Тарту да жоқ, «тас» та жоқ
Тарту да жоқ,  «тас» та жоқ
138
оқылды
 

Жаңа Арбат та, жаңа алаң да жоқ

Осыдан біраз күн бұрын кейбір республикалық ақпарат көздерінде Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда облыстары Семейге көмек көрсетуден бас тартқаны туралы ақпарат тарады. Неліктен өңір­лер жыл басында берген уәде­лерінен тайқып кетті? Алдын ала дайындалған жос­­­­­пар бойынша ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Семейдің шаһар шаруашылығында үлкен өзгерістер орын алып, қала көз тартарлықтай көріктенуі ке­рек болған. Жаңа Арбат, жаяу жүргіншілер аймағы салы­нып, Абай мен Мұхтар Әуе­зов алаңдары және Орта­лық саябақ жөндеуден өтуі тиіс болған. Жоспарға сай нысан­дардың бәрі тамыз айында қол­данысқа беріліп, қала тұр­ғындарын қуантуы керек еді. Аталған нысандарды өз кезе­гінде еліміздің қалалары мен облыстары жөндеп беруге уәде еткен. Өкінішке қарай, бір­қатар облыс пен бас қаламыз жауапты кезеңде бұл шаруадан бас тартқаны белгілі болды. Бұл туралы таяуда «Еуразия» бірінші арнасының тілшілері хабарлады.  

Астаналықтар ресми түрде бас тартты

Естеріңізде болса, жылдың басында шенеуніктер Семейдің күзге қарай адам танымастай ажарланатынын, бұл ретте бұ­ған дейін астанамыздың 20 жылдық мерейтойында сыйлық ретінде бір-бір нысан соғып берген өңірлердің тәжірибесі тағы бір рет қолданылатыны айтылған болатын. Берілген уәде іске асатын болса, ендігі қарт Семейдің гүлденіп кетері рас еді. Бірақ бұған елдегі ка­рантин қолбайлау болғандай. Осы жағдайды алға тартқан бір­неше облыстың басшылары Абай тойына сыйлық жасаудан айнып қалған екен. Мәселен, жыл басында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жалпы сомасы 418 миллион теңге қара­жатқа Ертіс жағалауын қай­та жөндеуді мойнына алған екен. Айтуларынша, берілген уәдеден бас тартуға елдегі каран­тин басты себеп болыпты. Осы­лайша, Абай тойында қасиетті қарт Семейге «сыйлық» жасау­шы облыстар санының қыс­қарып отырған жайы бар. Назарларыңызға Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінің семейлік әріптестеріне жіберген ресми бас тарту жауабынан үзінді кел­тірейік. «Қалалық әкімдік Абай Құнан­­байұлының 175 жылдық ме­рей­тойына арналған түрлі іс-шара­ларды өткізудің маңызын түсін­еді әрі қолдайды. Алайда қалыптасқан экономикалық қиындықтарға және бюджеттің шектеулілігіне байланысты жо­­ғары аталған жобаны жүзе­ге асы­р­уға қаржы қарастырыл­ма­ған», – делінген ас­тана­дан келген ресми жауапта. Астаналықтардың артынан ақылдасып алғандай, құрылыс жұмыстарынан Қарағанды, Ақмола, Қызылорда облыстары да бас тартқан. Ал жобаларын іске асырамын деп Семейде қалған­дардың нысандарын қол­данысқа беру мерзімін кешік­тіріп жатқаны БАҚ бетінде сынға ілінуде. Айталық, Мұхтар Әуезов атындағы алаңды Батыс Қа­зақ­стан облысы қайта жөн­деуден өткізуі тиіс болған. Тіпті, әлеуметтік желіде де­ма­лыс аймағының бола­шақ­тағы көрінісінің макеті де жа­рияланыпты. Өкініштісі, ес­керткіш маңы қазір шын мә­нінде олай емес. Ол аз­дай заңғар жазушының ескерт­кішінің тұғыры құлай бастағаны да көңіл құлазытады. Ал қала­лық әкімдіктегілердің ай­туын­­ша, әлеуметтік желідегі жоба эскизі әу баста көңілден шықпаған әрі бұл жергілікті сәулетшілердің ұсынысы ғана болған. Сондықтан оны әлі ешкім мақұлдамаған. Semei  

Алматы облысының ғана аты озып тұр

Әзірге уәдесінен таймаған жалғыз өңір – Алматы облы­сы. Алматы облысы Се­мейдегі Әуезов пен Селевин көшелерінің қиылысынан ет комбинатына дейінгі ау­мақта «Абай жолы» жаяу жүр­гіншілер аймағын са­луды өз мойындарына алған. Семей ақ­параттық орталығы таратқан мә­ліметтерге сүйенсек, Алматы облысы қазіргі таң­да жұмыстың 80 пайызын аяқ­таған. Жоспарға сәйкес ны­санды тапсыру қыркүйек айына жоспарланған. – Алматы облысы жұмыс­тардан бас тартқан жоқ және барлығын мерзімінде орын­дайды. Біз «Абай жолы» ныса­нын тоқтаусыз салып жатырмыз. Жақында біз туралы баспасөз беттерінде «құрылысты кешік­тіріп жатыр, олар шілде айының ортасында тапсыруы керек бол­ған» деген ақпарат тарады. Шын­дығында олай емес, құ­жат бойынша жұмыстар 18 қыр­күйекте аяқталады. Біз жұ­мыс­­ты мамырдың соңында бас­­­­­­­тадық және қазір негізгі бө­­лігін бітірдік. Белгіленген уақытқа дейін бәрі дайын бо­лады, үлгереміз, – дейді жұмыс өндірісінің жетекшісі Рафаил Хазипов. Оның айтуынша, жоба құ­ны 600 миллион теңгеден аса­тын «Абай жолы» жобасы ұзындығы 2 100 метр болатын жаяу жүргіншілер көшесі мен ұзындығы 1 600 метрлік вело­жолдан тұрады. Бүкіл жол бо­йына орындықтар қойы­лып, сегіз балалар алаңы, спорт­тық алаң салынады және жарық­тандыру орнатылады. – Құрылыс материалдары­ның бәрі жергілікті. Төсеуіш тас­тар, шамдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері бәрі жер­гілікті өндірушілерден. Жиек­тастарды Текеліден жет­­кіздік, ойын алаңдары Алма­тыдан кел­ді. Веложолды «Гор­­дорстрой» кәсіпорны да­йын­­­дады. Мұнда күзде мың­ға жуық ағаш отыр­ғызу жос­парланған. Сонымен қатар кө­ше бойына Абайдың сөз­дері жазылған жеті стелла ор­натылады. Бұл қалаға біздің тарапымыздан үлкен сыйлық болмақ, – деді Рафайл Хазипов.  

Семейліктер саябақтың ашылуын күтіп жүр

Семейдегі құрылысы тым созылып кеткен нысанның та­ғы бірі – қаладағы Орталық саябақ. Мұндағы жұмыстар екі жылдан бері жүруде. Би­ыл да қолданысқа берілуі екі­талай. Мұны қалалықтардың алаңдауынан байқауға болады. Тұрғындардың бірі «Саябақ­тың қашан ашылатыны әлі бел­гісіз. Сондықтан қала, облыс билігі балалар саябағына назар аударса дейміз» десе, енді бір тұрғын «Қалада баратын дұрыс демалыс орны жоқ, ал саябақ құрылысы жыл да созылып ке­леді. Бітетін уақыты болды ғой, тезірек ашылса екен» дейді. Жоба құжаттары бойынша Орталық саябақты қайта құ­ру жұмыстары өткен жылы аяқ­талуы керек болған. Бірақ жұмыстар жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізуге байла­нысты тоқтап қалған. Қазір қайта жұмыс басталған. Ше­неуніктер нысан алдағы қыр­күйекте іске қосылатынын ай­тады. – 30 маусымда саябақты тапсыруымыз керек болған. Карантин шараларына байла­нысты кешігу орын алды. Бұл форс-мажор. Қазір жұмыс қызды, адамдар мен техника саны артты. Қазіргі уақытта құрылысшылар тротуар плит­каларын жылдамдатып тө­сеп жатыр, – дейді Семей қала­лық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі абаттан­дыру секторының меңгеру­шісі Асан Дүйсембаев     P.S.

Міне, Семейге өзге облыс­тар сыйға тартпақ болған ны­сан­дардың дәл қазіргі күйі осын­дай. Айтпақшы, Семейде Өскемендегідей Арбат салу да жоспарланған болатын. Жер­гілікті билік, тіпті оған «Еуро­паның бөлшегі» деген тамаша атау да беріп қойған. Өкінішке қарай, сөз бен істің арасы тағы да алшақ кетіп, семейліктер шілде айына уәде етілген Арбатты сол күйі көрген де жоқ. Әзірге Семей тұрғындарына қыркүйек айында қолданысқа берілетін «Абай жо­лымен» жүру бақыты ғана бұ­йырып тұр.

 

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы