Атырауда үздік спортшылар марапатталды
Атырауда үздік спортшылар марапатталды
165
оқылды
Кеше Атырауда әлемдік дүбірлі дода­ларда  еліміздің көк туын желбіреткен чемпиондар мен олардың бапкерлерін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова   кәсіби мерекелерімен құттықтады. – Спорт  – жалғыз денсаулықтың ғана емес, спорт дегеніміз – бүкіл адамзаттың қозғаушы күші деуге болады. Сондықтан сіз­дердің ерен еңбектеріңіздің орны бө­лек. Спортшыларды тәрбиелеудегі қыз­меттеріңізге алғыс білдіре отырып,  кә­сіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деген Бақытгүл Қайыр­жанқызы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде  топ жарып, елдің мерейін асқақтатып жүрген спортшыларға облыс әкімінің арнайы алғысхаттарын та­быстады. Спортшылармен жүздесуде  Бақытгүл Қайыржанқызы пандемия кезіндегі ви­рус жұқтыру қаупі өте жоғары еке­ніне қа­рамастан, асқан ержүректілік таны­тып, батылдықпен көмегін аямаған спорт­шыларға ризашылығын білдірді. Облыстағы спорт саласында жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы байрақты бәсекелерде сәт­тілік тіледі. Бүгінде  облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 216 мың адамға жеткен. Жыл басынан бері облыс спортшылары түрлі деңгейдегі сайыстардан 250-ге жуық медаль жеңіп алған. 361 спортшы Ұлттық құраманың сапына енді. Марапатталушылар арасында Тыныс Биаслиев, Нұрлыбек Даралиев, Қайрат Досқалиев, Алмаз Имаш, Дарния Юсупов секілді карантин кезінде белсенділігімен көзге түскен еріктелер және жыл басынан бері қаңтар, ақпан, наурыз айларында өткен жарыстарда жоғары жетістікке қол жеткізген спортшылар болды.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы