Камала – лотос гүлі
Камала – лотос гүлі
© коллаж: Қуаныш Аманғали
165
оқылды
 

Сіз кімсіз, Харрис ханым?

АҚШ-тағы Демократиялық партияның сайлауалды съезі онлайн басталды. Биыл тұңғыш рет коронавирус пандемиясының салдарынан онлайн режим таң­далып отыр. Төрт күнге созылатын басқосуда саясаткер Берни Сандерс, бұрынғы мемлекеттік хатшы Джон Керри,  экс-президенттер Билл Клинтон мен Барак Обама, оның жары Мишель Обама сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Айтпақшы, бастапқы кезде америкалық баспасөзде Джо Байденнің вице-президент ретінде Мишель Обаманы таңдау мүмкіндігі де айтылған. Бірақ түпкі таңдау Калифорния штатының прокуроры болған, сенатор Камала Харриске түсті. 56 жастағы саясаткер – мигранттардың қызы. Камала есімін анасы қойған, ол «лотос гүлі» деген мағына бе­реді. Анасы – Үндістанның, әкесі – Ямайканың тумасы. Соған қа­рамастан, Америкада биік белес­терге жеткен азаматтар, анасы универ­ситетте сабақ берсе, әкесі Стэнфорд уни­верситетінің профессоры болған. Камала 5 жасқа толғанда ата-анасы ажы­расып кеткен. Анасы Шамала Гопалан-Харрис өзінің үнділік тегіне қарамастан, екі қызының бойына африкалық мәдениетті сіңірте білген. Тіпті, танымал сая­саткер автобиографиялық кіта­бында балалық шағы туралы: «Менің анам қара нәсілді қыз­дар­ды тәрбиелеп жүргенін білді. Ол біздің Отанымыздың Майя сіңілім екеуімізді қара нәсілділер ретінде қабылдайтынын түсінді. Сондықтан бізді өзіне сенімді қара нәсілді азаматтар ретінде тәрбиелейді», – деп жазған екен. Бұл сөзінің өзі қара нәсілді электорат үшін маңызды еді. Америка заңдары бойынша, АҚШ-тың президенті болып тек сол елде дүниеге келген азаматтар ғана сайлана алады. Естеріңізде болса, кезінде Барак Обама прези­дент болғанында Дональд Трамп оның туған жеріне қатысты күмәні барын жасырмаған еді. Жақында Дональд Трамп Ақ үйде журналистерге жауап бере отырып, бәлкім, Камала Харрис Америкада тумаған шығар деген сөзін көпшілікке жеткізді. Дәлірек айтсақ, бұдан бұрын Newsweek журналына бір заңтанушы ғалым мақала жазып, онда Камала Харрис дүниеге келгенде оның ата-аналарының статусы қандай еді, яғни олар америкалық аза­маттықты алып үлгерген бе еді, әлде әлі де студенттік визамен жүр­ген бе еді дегендей сауал қойып, заңдық тұрғыдан мұның салдарын саралаған болатын. Мұны іліп әкеткен Дональд Трамп «Бүгін ғана оның ешбір өлшемге келмейтінін естідім, ал мақаланы жазған заңгер өте кәсібіи білікті, талантты маман, – деп мәлімдеді. Сондай-ақ демократтар оны таңдамас бұрын дәл осы мәселені анықтаған шығар деп отыр. Бұл мәлімдеме мигранттардың ұрпағына қатысты дау-дамайды қайта жандандырды.  

Неге Камала таңдалды?

Джо Байденнің өз серіктесі ретінде Камала Харристі таңдауы тектен-тек емес. Біріншіден, Камала Харрис – әйел. Әлемдік саясаттың бүгінгі тренді сол – билік басына әйел саясаткерлер көптеп келіп жатыр. Англияның ХХ ғасырдағы ең танымал саясаткері Маргарет Тэтчер үлкен саясатқа белсене араласа бастаған 1950-1960 жылдардан бастап дүниежүзінде 120-дан астам әйел президент, премьер-министр қызметін атқарса, бұл күндері 200-ге жуық мемлекеттің 20-дан астамын әйелдер басқарып отыр. Бұл трендтен АҚШ-тың да қалғысы жоқ. Екіншіден, анасының тегі үнді болса да, Камала Харристі жұрт қара нәсілді азамат ретінде қабылдайды. Өкінішке қарай, Америкада жылда нәсілшілдік кесірінен полиция мен қара нәсілділер арасында қақтығыстар болып тұрады. Өйткені көбіне-көп америкалық полицейлер қара нәсілділерді қылмыскер деп қабылдайтын стереотиптік көзқарас бар. Одан арылудың жолы – билікке қаранәсілді азаматтарды тартып, күштер балансын сақтап отыру, «қара электораттың» көңілінен шығу, қоғамның сұранысына жауап беру, қатерлердің алдын  алу, америкалық біртұтас қоғамды сақтау. Үшіншіден, шындап келгенде, қазіргі президент Дональд Трампты сайлаушылар тым ұлтшыл, нәсілшіл мәлімдемелері арқылы таниды. Демократтардың ұтып отырғаны – Камала Харрис барлық әлеуметтік топтың сұранысына жауап береді. Қазірше ұлтшыл, нәсілшіл мәлімдемелер жасамаған. Тіпті, ЛГБТ-қауымдастықтың да құқын қорғаумен әлек. Сарапшылар оны «жұлдыз сенатор» деп те атайды. Себебі Кали­форния штатына прокурор боп кел­ген кезден-ақ Харристің мақсат-мүд­делерінің биік әрі үлкен саясаттан өзіне сай орын алатыны байқалып тұратын. Түптеп келгенде, Камала Харрис – демократтардың республикашылдарға қарсы әдемі жауабы.  

Байден Рейганның рекордын бұза ма?

Президенттікке үміткер Джо Байден қазір – 77 жаста. Бірақ сайлаудан кейін 78 жасқа толады. Егер Трампты орнынан кетіріп, билікке қол жеткізсе, ол Америка тарихындағы ең қарт президент аталуы мүмкін. Олай дейтініміз, бұған дейін Рональд Рейган 77 жасына дейін президент қызметін атқарып, ел тарихындағы ең қарт мемлекет басшысы саналып келген. Америкалық сарапшылар да алда-жалда президент дүниеден озса, оның орнын заңға сәйкес Камала Харрис басуы мүмкін деп топшылайды. АҚШ заңдары бойынша, вице-президент лауа­зымы – президенттен кейінгі екінші маңызды қызмет. Оның құзыреті де көп емес. Оның конс­титуциялық негізгі мақсаты – президенттің өлімі, отставкасынан кейін билікке келу. Америка тарихында бұл қызметті 48 адам атқарған. Олардың 8-і президент өлімінен кейін билікке қол жет­кізген. Бірақ демократтар үшін Байденнің жасы да, Харристің билікке келу мүмкіндігі де қазірше жабық тақырып болса керек. Шетелдік саясаттанушылар Камала Харристің ұпайы бүтін, оның түпкі мақсаты – ең жоғарғы билікке қол жеткізу дейді.  

Ресейге қарсы, ал Қазақстанға ше?

Ресейлік баспасөз «Камала Харрис – русофоб, Ресейге қарсы» деп шулатып жатыр. Расында да, ол «Ресей – Американың қарсыласы» деген сөзді жиі айтады. Мәселен, Дональд Трамптың Мәскеудегі Жеңіс парадына бару мүмкіндігі жазылғанда, сенатор бұл қадамды қатты сынады. 2017 жылы ол демократ-сенаторлармен бірлесе отырып, 2020 жылғы президент сайлауына Мәскеудің ықпалы болмасын деп, киберқауіпсіздік туралы заң жобасын дайындаған. Трамптың жеңісіне Ресейдің қатысы бар деп сенетін саясаткер «Орыстар АҚШ-тың ішкі мәсе­лесіне тағы да қол сұғады» деп қорқады.  Жалпы, Камала Харрис – Барак Обама бастаған демокра­тияшыл ұстанымдардың ізін жалғастырушы. Яғни, респуб­­ликашыл партияның кон­сервативті ұстанымдары мен Трамптың әсіре нәсілшілдігіне қарсы тұратын тұлға. Бұған дейін проку­рор қызметінде Камала Харрис ЛГБТ-қауымдастықтың құқы­ғын қорғап, азшылықтың еркінді­гіне қол сұғылмайтынын жеткізген еді. Әйел саясаткердің Қазақстанға қатысты ұстанымы әлі де белгісіз. Ал Джо Байденнің ұстанымы қандай? Естеріңізде болса, жыл басында бірқатар интернет-сайттар Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің Қазақстандағы кейбір олигархтармен келісімшарт құрғанын жарыса жазған еді. Питер Швайцердің жаңа кітабында Хантер Байденнің Ресей, Қытай, Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларымен коммерциялық байланыс орнатқаны айдан анық жазылған. Өз кезегінде бұл келісімшарттар Джо Байденнің ұлына миллиондаған доллар пайда әкелген көрінеді.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ