Қазақстан Беларуське әскер жіберу мәселесін әлі шешкен жоқ – СІМ
Қазақстан Беларуське әскер жіберу мәселесін әлі шешкен жоқ – СІМ
© bbc.com
Беларусь президенті елдегі толқуларды басу үшін көмек сұраса, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімі аясында әрекет етеді. Бұл туралы 19 тамызда өткен брифингтен соң журналистерге пікір білдірген Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлады Vlast.kz.  Вице-министрдің айтуынша, ведомство әлі Беларусьтегі жағдайға талдау жүргізіп жатыр.
«Егер көмек туралы өтініш түссе, барлығы біздің міндетіміз аясында болады. Қазақстанның ұлттық мүддесіне сәйкес келетін шешім қабылданады. Біз жағдайға талдау жасаймыз», - деді ол.
Сондай-ақ, ҚР СІМ вице-министрі Беларусь еліндегі ахуалға Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының алаңдауына негіз бар ма деген сұраққа Қазақстан әзірге нақты жауап бере алмайтынын жеткізді. Еске салсақ, бұған дейін Александр Лукашенко Беларусьтегі митингтерді тоқтату үшін ҰҚКҰ-ға мүше елдерден әскер тартуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына мүше елдер: Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан.