Өңірде қоғамдық көлік қатынасы жанданып, автобустар тұрақты түрде жүріп жатыр. Облыс орталығында күніне 180-нен аса қоғамдық тасымал көлігі жолға шығады. Олар 100 мыңнан аса адамды діттеген жеріне жеткізеді. Автобөлшек және құрылыс заттарын сататын дүкендер мен базарлар, сауда үйлері де ақырындап ашылуда. Ал сән салондары алдын ала жазылған тізім негізінде қызмет көрсетеді. Мектепке дейінгі мекемелер мен 30 адамға дейінгі тамақтану орындары да жұмыстарын жалғастыра бастады. Осындай жеңілдік жасалғанымен, жұмысына рұқсат етілген нысандардың барлығы сақтық шараларын бұлжытпай орындаулары керек. Сонымен бірге облыста сенбі-жексенбі күндері қатаң карантиндік шектеулер қайта енізіледі. – Қазіргі кезде облыста қауіпті аурудың тіркелу қарқыны 0,4 пайыз болып отыр. Тұрғындарды індеттен сақтау мақсатында сенбі-жексенбі күндері локдаун жариялаймыз. Барлық азық-түлік, азық-түлікті емес базарлар жабылады. Құрылыс дүкендері, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды. Одан бөлек, сауда үйлері де жұмыстарын тоқтата тұрады, – дейді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шағиахмет.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы