Polisia.kz хабарлауынша, оны Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 тергеу изоляторының тәртіп және күзет қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемелерді тексеру барысында анықтаған.
Олардың айтуынша, аяқкиімнің табанына екі ұялы телефон және екі сим-карта, зарядтағыш құрылғыларды мұқият жасырылған екен. Мекемеге тыйым салынған заттарды Ақтөбе қаласының Р. М. есімді 1990 жылғы тұрғын кіргізбекші болған. Ол телефонды кісі өлтіру бабы бойынша қамауда отырған ағасына жеткізгісі келген.– Азамат Р. М. өзінің түсініктемесінде кінәсін толық мойындады. Құқықбұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды, – деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.