Азаматтығы жоқ адам – қорғансыз
Азаматтығы жоқ адам –  қорғансыз

Азаматтығының жоқ болуы адамдарды заңды құқығынан айырады, негізгі қызметтерді алуына тосқауыл болады. Нәтижесінде, олар саяси және экономикалық өмірден тыс қалып, кемсіту мен қатыгездікке ұшырайды. Азаматтығы жоқтықты жою, бүкіл әлемде тоқтату – қол жеткізуге болатын мақсат.

БҰҰ БЖКБ-ның 2024 жылға қарай азаматтықсыздықты тү­бірімен жою он жылдық науқа­ны мерзімінің ортасы аясында және Бала құқықтары туралы конвенцияның қабылдануының 30 жылдығына орай халықа­ралық жиын ұйымдастырылды. Қатысушылар Орталық Азияда туған барлық баланың туған кезде тіркелуі, туу туралы куә­лікке және азаматтық алу құ­қығына қолжетімділігін қам­та­масыз ету үшін заңнамалық және процедуралық түзетулер саласындағы озық тәжіри­белер­мен бөлісетін өңірлік құрылым құруды жоспарлап отыр. Биыл 7 қазанда Швейцарияның Же­нева қаласында азаматтық­сыздық мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі жаһандық жиын өтеді. Делегаттар осы мәселеге қатысты нақты мін­деттемелер әзірлемек.

«Орталық Азия елдерінде азаматтықтың жоқ болу мәсе­лесі Кеңес Үкіметі тараған уа­қыттан бері келе жатыр. Көбісіне жаңа мемлекет­тің азаматтығын алу оңай бол­мады. Азаматтық алмаған адам­дар өкінішке қа­рай, балаларын тіркей алмады. Ары қарай ол балалар да аза­маттық ала ал­мауы мүмкін. Аттестат алуда да қиындық туындайды. Меди­циналық кө­мек алуда да осын­дай жағдай.

Мәселені шешу үшін елдер не істей алады? Заңнамаға өз­герістер қажет. Әзірге Өзбекстан ғана жаңа заң қабылдады. Ол бойынша барлық бала тіркеуге алынады. Әке-шешесінің құ­жаты жоқ болса да. Ал біздегі жағ­дайға келетін болсақ, ілге­рілеу бар. Парламенттің төменгі палатасы заңнамаға өзгерістер енгізуді қолдады. Енді Сенат мақұлдауы керек. Бірер айдың ішінде осы мәселе шешіледі. Бұдан кейін барлық бала ту­ған кезден тіркелетін бола­ды», – дейді азаматтығы жоқ­тыққа байланысты құқықтық сұрақтар бойынша өңірлік кеңесші Роман Марин.

Орталық Азияда тууды тір­кеу деңгейінің салыстырмалы түрде жоғары екеніне қарамас­тан (Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан – 100%, Қырғыз Республикасы – 98% және Тә­жікістан – 96%), Орталық Азия елдерінде тууды тіркеу мәселесі тіркелмеген көшіп-қонушылар мен азаматтығы анықталмаған тұлғалардан туған балалар үшін сақталып отыр. Тууды тіркемеу балаларды азаматтығы жоқ тұлға қылмайды. Алайда тіркелмеген және туу туралы куәлігі жоқ болған жағдайда, адамның мемлекетпен заңды байланысы бар екенін дәлелдеу қиынға соғады.