Кеше Атырауда әлемдік дүбірлі додаларда еліміздің көк туын желбіреткен чемпиондар мен олардың бапкерлерін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова кәсіби мерекелерімен құттықтады. – Спорт – жалғыз денсаулықтың ғана емес, спорт дегеніміз – бүкіл адамзаттың қозғаушы күші деуге болады. Сондықтан сіздердің ерен еңбектеріңіздің орны бөлек. Спортшыларды тәрбиелеудегі қызметтеріңізге алғыс білдіре отырып, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деген Бақытгүл Қайыржанқызы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде топ жарып, елдің мерейін асқақтатып жүрген спортшыларға облыс әкімінің арнайы алғысхаттарын табыстады. Спортшылармен жүздесуде Бақытгүл Қайыржанқызы пандемия кезіндегі вирус жұқтыру қаупі өте жоғары екеніне қарамастан, асқан ержүректілік танытып, батылдықпен көмегін аямаған спортшыларға ризашылығын білдірді. Облыстағы спорт саласында жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік тіледі. Бүгінде облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 216 мың адамға жеткен. Жыл басынан бері облыс спортшылары түрлі деңгейдегі сайыстардан 250-ге жуық медаль жеңіп алған. 361 спортшы Ұлттық құраманың сапына енді. Марапатталушылар арасында Тыныс Биаслиев, Нұрлыбек Даралиев, Қайрат Досқалиев, Алмаз Имаш, Дарния Юсупов секілді карантин кезінде белсенділігімен көзге түскен еріктелер және жыл басынан бері қаңтар, ақпан, наурыз айларында өткен жарыстарда жоғары жетістікке қол жеткізген спортшылар болды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы