Жалпы, мұндай дәрі түрлері дәріханаларда рецепт бойынша сатылуы тиіс. Өкінішке қарай, бұған көз жұма қарап отырғандар да бар. Қазіргі кезде жасөспірімдер онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын психотропты препаратты дәріханалардан сатып алып жүр. Соның кесірінен аталған зиянды препаратқа тәуелділік шамадан тыс артқан. Есірткіге қарсы күресіп жүрген еріктілер де жағдайдың ушығып тұрғанын айтып дабыл қағуда. Сол себепті Ішкі істер министрлігі осы мәселеге тосқауыл қою мақсатында трамадол сияқты дәрілік есірткі заттарын қатаң түрде бақылауға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап елімізде заң жүзінде есірткіге байланысты қылмыстар үшін жаза күшейтілгенін айта кеткен жөн. Қазіргі кезде барлық аймақта есірткіге және есірткі бизнесіне ымырасыз күрес жариялануда. Аталған шараның мақсаты – синтетикалық есірткілер мен дәріханаларда кез келген адамға дәрігердің рұқсатынсыз бейберекет сатыла беретін психотропты препараттың таратылуына жол бермеу. «Свободные люди» қоғамдық қорының директоры Ольга Агапова ақшаға құныққан кейбір фармацевтер ересектерге дәрігердің рұқсатымен ғана сатылатын дәрілерді жасөспірімдерге жасырын түрде сатып, олардың өміріне балта шауып жатқанын айтады. – Дәріхана қызметкерлері өрімдей жастардың ағзасын улап, оларды трамадол сияқты психотропты препаратқа тәуелді етуден тайынар емес. Фармацевтердің көкейін ақша тескен, олар біреудің баласының тағдырына, ұлттың болашағына басын қатырғысы да келмейді. Трамадолдың адам ағзасына кері әсері героинмен пара-пар. Ресей мен Беларусь елінде трамадол есірткі қатарына жатқызылып, қолдануға мүлдем тыйым салынған. Қазақстанда дәрігердің рұқсатымен ғана тұтынылады. Бірақ мұны фармацевтер ескеріп жатқан жоқ, – дейді қор директоры. Иә, расымен де бұл препараттар Украина, Ресей, Өзбекстан, Беларусь мемлекеттерінде есірткі заттары тізіміне енгізілген. Сол себепті аталмыш елдерде полиция қызметкерлері трамадолды саудалағандарды не сатып алғандарды қылмыстық жауапқа тарта алады. Қазақстанда трамадолды заңсыз сатқан дәріханаларға тек айыппұл салынады. Сондықтан бұл жағына келгенде біздің елімізде трамадол төңірегінде қаралуы тиіс мәселелер шаш етектен. ПД мәліметінше, жыл басынан бері есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы 12 келіден астам түрлі есірткі құралдарын, соның ішінде «синтетикалық есірткілерді» тәркілеген. 37 қылмыстық іс қозғалды. Мұның өзі елімізде нашақорлықтың белең алып бара жатқанын аңғартады. – Трамадолды еден астында орналасқан құлыптаулы сейфте сақтау керек. Оны адамдарға дәрігердің нұсқаулығымен ғана берген жөн. Аталған нұсқаулықта емделушінің аты-жөні толық жазылып, сонымен қатар онда мөр қойылған болуы қажет. Сондай-ақ нұсқаулық қағазы міндетті түрде дәріханада қалады, – дейді провизор Айжан Қожахметова. Ал біздегі барлық дәріханада нұсқаулық талап етіле бермейтіні ашық айтылып жүр. Соның салдарынан аталған препаратты пайдаланушылар оңай олжаға кенелуде. Бұл қауіпті індеттің ошағын ауыздықтай алмай отырғанымыздың тағы бір дәлелі. Жалпы, трамадолды немістің «Грюненталь» фармацевті компаниясы 1962 жылы ойлап тапқан. Медицина тәжірибесінде трамадол – синтетикалы опиоидты дәрі. Оны ауыр жарақат алғандар мен онкологиялық ауруларды, сынықтарды емдеу кезінде қолданады. Өкінішке қарай, синтетикалық дәрі нашақорлар арасында үлкен танымалдыққа ие. Әлем бойынша сатылымы рекордтық көрсеткішке жеткен. Нарколог маман Гүлмира Абдыбаева да кейінгі кездері нашақор диагнозы қойылған адамдардың көпшілігі трамадолды пайдалана бастағанын растап отыр. – Оның өзіндік себебі бар. Есірткінің бағасы қымбат болғандықтан, олар қолжетімді бағамен трамадолды сатып алады. Негізі, бұл дәрілер дәрігердің нұсқаулығымен сатылады. Алайда нұсқаулықсыз-ақ сата беретін дәріханалар бар. Оларға қатаң тыйым салған жөн, – дейді ол. Әдетте, трамадолды жасөспірімдер күніне 2-3 таблеткадан бастап, 10 таблеткаға дейін ішеді екен. Тіпті, бір адамның 30 таблеткаға дейін ішіп қойған кездері болған. Бастапқы кезде аталған дәріні жан рақаты үшін пайдаланады. Ал кейін оны дененің сынып ауруын басу үшін қолдана бастайды. Яғни, тәуелділікке әкеледі. Мамандар қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдеттегі» есірткілердің орнын неғұрлым қауіпті синтетикалық есірткі түрлері басып жатқанын бірнеше рет айтқан, айтып та жатыр. Демек, синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың одан сайын нашарлай түсері анық. Ол үшін өзекті мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырған жөн-ау. Әйтпесе, жағдайдың оңалар түрі жоқ.