Шымкенттегі Абай атындағы орталық кітапханада Сoworking білім орталығы ашылды. Орталық Қазақстан халқының тілдері күні аясында ұйымдастырылған апталық аясында Абай атындағы орталық кітапхананың 65 жылдығына орай пайдалануға берілді.
Орталықтың ашылуына Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаев қатысып, тұсауын кесті.
– Бүгінде қоғам сағат санап өзгеріп жатыр. Жаңару үдерісі де барлық салада өзекті. Бұл жерден оқырман кітаптың баспадан шыққан жинақ түрін де, электронды нұсқасын да оқи алады, – деді төрағаның бірінші орынбасары.
Nur Otan партиясының қолдауымен ашылған жаңа зал тегін интернет, ақпаратты технология мен заман талабына сай жаңа жиһаздармен жабдықталған. Білім орталығының ерекшелігі, бүгінгі оқырманның сұранысына сай психология, бизнес саласына бағытталған мотивациялық тренд кітаптар бар.
Шараның ашылуына сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырманы қатысып, қуанышпен бөлісті. Ақын Қанат Сарыбаев, жастардың уақытын тиімді пайдалануға арналған «Жас қаламгер» клубының оқушысы Алуа Мұхтар арнау өлеңдерін оқыды. Кітапхана директоры Гүлсім Шатырбаева:
– Сoworking-тің мақсаты – жастарға мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыру, әдебиетке деген көзқарасын қалыптастыру, жаңалықтармен дер кезінде таныстырып, интеллектуалды орта құру. Жастар өзіне қажетті мәліметтің барлығын осы жерден таба алады, – дейді.
Ал әдіскер Гүлжан Садықтың айтуынша, ұлы ақын атындағы кітапханада демалыс күндері тегін караоке қызмет көрсетеді. Айта кетелік, заманауи Сoworking орталығы мегаполис шаһардың кітапханаларында осымен үшінші рет ашылып отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы