілікті муниципалитеттің не­месе тау­ншиптің (township) жіберген өкілі. Яғни, жердің қаншалықты ұтымды іске жара­тылып жат­қанын тексеретін, түсіретін, куәлан­дыратын ре­визоры – осы. Қазақстанда жер қоры туралы ұлттық бірыңғай деректер базасы әлі күнге дейін құрылмаған. Сол сияқты Үкімет жылжымайтын мүлік нысандарының жалпыұлт­тық дерекқорын да жасамапты. Қаншама штаттан немесе рес­публикалардан тұратын федера­тивті мемлекеттердің жайы басқа, ал унитарлы, біртұтас республика үшін бұл – ұятты тірлік. Мемлекет басшысының бай­ламынша, жер қатынастары – сыбайлас жемқорлық өркен жайған сала: «Сондықтан осы мәселеде айқындылықтың, ашықтықтың болмауына әлдекімдер мүдделі болып отырғаны түсінікті», – дейді ол. Әділін айта кету керек, ортақ геопортал жоқ емес, бар. Әйт­кенмен, ауыл-аймақ әкімдіктері оны мазмұнмен толтыруға, яғни өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы әр телімнің дерегін егжей-тегжейлі енгізуге асықпай отыр. Үкімет тарапынан осы істі әдістемелік қолдаудың жетіспейтіні, оның орталықтан үйлестіріп отырмағаны сыналып жүр. Президенттің ақпаратынша, Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары геопорталдарының дайындығы 10%-дан да аз! Өзге өңірлердің де оңып тұрғаны шамалы: үлгі тұтары жоқ. Егін салып, мал өсіруге құштар жандар ауылда жетерлік. Себебі аграрлық бизнесін дөңгелетіп, бағы ашылған, байыған адамдар солардың көз алдында. Тірі өнеге. Осыдан шабыттанған қаншама жанның қанатын әкімдіктегілер қырықты. «Берер жерім жоқ!» дейді. Бұдан қалды, бұқараның бір бөлігі әкімдіктің ақырзаманда бір-ақ бітер кезегінде уақыт жоғалтпай, баспана мәселесін өзі шешіп ала алар еді. Бұларға да айтылар жауап әлгіндей. Сорақысы сол, кейінгі жылдары жиі қаузалған маңызды тағы бір идея іске аспай тұр: елде «жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегіндегілердің бірыңғай тіркелім-реестрі» тү­зілмеді. Үкімет тура төрт апта ішінде, 15 қыркүйекке дейін жер қаты­настарын цифрландыру жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуі тиіс.  

Министрліктің мәлім еткені

Қазақстанда алдыңғы жер реформасы нәтижесінде жер телімдеріне қатысты құзыр ауыл-аймақ әкімдерінің қарауына берілді. Мәні белгілі: өзі бас­қаратын елді мекенде кімнің қандай жер теліміне мұқтаж екенін, қайсысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игеруге қауқары жететінін әкімнен ар­тық кім біледі? Астанадағы министрліктің одан хабары аз. Сәйкесінше, ұлттық заңнама да осы қисынға сай қайта құрылды. 2014 жылғы тамызда «мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату» жөнінде шаралар қабылданып, жерді пайдалану және қорғау бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясы Ауыл шаруашылығы министрлігінен алып қойылды және жергілікті атқарушы органға табысталды. Jer reformasi1 Арты не болды? Сала жем­қорлардың жемсауына айналып кетті. Әкімдер өз айтқанына көнбеген, сұрағанын бермеген жергілікті бизнесмендерден әртүрлі сылтаумен жерін алып қойып, банкрот қылатынды шығарды. Жерінен айырылғасын, ауыл байына мыңғырған малын сойып тастаудан, егінші-диқанына – кезекті көктемде егіс салуға даяр­лаған тұқымын сатудан басқа амал қалмайды. Келесі бір мәселе әшкереленді. «Тәжірибе көрсеткендей, жер­дің пайдаланылуы мен қор­ғалуын бақылау функцияларын әкім­діктерге беру тиімсіз болып шықты. Жергілікті атқарушы органдардың ешқайсысы жер учас­кесін пайдалану кезінде меншік иесінің және жер қой­науын пайдаланушылардың жер заңнамасын бұзуын анықтауға мүдделі емес! Өйткені мұндай заң­бұзушылықтың өсуі жергілікті атқарушы органның тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін көрсетеді және әкімдіктердің жалпы рейтингісіне теріс әсер етеді», – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі. Бұл байлам бос байбалам бол­мауы үшін нақты деректер келтіре кеткен абзал. Мысалы, әлгі шоқпардай зілді функция әкімдердің қолына тигелі Қа­зақстанда біріншіден, жерді пай­даланушыларға қатысты жүргізілген тексерулер саны 2,7 есеге азайып кеткен. Тексерулер ауылда қонаққа бару не іссапар түрінде бейресми жүретіні жасырын емес. Екіншіден, жер заңнамасын бұзушылықты анықтау 2,5 есеге кеміген. Үшіншіден, анықталған бұзушылықтарды жою 4,5 есеге құлдырады. Сондай-ақ айыппұлды өндіріп алу нашарлаған.  

Енді не істемек керек?

Билік әдеттегідей бәрін ре­формамен шешпек. 2019 жылғы 10 қыркүйекте Үкіметтегі жиында Премьер-Министр Асқар Мамин Министрлер кабинетінің жауапты мүшелерін және әкімдер өкілдерін жинап, жер тағдырын талқыға салды. Қорытындысында атқарушы билік мемлекеттік бақылау функцияларын әкім­дерден тартып алып, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қайтару туралы ұйғарымға келді, бұл шешім отырыстың қорытынды хаттамасына жазылған. Қабылданған шешім жазылған жерінде қалмады. Рас, ортадан киліккен пандемия бұған біраз уақыт бөгесін болды. Бүгінде індет ошақтары құрықталып, Үкімет үстінен отставка қаупі сейілгенде АШМ осы хаттамалық тапсырманы орындауға білек сыбана кірісіпті. «Кейбір заңнамалық актілерге жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзір. Ол Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізеді. Жоба қабылданса, аталған функциялар тегіс АШМ құзырына қайтады және министрлік барлық өңірде аумақтық бөлімшелерін құрып шығады. Ал облыстар мен үш мегаполистің жер ресурстары басқармалары жабылуы тиіс.  

Кәсіпкерліктің өрлеуіне қолбайлау

Қорғаныс министрлігінің зейнеткері, ауыл кәсіпкері Нұрғали Мұқашев өз ісін бастауға бел буады. Алайда бастамай жатып сергелдеңге ұшырапты. Ол ШҚО-дағы Семейге қарасты Абралы ауылдық округінде жер алып, ауыл шаруашылығымен айналыспақ. Қазақстан үкіметі бұл саланы «басымдықты» деп бекіткені мә­лім. Демек, осы секторға қаржы­сын құйғысы келген кез келген азаматқа құшақ ашық болса керек. – 2019 жылғы 10 сәуірде ауыл әкімінен белгіленген ауданда жер учаскесін беруге рұқсатнама алдым. Бұл шешімді бірден Семей қаласының жер қатынастары бө­ліміне апарып тапсырдым. Бөлім басшысы құжаттарды қарайтынын және жәрдемдесетінін ауызша айтып, шығарып салды. Содан бері бір жылдан астам уақыт бойы әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрмін. Үміттеніп барамын, айтатын жауабы біреу: «Келесі айда келіңіз!» Бүгінде меншігімде 50-ден аса сиырым бар. Оларды жаятын жайылым табу қиын, – дейді Нұрғали Төлеужанұлы. Бір ғажабы, 2020 жылғы 4 маусымда ол Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің атына электронды үкімет порталы арқылы ұқсас өтініш жолдапты. Ізінше хаттың қабылданғаны, оның орындауға бағытталғаны, тіпті орындалғаны туралы бірнеше хат келген. Кәсіпкер сол бойы жер ал­маса, ненің «орындалғаны» белгісіз. Алматы қаласының тұрғыны Аида Аюпова болса, қалада бос жатқан жер теліміне көптен көзін қадап жүріпті. «Қаладағы Алатау ауданының Ақбұлақ ықшамауданында тұрамын. Біздің үйдің маңында игерілмеген жер бар. 20 жылдан бері арамшөп басып бос жатыр. Қалаға да, елге де пайда, өнім әке­ліп жатқан жоқ. Әкімдік қыз­меткерлерінен бұл телімнің қожайыны жоғын анықтадым. Соны бизнес жүргізу үшін жал­ға алғым келеді. Бірақ кімге ба­ра­рым­ды білмеймін. Әкімдіктегі теле­фондар алмайды», – дейді ол. Әйтсе де, ол жерге қатысты жергілікті биліктің басқа жоспары бар. Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы қала тұрғыны айтып отырған бос жер теліміне қатысты шешім қабыл­данып қойғанын жеткізді. Нақтылай кетсек, қала әкімдігінің қаулысымен ол «резервтегі жер учаскелері тізіміне» енгізіліпті. «Осыған байланысты аталған жер телімін бизнесті дамыту мақсатына беру мүмкін емес», – деді басқарма. Яғни, бос жер әрі қарай бос жатады.  

Елдос СЕНБАЙ