Дереккөздің зерттеуінше, балаларын жекеменшік мектепке ақы төлеп оқытатындар оnline білімге түбегейлі қарсы. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Қазақстанның жеке меншік мектептерінде білім алатын оқушылардың ата-аналарының көңілі күпті. Олар елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, балаларын мектепте оқытқысы келеді. Себебі, өздерінің үйде отырып балаларының оқуын қадағалауға мұршасы жоқ. Әрі қашықтан оқу сапасына көңілі толмайды. Олар бұл форматтағы оқу жаппай сауатсыздыққа әкеледі деген пікірде.
«Online режимде оқу сауатсыздыққа алып келеді. Әсіресе мектеп табалдырығын аттағалы отырған кішкентай балаларға тиімсіз. Әрбір үйде бір емес, бірнеше бала бар. Үш-төрт баласы бар ата-аналарға жаңа формат тіптен қиын. Әрбір бала жеке бөлме, жеке ноутбукпен қамтамасыз етілмеген. Балалар қашықтан оқуға көшкен жағдайда ата-аналар жұмысын тастап, соларға қарап үйде отыруға мәжбүр болады. Олар балаға нан табу керек пе, әлде үйде отырып аш қатыру қажет пе?» – деді ата-аналар қауымдастығының өкілі Қымбат Әлішева.Ата-аналар оқу процесі кезінде балаларын үйде қалдыру мүмкін болмағандықтан, жеке мектептерге штаттық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Жекеменшік мектепке ақы төлеп, баласын оқытатын ата-аналардың көпшілігі кәсіпкерлер екені белгілі. Ұстаздар қазір қалталы ата-аналардың да әліптің артын бағып отырғанын айтады. Өйткені, пандемия кезіндегі дағдарыс көбісінің табысы азайды. Бизнесі тұралағандар баласын мемлекеттік мектепте оқытуы мүмкін.
«Соңғы шешімді ата-аналар тамыз айының соңы мен жаңа оқу жылының басында қабылдайды. Өйткені олардың да ісі тоқтап тұр. Егер тағы да карантин күшейіп, бизнестеріне кері әсерін тигізсе ата-аналар баласын мемлекеттік мектептерге береді. Біз жеке мектептегі бағаны түсіргенімізге қарамастан 50-60% бала мемлекеттік мектепке кетеді деп болжап отырмыз», – деді жекеменшік «Архимед» мектебінің директоры Архимед Ысқақов.Мамандардың айтуынша, егер қашықтан білім алу жүйесі сақталса, мемлекеттік мектепке ауысатын оқушылар саны тіпті көбейеді. Өйткені, ата-анаға үйде отырған бала үшін босқа ақы төлеу тиімсіз. Мұндай жағдайда мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі жүктеме артып, орын саны тапшы болады. Ал Қазақстанда 182 жекеменшік мектеп болса, оның 61-і Алматы қаласында тіркелген. Жекеменшік мектептерде 50 мың оқушы оқиды, 10 мың педагог және 4 мың қызметкер жұмыс істейді.