Әлем чемпионы праймеризге қатысады
Әлем чемпионы праймеризге қатысады
Еліміз бойынша басталған «Nur Otan» партиясының праймеризіне Түркістан облысынан да қатысып жатқан үміткерлердің, әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары. Солардың бірі – армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев.  Жұмыр жер бетінде қарсылас шыдатпай жүрген қазақтың қайсар азаматы бүгін «Nur Otan» партиясының Шардара аудандық филиалына келіп, праймеризге құжат тапсырды. Шардараның шарболат ұлы, қазақтың көк туын желбіретіп жүрген жас өрен қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласып, өңірдің өзекті проблемаларын шешуге үлес қосқысы келеді. Әлем чемпионы жастарды қолдау және спорт саласын дамытуға басымдық бермек. Сайлауалды бағдарламасын жақында жариялап, көпшілікке таныстырмақ.
«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуды жөн көрдім. Биыл қоғамның барлық өкілдеріне үлкен мүмкіндік ұсынылып отыр. Мақсат – билікке ұмтылу емес, елдік мәселелерді шешуге үлес қосу. Елдің көкейінде жүрген түйткілдерді назарда ұстап, сенімді ақтауға күш саламын», - дейді Қыдырғали.
Қыдырғали Оңғарбаев – даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың шәкірті. Ауыр салмақта Қазақстан мен Азияның абсолютті жеңімпазы, Әлем кубогының иегері және әлем чемпионы. Жұмыр жер планетасының ең үздік қол күрес шеберлері жиналатын «ТОП-8» турниріне шақырту алып, алғашқы кездеулерінде жеңіске жеткен сайыпқыран үлкен спорттағы жеңісті жолын да жалғастырады.

Тельман БЕЙСЕНОВ