Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте айтты. Оның айтуынша, жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы.
"Ал кәсіпкерлер жер комитеті, Өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс", - деді ол.Президенттің пікірінше, бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек.
"Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты. Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырамын", - деді Президент.Сондай-ақ мемлекет басшысы өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқанын айтты.