РАР агенттігіне сұхбат берген министр: «Бұл Беларусь үшін Ресейден басқа балама таңдау барын оппозицияның да, президенттің де түсінуі үшін қажет», – деген еді. Бірақ Польша депутаттары мен дипломаттары мұндай жұмсақ ұстаныммен келіспейді. Тіпті, олар Александр Лукашенконың «Елдің ішкі жағдайына Польша, Ұлыбритания мен Чехияның әсер етіп отырғаны» туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Ең қызығы, алдыңғы мәлімдемелерінде белорус саясаткері «ішкі жағдайдың бұзылуына» Ресей мен Польшаны айыптаған болатын. Бұған да іле-шала жауап берген СІМ өкілдері: «Бұл мәлімдемеде Польшадан кейбір қоғамдық ұйымдарға телефон шалынғаны айтылады. Қоғамдық ұйымдар белорус азаматтық қоғамының өкілдерімен байланысқа түсуге толық құқылы. Сондықтан бұл айып негізсіз», – деген еді. Сондай-ақ СІМ мәлімдемесінде: «Беларус билігі қарсылықтың күшеюі сыртқы күштердің ықпалынан емес, әсіресе Польша сияқты белорус халқына жақсылық тілейтін елден емес, керісінше, қоғамның наразылығы мен ашуынан туындап отырғанын түсінуі керек», – делінген. Бұл тұрғыдан Польша билігі Беларусь елінен ағылатын саяси босқындарды қабылдауға мүмкіндік беретін заң дайындап жатыр. Бұл заң саяси босқындардың елге еркін кіріп, жеңілдетілген түрде виза алуына сеп болмақ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидач: «Польша қудалаудан шекараны асуы мүмкін азды-көпті саяси босқындарды қабылдауға дайын» деп мәлімдеп отыр. Польшаның Еуропарламенттегі депутаты Яцек Сариуш-Вольский Беларусь оппозициясының қызметіне Ресейдің кері әсер етуімен қатар, тіпті «Ресей тарапынан интервенция мен аннексияның жүзеге асу мүмкіндігінен» ел азаматтарының қорқып отырғанын жеткізген. «Мәскеуге қарсы санкциялар қолдану қажет» деген еуродепутат Ресей билігінің Лукашенконы қолдап отырғанын да сынаған. РБК мәліметінше, Яцек Сариуш-Вольский: «Егер ресейлік интервенция, тіпті, аннексияны тоқтата алсақ, белорус халқы демократиялық жолға түсіп, бостандыққа шыға алады» деп жергілікті қарсыласушы топқа қолдау білдірген. Оның үстіне, елдегі қазіргі ушыққан жағдайға Ресейдің араласуы себеп болып тұр деген. Байқасақ, соңғы кездері Лукашенко Ресейдің ықпалы туралы жақ ашпайды. Есесіне, Батыс елдері, Польша, Украинаның ықпалын жиі сөз етіп жүр. Кремль де «Беларусьтің ішкі ісіне араласқан емеспіз» деп ат-тонын ала қашты. Литва, Латвия мен Польша басшылығы белорус билігі мен оппозициясының арасында делдал қызметін атқарып, мәселенің бейбіт шешілуіне ниетті. Литва президенті Гитанас Науседа «Біз Беларусь билігі өз азаматтарымен диалог құрады деп сенім артамыз» деген еді. Егер белорус билігі бұл ұсыныстан бас тартса, онда мұның арты ұлттық және жалпы еуропалық санкцияларға ұласуы мүмкін. Бүгінгі таңда ЕО-ның СІМ басшылары Беларуське қарсы санкциялық шешімдер шығару үшін бас қосып отыр. Ал Еурокомиссия дағдарысты еңсеру жолдарын ұсынбақ.
К.ӘЛІМ