Еңбек нарығы: жұмыссыздық деңгейі неге төмен?
Еңбек нарығы: жұмыссыздық деңгейі неге төмен?
© Жұмабек Айқынұлы
588
оқылды
Елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асып жатқанына қарамастан  пандемия кезінде тіркелген жұмыссыздар саны 8 есеге өсті. Оның ішінде жастардың жұмыссыздық деңгейі – 4 %. Бұл ресми статистика. Орта есеппен айына жұмыспен қамту орталықтарына 60 мың адам жүгінеді екен. Барлық мемлекеттік бағдарламаларды қосқанда 1,2 млн адам қамтылуы тиіс. Бүгінгі күні олардың саны 743 мың адамды құрайды. [caption id="attachment_66007" align="alignnone" width="1200"]Еңбек нарығы © Айқынұлы Жұмабек[/caption] «Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 6,4 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. 154 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың 73%-ы ауылдық жерлерде тұрады, 37%-ы жұмыссыз жастар, 17%-ы бұрынғы бейресми жұмысшылар және 9%-ы табысы аз отбасылардың мүшелері. Орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Қыркүйек айында ҰБТ тапсыра алмаған 20 мыңнан астам талапкер жұмысшы мамандықтары бойынша ақысыз кәсіптік-техникалық оқуға жіберіледі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов. Электрондық еңбек биржасы сайтында жарияланған мәлімет бойынша, жол саласы, құрылыс саласы, транспорт-логистика салаларында жұмыс орындары көп, маман тапшы. Сұранысқа ие мамандықтардың үлесі жалпы көрсеткіште жол жұмысшысы −7,3 %, күзетші −5,6 %, көлік жүргізушісі 4,4 % құрайды. Ең жоғары айлық алатын мамандықтардың үздік бестігіне санитар, жалпы практика дәрігері, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, дәрігер-педиатор, фармацевт мамандықтары еніп отыр. Еңбек нарығы Жалдамалы табыс пен жалдамалы жұмысшы Статистикалық мәліметтер бойынша республикада халық табысының 59,2%–ы жалдамалы жұмыстан түскен табыстар, 27,8%-ы әлеуметтіктрансферттер яғни, мемлекеттен көмек алып отырғандар. 9,3% -ы өзін-өзі жұмыспен қамтудан немесе  кәсіпкерлік  қызметтен  түскен  табыстар,  3,7% -ы өзге  де табыс түрлерін құрайды.  Айта кетерлігі, былтырғы жылмен салыстырғанда мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отырғандардандың үлесі 4,4 % -ға өскен. Бұл көрсеткіш карантин кезінде уақытша жұмысынан айырылғандарға мемлекеттен төлеген 42 500 теңгенің төленуі есебінен артқанын байқауға болады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы таратқан мәлімет бойынша 2020 жылғы 1 тоқсандағы деректерге сәйкес халықтың  жан  басына  шаққандағы  ең  көп  табыс мөлшері Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.  Яғни, жалақы мөлшері 241,6 мың теңге. Ал ең азы –Түркістан облысында –102,8 мың теңгені құрайды. Елордада халық санының өсуі байқалса, Түркістанда айлықтың аз болуына табыс көзінің жетіспеуі әсер етіп отыр. Еңбек нарығы Жұмыссыздық деңгейі жоғары облыстар анықталды Әр облыстың өңірдегі жұмыссыздық деңгейімен күресуге арналған жоспары бар. Ол жоспардың қаншалықты орындалғаны турасында есеп беріледі. Белгілі болғандай, Алматы, Батыс Қазақстан облыстары жоспарды толғымен орындамаса да, жетеқабыл көрсеткіш көрсетіп көш басында тұр. Мысалы, Алматы облысында жыл соңына дейін 46 116 жұмыс орны ашылуы тиіс еді. Оның 38 726-сы орындалыпты. Көш соңында Маңғыстау, Қызылорда облыстары тұр. Биыл Қызылорда облысында 18 602 жұмыс орны ашылуы тиіс еді. Оның бар болғаны 8267-сі ғана іске асқан.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, көрсеткіші төмен өңірлермен бірлесіп жұмыс жүргіземіз деп сендіріп отыр. Шетелден келетін жұмысшылардың үлесі қандай? Биылғы жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанға Қытайдан 4281, Өзбекстаннан 1912, Түркиядан 1848, Үндістаннан 1719 жұмысшы келген екен. Бұл барлық салалар бойынша тіркелген мамандар. Олардың ішінде инженерлер саны басым. Шетелден келетіндердің басым көпшілігі құрылыс жұмыстарында істейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру саласында, механик, техник мамандары да шетелден келетіндердің үлесінде. Еңбек нарығы Екі-үш диплом болса да жұмыс жоқ Биылғы бірінші тоқсандағы мәліметтерге сәйкес Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы 78,9 мың жұмыссыз адам тіркелген. Бұл елдегі жұмыссыздар санының 17,8 пайызын құрайды. Ресми мәлімет бойынша жыл басынан бері  жұмыспен қамтылған жастардың саны 2 млн адамды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,2% қысқарып отыр. Жұмыссыз жастардың саны басым өңірлердің қатарында Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары тұр. Биыл жастар арасында жұмыссыздықтың белең алуына елдегі төтенше жағдайдың енгізілуі де себеп болып отыр. Әлеуметтік желіде бірнеше дипломы болса да, жұмысқа орналаса алмай жүргендерін айтып, шағымданғандармен тілдесіп көрдік. «Қызым Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде ағылшын тілі мамандығы бойынша диплом алды. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Мектептерде орын толық. Белгілі болғандай, онда ағылшын тілін бітіргендер емес, информатика я болмаса басқа пәннің мұғалімдері ағылшын тілінен сабақ береді. Кезінде бәрі бір-бір сертификат алып алғандар. Кәсіби маман бермеген соң, балалардың білімі төмендейді.  Жақында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша құжат тапсырғанбыз, сөйтсек, басында несиесі барларды жаңа талап бойынша аталған бағдарламаға қатыстырмайды екен. Бәрімізге мәлім, Қазақстанда несие алмаған адам жоқ. Бұл қайдан шыққан талап екенін ешкім түсіндіріп бере алмады. Ешқайда орналаса алмаған жастар жаппай Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барып, базар жағалап жүреді. Қанша жыл оқығанының барлығы зая кетеді. Жастардың баспаналы болып, өз біліктілігін көрсетуі үшін мүмкіндік беруілуі керек», − дейді Асылбек Баяжума. «Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында педагог-психолог мамандығы бойынша диплом алдым. Жұмыспен қамту орталығына және өз мамандығым бойынша 5 жерге түйіндеме жібердім. Тек балабақшада тәрбиеші болуға ұсыныс түсті. Айлығы 44 мың теңге. Бұл ақша менің жол-пұлыммен шығып кетейін деп тұр. Мектепке өз мамандығым бойынша кірейін десем, орын жоқ деп қабылдамайды. Таныстарымнан мектепке орналасу үшін пара ретінде 500 мың сұрайды деп естідім. Жеке мектептер еңбек өтілің болмаса қабылдамайды», − деді биыл диплом алған Зульфухарова Нурила. Айта кетерлігі, елімізде жастардың 42,9 пайызында толық немесе аяқталмаған жоғары білім бар. Жоғары және аяқталмаған жоғары білім алған жастардың 35,9 пайызы, орта біліммен шектелгендердің 39 пайызы жұмыссыз. Мамандардың айтуынша, 2026 жылға қарай бес-алты жыл бұрын өзекті болған мамандықтардың 65 пайызы сұранысқа ие болмайды. Алдағы уақытта тау-кен өндірісі және металлургия, мұнайды өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы, транспорт және логистика, IT, машина құрастыру және металл, туризм, энергетика, құрылыс салаларын таңдағандарға міндетті түрде «екі қолға бір күрек» табылады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ