Дулат Исабеков: Ірілік қайда, ұлылық қайда?
Дулат Исабеков:  Ірілік қайда, ұлылық қайда?
282
оқылды

Адам өзгерді ме, қоғам өзгерді ме? Қоғамды бұзатын не? Адам ба? Ниет түзу болса, ой сәулелі болса, заман өзгеруі мүмкін емес. «Өзгеріс ойдан басталады» деп жүр. Ойымызды түзеу үшін не істемек керек? Диоген қолына шам алып, базардағы адамдардың бетіне түсіріп жүр дейді. «Не істеп жүрсің?» десе, «Адам іздеп жүрмін» деген екен. Сол секілді «ойы да, ниеті де жақсы адам іздеп кетпейміз бе?» деген қауіппен сауалымызды жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековке қойдық.

– Адамдар неге қатыгез? «Ұрып кетті, соғып кетті, өл­тіріп кетті, зорлап кет­ті» дейтін сұмдықтар күн­де көз алдымызда өтіп жа­тыр. Тіпті, қазір қолына қа­лам ұс­тағандардың өзі «кек­те­су­ге» дайын тұрады. Бір-бі­ріне өшпенділікпен қарау секіл­ді жаман әдеттердің бойға тарауына не себеп?

– Өйткені заман солай бо­лып барады. Совет өкіметін қанша жамандағанымызбен, онда тәртіп қатал болды. Адам­дар адамгершілікті басты ұс­тын етті. Ғабеңдерден бас­талған ақсүйектік мінез, таза­лық, өтірік айтпау, алдап-ар­­бамау секілді қасиеттер алға шықты. Бір-бірін жаға­дан алып, ренжіссе де, жау­­ласуға барған жоқ. Ел тәуел­сіз­дігін алып, ел жаппай на­рыққа көше бастаған кезде адамдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетті. Бұрын қалай еді? Барлығының материалдық деңгейі бірдей еді. Совхоз директорының ары кетсе, бір-екі киер киімі артық болған шығар. Бүгінгідей зәу­лім-зәулім сарайлар салын­ған жоқ. Жемқорлық деген бол­ған жоқ. Қазір жағдай мүл­дем басқаша. Уақыт та бө­лек. Адамдардың арасында ал­шақ­тық пайда болған соң, бұл олардың жүйкесіне тие бас­тады. Бұл – бір. Бір кездері «Ли­те­ратурная газета» бетінде «Біз бір-бірін кешіре алмайтын, бір-бірімен араздасып кететін кө­ңіл күйді қайдан тауып ал­дық?» деп жазды. Бұл қай­дан пайда болды? Себебі, бұ­рын адамдардың арасында он­дай ақша табу мүмкіндігі болған жоқ. Банкир дегенді естідік пе? Банкке тәуелді болдық па? Несие дегеннің не екенін ұқтық па? Жоқ. Мұның бәрі нарық экономикасына бейімделген қоғамда ғана бар еді. Біз сол қоғамға бірден сүңгіп кеттік те, ештеңенің байыбына бара алмай қалдық.

– Өкпелеу мен жауласудың ара-жігі қалай?

– Бұрын өкпе-реніш деген­нің бәрі тез ұмытылатын. Ол ащы запыранның соңы ыза-кек­ке, жаулыққа апарған жоқ. Қазір өзіңіз қараңызшы, бір баланың автобусқа отыратын ақшасы жоқ. Мұндай автобусқа мінетін ақшасы жоқ адамның саны көбірек болып барады. Ал байлар ат төбеліндей ғана, он-жиырма пайыз болуы мүмкін. Жалпы, мұндай алшақтық адам­ның көңіл күйіне де әсер етпей қоймайды. Сол жал­­пылама адамдардың қа­тарында қолына қалам ұстаған жандар да бар. Бір-бірін кешіре алмау деген ұғым осындай «көңіл күйлерден» пайда бол­ған секілді. Қазір біреуді рен­­жітсең, ол ертең сенің жа­уыңа айналады. Шындап келгенде, қазақта жау жоқ. Қазақ көп болса, көңілі қалады.

– Қазақтың «көңіл бір атым насыбайдан қалады» дейтініндей емес пе?

– Көңіл қалса да, дұшпандық пиғылға, жаулыққа ұласқан жоқ. Тез ұмытты. Қайта кез­дес­­кенде, анандайдан құшақ жайып, жадырап сала беретін. Сырбай Мәуленов пен Тоқаш Бердияровтың басынан өт­кен мына бір оқиғаны ай­тып берейін. «Жұлдыз» жур­на­лында жұмыс істейтін кезіміз. Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Оразбек Сәрсенбаев, Жүсіп Қыдыров – бәріміз бір бөлмеде отырамыз. Бір күні таңертең «Мен керемет поэма жаз­дым» деп, Тоқаш каби­нетке кіріп келді. Қолында – «Біржан сал». Поэзия бө­лі­мі оқып шықты. Жақсы дү­ние жазылыпты десе, бар­лық бөлім шетімізден оқып ш­ы­ғамыз. Шынында да, ке­ре­мет! «Нөмірге салу ке­рек» дедік. Бекітетін – бас ре­­д­актор. Сырағаңа апарып бердік. «Солай ма екен? Бұл бәле жазса, жақсы жазады» деп алып кеткен. Жауап жоқ, екі-күш оқылмай поэма жатып қалды. Бір күні қабылдау бөлмесіндегі аспалы шамның шақыр еткен дауысы естілді. Тоқаштың келгенін білдік. Хатшы қыз тоқтатамын де­ген­ше, орындықты алып, атып ұрмай ма? Ол барып, ас­палы шамға барып тиген ғой. У-шу дауыстан Сырағаң да кабинетінен шығып, «не боп жатыр?» демей ме? Қа­ра­са, Тоқаш тұр. Қызу. «Ме-нің поэмамды оқыдыңыз ба, оқыған жоқсыз ба? Соны біле­йін деп келіп едім» дейді. «Сенің поэмаңды оқымаймын. Алып кет, ақымақ!» дейді Сы­рағаң ашуланып. «Неге айғай­лайсың? Сен майдангер болсаң, қайтейін? Мен де май­дангермін» деп, тұра ұм­тылады. Жан-жақтан жа­бы­лып жүріп, екеуін әзер бас­тық. Сол күні Сырағаң поэ­маны оқып шықты да, бізге келіп: «Иттің баласы, жақсы поэма жазыпты» деп, риза болды. Сосын «Бекен» деп, Бекен Әбдразақовты шақырып алды да, «Мынаны жылдам бетке салыңдар» деді. «Менің көлігімді мініп, баспаханаға ұш» деді. Бекен баспаханаға кет­кен кезде, Тоқаш редак­ция­ға келіп, тағы қырғын са­лып, Сырағаңа дөрекі сөй­лей­ді ғой. Оған Сырағаң ашу­­­ланып, «Дереу Бекенді шақырыңдар. Ана поэманы беттен алып тастап, баяғы мақала орнында тұра берсін» дейді. Бекең басын бір сипап, баспаханаға қайта кетті. Ертесі ашуы басылған Сырағаң: «Әй, түнімен ойландым, анау тағы ішіп келмей тұрғанда, ана поэманы Бекен нөмірге салып келсін» деді. Бекеннің «Ой, айыппұл төлететін болды ғой» дегеніне қарамастан, «Ей, мей­лі, айыппұлын өзім тө­лер­мін» деп, Сырағаң сас­пас­тан орнына отырды. Сөйтіп, То­қаштың поэмасы журналға шық­ты.

Міне, адамдардың бір-бі­ріне кешірімі, құрметі. Жақсы шығарма оқыса, ақын-жазушылар өзі жазғандай риза болып, бір-біріне мақтап оты­ратын. Қазір сондай ке­шірім бар ма? Абдолла Қар­сақ­баевтың да бойында осын­дай мінез болды. Бірақ олар­­дың бойында ақын, ре­жис­серлік қана талант емес, азаматтық, адамдық қасиет те мол болды. Олар сондай «айрықша» мінезімен көпке сыйлы, абыройлы өмір сүр­­ді. Таланттарды көре бі­луі, сый­лай білуі – осы мінез­де­рі­нен байқалатын. Қандай «жынды» болса да, талантын құрметтеді.

– Демек, бізге талантты қадірлеу, адамды құрметтеу сия­қты мінездер жетіспейтін секілді. Өзгеріс неден баста­лады?

– Ашу-ызаны, өкпені ақыл­ға жеңу жетіспейді. Одан кейін ақша табудың жолына түсіп кеттік. Алдап табасың ба, арбайсың ба, өтірік айта­сың ба, ақша жейсің бе, әйте­уір байысаң болғаны. Мәсе­лен, танымал жазушы мен бір бай адам көліктен түсіп жатса, ел кімді қарсы алар еді?   Немесе ақшасы көп бан­кир­ді алайық. Банкирдің алдынан адам көп шыға ма, жазушыны қарсы алатындар көбейе ме? Міне, мәселе осы­дан басталады. Қазір адам­дар сын көтере алмайды. Қалам ұстағандардың да басында бар. Мысалы, бұрын сын­шы­лар­дың жағдайы жақсы еді. Қаратаев, Серікқалиев, Кәкі­шев, Қирабаевтың кітап­тары аз таралыммен шықса-дағы күнін көруге жететін. Қазір сыншы да, сын да жоқ. Қазір тек бос «мақтанды» жақсы көреміз. Кезінде Марал Ысқақбаев менің «Кеш туған жұлдыз» атты шы­ғар­мамды өлтіре сынады. Әрі дұ­рыс сынады. Сын дұрыс бол­ған соң, қабылдадым. Мен Қалиханды қалай сынадым? «Бұқтырма сарынын» түкке тұрғысыз қылдым. Бесінші курстың студентімін. Одақ­қа жиі барамыз. Асқар Сүлей­ме­нов екеуі Одақтан шығып келе жатыр екен. «Осы бала ма?» деп келіп, жағамнан ұстады. «Сен біздің Әкімді де, Рамазанды да сынапсың. Өзі қайдан шыққан баласың?» деп алқымымнан алып жатыр. «Аузың­ды жап, әйтпесе, бұзып жіберемін» дегем, балалық қой. Сөйткен Қалиханмен ажы­­рамас дос болып кеттік. Араз­­дасу, жауласу деген ой бол­ған жоқ. Қалихан мені «жаң­ғыз» дейтін. Мұндай оқи­ға өте көп. Бір-бірін иттің еті­­нен жек көрген адамдар да бол­ды. Бірақ «кектесуге» дұш­­пандық көзбен қарауға, қия­нат жасауға барған жоқ.

– Ұлылардан қалған бұл қасиеттер бізге неге жұқпай қалды?

– Ұлылықты үлгі тұтып отырған ешкім жоқ. Адамдар ұсақталып барады. Эгоизм басым. Өз «менін» жоя алмай­ды. Білімді, білікті дейтін кей азаматтардың да бойынан осындай кемшін қасиеттерді жиі байқап жүрміз. Ірілік жоқ. Сыйластық, кешірім, мейірім... дамымай қалған. Мұның бәрі қоғамды кері кетіретін, алға бастыртпайтын жаман әдет­тер. Өз мініңді өзің біл­ме­сең, өзгелердің мінін қалай түзе­мек­сің? Ниет бұзылды, ой өз­гер­ді. Ниеті бұзық адамдарға қарап, қорқасың. Ұрпағыңның тағдырына алаңдайсың. Қазақ­тың бойындағы ірілікті, мық­тылықты аңсап жүрмін...

 

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС