Электронды үкіметтің игілігі
Электронды үкіметтің игілігі
458
оқылды
 

ОНЛАЙН ӨМІРГЕ ҮЙРЕТКЕН ЖОБА

Электронды үкімет онлайн режимде өмір сүруге үйреткен жоба деуге болады. Бірақ бұл жүйеге үйрену оңай болған жоқ. Әлі күнге электронды қолтаңба алмағандар баршылық. Ал  eGov.kz сайты ашылып, онда  мемлекеттік органдардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпарат пайда болғанда, үкімет жұмысы жария істей бастады деп таң­ғалғанымыз бар.  Бұл электронды үкіметтің даму кезеңінің алғашқы сатысы болатын. Одан кейінгі кезеңде  электронды қызмет ұсыныла бастады. Дәл осы кезде портал пайдаланушылары түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ анықтама алу, кез келген мемлекеттік органға сұранысты үйден шықпай жіберіп, оның мәртебесін қадағалау  мүмкіндігіне ие болды. Бұл мекемелік ақпа­раттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау және электронды үкімет шлюзі енгізілген жылдар еді. Есте болса, бұл кезеңде   порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған меморганның байланыс мәліметтері секілді  ақпараттарды алушы едік. Электронды үкімет дамуының үшінші кезеңінде  мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлей бастадық. Егер  бұған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару ке­рек болса, енді ол қызметті онлайн жүйеде пайдалануға, оның ақысын  да онлайн төлеуге қол жетті. Кәсіпкерлерге транзакциялық кезең шын мәнінде бағалы сыйлық ұсынғандай болды, ол – электронды мемлекеттік сатып алу болатын. Себебі сатып алу байқаулары мен тендердің әділдігі мен ашықтығы артты. Электронды үкіметтің бүгінгі кезеңі қыз­мет көрсетудің  жылдамдығын арттыруға бағытталып отыр. Жыл басынан бері азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды.  

EGOV MOBİLE – БАСТЫ НАЗАРДА

Жыл басынан бері елімізде 16 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды фор­матта көрсетілген. Қазіргі уақытта ха­лық мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға  дайын. Осылайша,  6-74 жас аралығындағы халықтың цифрлық сауаты соңғы бір жылда 79,6% -дан 82,1% -ға өскен. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 82% астамы автоматтандырылған, ал осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90% жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтар eGov.kz электронды қызмет порталы, MGov мобильді қосымшасы және Telegram бот арқылы  алуға болады. Желіден тыс оффлайн режимде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт кеңселерінің біріне жүгінуге болады. Пандемия ке­зінде сұранысқа ие болған қызмет – мін­детті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қа­тысушыларға әлеуметтік төлемдерді та­ғайын­дауды тіркеу болды. Бүгінгі таңда халық электронды үкіметтің қызметіне жүгіну үшін компьютердің алдына отыруы шарт емес. Смартфон арқылы талай шаруаны бітіретін деңгейге жетті. Сондықтан eGov Mobile басты назарға алынды. Бұл ретте стационарға емдеуге жатқызуға жолдама, жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама, әскери қызметке қатысты анықтама   сияқты 7 жаңа қызметті енді смартфоннан eGov Mobile қосымшасында алуға болады. Оның айтуынша, электронды цифрлы қолтаңба eGov Mobile  қосымшасының контейнерлік қоймасында сақталады, жүктеу және шығару өзгелер үшін қолжетімді емес. Бұл деректердің жойылып кетуінің алдын алады және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ пайдаланушыларға  «Цифрлық құжаттар» – eGov Mobile қосымшасында жеке электронды құжаттарды сақтау қызметі,   «Электронды еңбек биржасы» – жұмыс іздеуге арналған сервисі ұсынылған. Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына басымдық беріліп, «Денсаулық паспорты» сервисі ұсынылып отыр. Онда пайдаланушының медициналық ұйымға тіркелу деректері, диспансерлік есеп, стационарлық деректер, зертханалық зерттеулердің нәтижелері және тағы басқа сақталатын клиникалық құжатты алуға мүмкіндік бар. iOS-те «денсаулық» бағдарламасына құжатты шығару мүмкіндігі бар.  «Бүгінгі таңда eGov.kz порталында денсаулық сақтау саласы бойынша 37 қызмет қолжетімді, ендігі мақсат олардың басым бөлігін eGov Mobile қосымшасында іске асыру болып отыр», – дейді   Әсет Тұрысов. Сонымен бірге электронды техникалық паспорт та өзімен бірге техпаспорттың түп­нұсқасы жоқ адамдар үшін пайдалы болып отыр.  Портал  пайдаланушысы құжатты талап ет­кен мекемеге электронды техпаспортты көр­­сете алады.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ