Шілде айының бірінші жартысында Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), 2020 жылдың 22 шілдесінен 30 тамызына дейін тарихта тұңғыш рет шахматтан дүниежүзілік олимпиаданың онлайн форматында өткізілетіндігі туралы хабарлады. Онлайн Олимпиада 2020 – бұл ФИДЕ ұйымына мүше елдердің ұлттық құрамалары арасындағы жалпы командалық жарыс. Жарыс chess.com ойын алаңында ұйымдастырылады және екі негізгі кезеңнен тұрады: «Дивизиондар» және «Плей-офф» ойындары. Оларға 163 ұлттық құрама командалар және әлемнің 1500-ден астам үздік шахматшылары қатысады. Әр команда құрамында алты негізгі және алты резервтік ойыншы, сонымен қатар команда капитанынан тұрады. Уақытты бақылау: бірінші қадамнан бастап әр жүріске 15 минут + 5 секунд беріледі. Нона Гаприндашвили кубогының көрсеткіштеріне сәйкес, 2018 жылдың Батуми қаласында өткен соңғы олимпиаданың нәтижелері бойынша, онлайн Олимпиаданың «Жоғарғы дивизион» қатарына әлемнің 5 үздік ұлттық құрамасы (Үндістан, Қытай, Ресей, Украина, АҚШ), төрт континенттен 5 үміткер команда мен іріктеу кезеңінен өткен 15 команда енгізілді. Азияның шахмат федерациясы Қазақстан құрамасын Жоғарғы дивизионға ұсынды, бұл топта біздің шахматшылар 21-23 тамыз аралығында әлемдегі ең мықты командалармен күш сынасады. Жоғары дивизионның 40 командасы 4 топқа бөлініп, әрқайсысында айналма турнирі өткізіледі. Әр топтан үздік үштік: іріктеу кезеңінен, ширек финалдан, жартылай финалдан және финалдан тұратын Плей-офф кезеңіне өтеді. Онлайн-олимпиадаға қатысу үшін Қазақстанның ерлер құрамасынан: халықаралық гроссмейстерлер Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажғалеев, Рұстам Хуснутдинов және Ануар Исмағамбетов, халықаралық спорт шебері Денис Махнев және ФИДЕ шебері Рамазан Жалмаханов қатысады. Еліміздің әйелдер құрамасынан халықаралық әйелдер гроссмейстерлері Жансая Абдумалик, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева және Гүлмира Дәулетова, әйелдер арасындағы халықаралық спорт шеберлері Әсел Серікбай және Камалиденова Меруерт қатысады. Команда капитаны – халықаралық гроссмейстер Павел Коцур. Біздің команданың ең жақын қарсыластары - Әзірбайжан, Венгрия, Оңтүстік Африка Республикасы, Украина, Словакия, Испания, Норвегия, Франция және Нидерланды. Жарыстың бірінші күні, 21 тамызда Қазақстан құрамасы Словакия, Нидерланды (топ-гроссмейстер Аниш Гири жетекшілік ететін) және Испания командаларына қарсы ойнайды. Жарыстың трансляциясы турнирдің Olymp.FIDE.com веб-сайтында, әлемнің барлық танымал тілдерінде жүргізіледі.