Партия өтініші бойынша Жоғарғы сот өкілдері сотқа жүгінгендерді қабылдады
Партия өтініші бойынша Жоғарғы сот өкілдері сотқа жүгінгендерді қабылдады
212
оқылды

Nur Otan партиясының өтініші бойынша Жоғарғы соттың төрағасы А. Жақыповтың тапсырмасымен Жоғарғы соттың өкілдері Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерден келген сотқа жүгінгендерді қабылдады.

Қоғамдық қабылдау алаңына келген Жоғарғы сот төрағасының екі бірдей кеңесшісі Айгүл Маликова мен Қарлығаш Таткиева өз өтініштерімен келген тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, арыз-шағымдарымен танысты. 

Қоғамдық қабылдау бөл­месіне келген азаматтардың айтқан мұң-мұқтажы сан түрлі болды. Елорда тұр­ғын­дарынан бөлек, арызын арқалап алыстан жеткендер де бар. Мәселен, Атырау об­лысынан келген Көшалиев Шыныбек есімді кәсіпкер төрт жылдан аса уақыт жер­гілікті құзырлы орындар мәселесін шешпегенін айтты. Арызданушының айтуынша, 2014 жылы белгісіз біреулер ол басқаратын «Перзент» ЖШС-ның атынан жалған құжат жасатып, Ирина Пав­лова есімді кәсіпкердің дү­ке­ніндегі тауарды 39 млн тең­ге­ге сатып алды деген акт толтырып, кәсіпкерді негізсіз шығынға отырғызған. Nur Otan партиясының ғи­маратына Атыраудан арнайы келіп отырмын. Мақсатым – жергілікті соттардың шеші­мінің заңсыздығын жеткізу. Біздің мекеменің мемлекеттік сатып алуға байланысты жұ­мысына заңсыз айыппұл салынып отыр. Серіктестіктің жұмысына қатысты барлық анық­тама, құжаттарым тү­гел. Бәрі заңды. Тіпті, куәгер­лерімнің жазбасы да бар. Жоғарыда айтқан Ирина Павлова есімді адам да куәгер ретінде менің ісімді ақтап, сотта куәлік берді. Алайда жергілікті соттар оның ешқайсысын ескермей отыр. Апелляциялық сотқа да шағым бердім. Нәтиже жоқ. Соңғы үмітім – Жоғарғы сотта. Барлық құжаттарымның көшірмесін, жергілікті сот­тардың шешімін түгел өт­кіз­дім. Оқиғаның қалай бол­ғанын бастан-аяқ жазып бердім», – дейді ол.

ҚР Жоғарғы сот төраға­сы­ның азаматтық істер алқа­сы бойынша кеңесшісі Қарлығаш Таткиева атырау­лық кәсіпкердің арызын өз аузынан жазып алып, іске қатысты барлық процесті жеке қабылдауына алаты­ны­на уәде берді. Сот кеңес­шісінің айтуынша, бүгінгі күні азаматтар, оның ішін­де жеке кәсібін ашқан жан­дар тарапынан түсетін ша­ғымдар азаймай тұр. Ісін енді бастағандардың дені қар­жылық және заңдық тұрғыда сауаты, тәжірибесі аз болғандықтан жөнсіз ке­дергілерге тап келіп жатады. «Мысалы, салық заңнамасын, міндеттемелерді орындау, банк алдындағы займдарға, несиеге байланысты бізге көптеген арыздар түседі. Алданып қалатындар, алаяқ­тардың тұзағына түсіп, жиған-терген ақшасынан айырылып қалатындар көп. Шамамыз келгенше әр істі жеке қарап, кейбірін жергілікті соттардың қарауына қайта жібереміз. Жалпы, азаматтарды қабыл­дау мәселесіне келсек, ҚР Жоғарғы сот төрағасының төрт кеңесші бар. Әрбір екінші күні, яғни сейсенбі сайын, кеңесшілер сотқа жүгінген азаматтарды кезек-кезек қабылдаймыз. Сағат таңғы 10.00-ден бастап, кешкі 18.00-ге дейін қабылдау жүреді. Қазір кез келген азамат Жоғарғы сотқа келіп, арыз-шағымын айтуына жағдай жасалған» деп мәлімдеді Қарлығаш Тәткиева.

Бір байқағанымыз – рес­пуб­ликалық қоғамдық қабыл­дау бөліміне келген 27 адам­ның жартысынан астамы алаяқтық әрекеттің құрбаны болғандар. Сот өкілдері де елімізде қылмыстың осы түрі азаймай отырғанын рас­тады. «Алдау, арбау қылмысына баратындар да негізінен әйелдер» дейді Жоғарғы сот төрағасының қылмыстық істер алқасы бойынша кеңесшісі Айгүл Мәлікова. Оның айтуынша, алаяқтар негізінен әйел аза­маттар көп жұмыс істейтін мектеп, университеттерді жиі жа­ға­лайды. Қыз-келіншек­тер­дің сеніміне кіріп, тіпті, аз уақытта құрбысына ай­на­лып үлгеретіндер бар екен. «Алаяқтар «үй әперемін, те­гін жер алудың әдісін көр­се­темін» деп қарапайым қыз­меткерлердің жиған қар­жысын қалтасына басып, тайып тұрады. Әсіресе, қазіргі әлеуметтік желілер олардың қитұрқы ісін жүргізуіне жақсы көмек болып отырғаны рас», – дейді сот кеңесшісі.

«Бір адамға үш адам ал­данып отырмыз. Алдаған өзіміздің ортақ танысымыз. Аты-жөні – Сүлейменова Жамал. Сол баяғы ортақ іске ақша саламыз деп жем болдық. Екі үйімді сатып, 175 мың долларымды беріп, қазір өзім пәтер жалдауға мәжбүр болып қалдым»,– дейді зейнеткер. Айман Төкенованың айтуын­ша, өзімен бірге алдауға түс­кен тағы бір адам 1 млн дол­ларынан айырылса, үшін­­ші азаматқа алаяқ не­сие алдыртқан. «Адвокат жал­дай­тын ақшамыз жоқ, өзіміз заңды жөнді білмейміз. Тек сот пен прокуратура мекемелерін жағалап, сабылып жүрміз» деген зейнеткер өздерін алдаған Ж.Сүлейменова есімді азаматтың бостандықта жүр­геніне күйінетінін жеткізді.

Nur Otan партиясы респуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орын­басары Арыстанғали Сансызбаев қабылдауға келген азаматтарға алдағы уақытта да осындай қабыл­даулардың өткізіліп тұ­ратынын ес­кертіп, тұр­ғын­дардың мәселесін тиімді, әрі тезірек шешу үшін арнайы ведомстволармен жұмыс істейтінін жеткізді.