Оқушы ма, еден жуушы ма?
Оқушы ма, еден жуушы ма?
300
оқылды

Ресейде өткен Әлем чемпиона­тында жапон жанкүйерлеріне таңдандық. Жапония жеңсе де, жеңілсе де, стадион ішін жинас­тырып жүрді. Ойыншылары да киім бөлмесін таза ұстаған. Сөйтсек, күншығыс елінде жан-жағын жинап жүруді мектептен үйре­теді екен. Осы жүйені сіңі­реміз деген білім басшыла­ры іске кірісіп кетті. Нұр-Сұл­тан қаласында 7-11-сынып оқу­шылары сабақтан кейін ка­би­нетті тазалап, еденін жуады.

Жапония мектептерінде «да­рын­ды бала», «құлықсыз бала» деген түсінік жоқ. Бәріне бірдей қарайды. Таңертең сабақта түсінбегенді, кешке Дзюкуда түсініп аласыз. Дзюку – ақылы. Сондай-ақ мектептерде сани­тарлық қызметкер жоқ. Өйткені ба­лалар арнайы кезекке тұрып, мектеп ішін өздері ретке келтіреді. Еден жуады, шаң сүртеді, тіпті, әжетха­наны тазалайды. Бұл әдісті жапон­дықтар баланы ұқыпты болуға тәр­биелеу үшін қолданады. Өздеріне артық жұмыс боларын ескерген олар мектепте қоқыс тастамайды.

Жапония халықаралық зерттеу­лер университетінде 4 ай білімін жетілдірген Сағыныш Бағдаулет­қы­зының айтуынша, мұндай тәртіп ЖОО-да да бар. Жапониялық топтас­тарының жарыса жүріп, дәріс залын жинағанын көрген. Мектептегі тәр­тіп те сондай екен. Оқушылар пар­тасын, сыныпты жуып, жинасты­рады. Ұжымдық жұмыс істеу жолға қойылған. Жеке дара болу дейтін ұғым жоқ. Бірге парта жуады, сабақ оқиды, хор айтады. Қоғам адамнан құралады дейтін принцип бар екен.

Елордадағы №80 мектеп бұл үр­дісті алғашқылардың бірі болып іске асырды. Ата-аналарының келісімі­мен сабақтан кейін кезекпен қалып, тазалық жұмысын жүргізеді. Мектеп директоры Гүлмира Жарменованың айтуынша, аталған әдіс балаларды жастайынан еңбекке баулуға үй­ретеді.

Мектеп оқушыларының сыныпты ретке келтіріп жатқан видеосынан кейін, желі қолданушылары дүрлікті. Бірі – КСРО кезінен қалған сарқыншақ десе, екіншілері – баланы жастан үйрету керек десті. Тіпті, балаларды еден жуудан босатпаса, сотқа шағым­данамын дейтіндер табылды.

«Қазақстанның бизнес заңгер­лері» АҚҰ президенті Жангелді Сү­лей­менов Facebook парақшасында еден жуу бастамасына қатысты пікір білдірді. «Мұндай тәжірибені тоқта­туды өтінемін. Әйтпесе, жаңашылдық енгізетіндерді сотқа беремін», – деді Сүлейменов.

Қоғамдағы пікіралуандығын тоқ­тату үшін Білім басқармасының жетекшісі Әнуар Жанғозин арнайы эстафета бастады. #Өзіңнен баста хэштегімен пікір жазып, еден жуған суретін желіге жүктеді. Енді ол әр кеш сайын жұмысындағы техника­лық қызметкерге көмек көрсететінін мәлімдеді. Әнуардың пікірінше, еден жуудың түк қиындығы жоқ. Кү­ніне 20 минут уақыт бөлсеңіз, же­тіп жатыр. Басқарма жетекшісінің ойын­­ша, оқушылар техникалық қыз­мет­керлерге көмектеседі. Балалар адам еңбегіне құрмет көрсетуге, қор­шаған ортаға күтіммен қарауға дағ­ды­ла­нады. «Жалпы, бұл әр оқушы еден жуу керек деген сөз емес, осыны бір­ден атап өткім келеді. Бастама асха­нада ыдыстарын жуатын жерге апару немесе сабақтан кейін жұ­мыс орнын таза ұстау, кейбір жағдай­да сынып мен дәлізді жинауға кө­мектесу сияқты жұмыс», – дейді Ә.Жанғозин.

Түрлі пікір көбейгесін, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ойымен бөлісті. «Сыныпты тазалау ерікті түрде және ата-ана рұқсатымен жүзеге асады. Ел мектептерінде әкім­шілік-техникалық персонал ұстау қарастырылған» деді министр жур­на­листердің сұрағына. Сондай-ақ министр ана-анасының келісімімен, өзінің қалауымен оқушы мектеп аумағын, сыныпты тазалауға қаты­сатынын айтты.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ