Мәдениеттен мән кетпесін...
Мәдениеттен мән кетпесін...

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері теңгенің құны құлағалы құлазып кетті. Себебі сол, жалақы аз. Иә, бұл мәселе биік-биік мінберлерде, билік өкілдерінің аузымен талай көтерілді. Мәжілісмендер мен сенаторлардың да салмақты пікіріне айнала білді. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы жоғарылаған жоқ. Жұрттың айлығына алты ай сайын ақша қосылса да, олардың маңдай тері ештеңемен, еш теңгемен өлшене қоймады. Сонда да үмітін үзбестен, ел ру­ханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жан­дар үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын су бүріккендей серпілтіп тастады.

Мәдениет саласы қызмет­кер­лерінің мәселесін көтер­ген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олардың ең­­бекақысы соңғы жылдары мүл­де көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қыз­мет­керлері, әсіресе, жас ма­ман­дар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қаты­са ал­майды. Мұндай ахуал осы кә­сіптің беделін түсіріп, ла­йық­ты кадрлардың тап­шы­лығы айқын сезілуде» деді. Мемлекет басшысы келесі жыл­дан бастап Үкіметке мә­де­ниет қызметкерлерінің ең­бек­ақы­сын көбейтуді тап­сыр­ды.

Расында, соңғы жылдары қалаған кітабыңды қолыңа ұстатып, тарихыңды тану­ға үлес қосатын қадірлі ма­ман­дық иелеріне деген құр­мет­тің деңгейі төмендеп кет­­кені шындық. Жалақысы жан­ба­ғы­сына жетпесе де, жан­кеш­ті­лік көрсетіп жүрген бүгінгі ма­мандардай емес, жастар жа­ғы бұл салаларға мүлдем барғысы жоқ. Дәл осы себепті, істеп жүрген жұмысына қол бұлғап, қоштасып кеткендері қаншама?! Жә, әңгіме, бұл ту­ралы емес. Әңгіме – сала ма­ман­­дарының сапасын қалай арт­тырамыз деген сауал төңі­ре­гінде.

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының осы мәсе­ле­ге қатысты «Театр және эстра­да артистері бір ғана жа­­­лақыға өмір сүрмейді. Өзім де студент кезімде сим­фо­ния­лық оркестрде қосымша жұ­мыс істедім. Әлемдегі бар­лық музыкант осылай жұ­мыс істейді. Бірақ қазіргі уа­қыт­та біз кітапхана мен мұ­­рағаттарда жұмыс істейтін қыз­меткерлердің жалақысын өсіруіміз қажет. Оларда қосым­ша табыс табу мүмкіндігі жоқ. Солардың жалақысын өсіру керек» дегені есімізде. Өкініш­ке қарай, дәл осы түсінік жал­пы мәдениет саласы қызмет­кер­леріне салқынын тигізіп келді деуге болады. «Шыны керек, мәдениет саласының қызметкері деген атымыз бар болғасын, қоғам бәрімізді бірдей әнші, артис, биші деп қабылдап кетті. Олардың ішінде кітапхана мен мұражай, мұ­рағат қызметкерлері ес­ке­ру­сіз қалды. Біз «тойдан та­быс таба алатындардың» қа­та­­рында емеспіз. Осыдан төрт жыл бұрын 27 000 жа­ла­қы алатын едік. Қазір 43 000 бол­ды. Қазақстандағы ең тө­мен­гі жалақы – біздікі. Ай­ту­ға аузың да бармайды. Еңбек ет­кен жылым мен санатыма орай қазіргі жалақым 70-80 мың­ға жетті. Оған жастар жағы бір­ден ілінбейді. Сондықтан мұн­дай айлыққа жастар жа­­ғы жоламайды. Онымен от­ба­сы түгілі, қара басын асы­рай алмайды ғой» дейді «Жиде­бай–Бөрілі» мемлекеттік қо­рық-музейінің жетекші ғы­лы­ми қызметкері Қуат Қиық­бай. Маман пікірінің жаны бар. Бүйірден қысқан қым­­­­­батшылық пен бұл мә­се­­­ле­ні байланыстырсаң, әң­­­гіме әріге кетер еді. Елі­­­міз­де қолданыстағы шы­ғар­­­­машылық білім беру жү­йе­­сінің музыка, балет, орын­­даушылық, бейнелеу өне­рі бойынша кадрлар даяр­лау­дағы көрсеткіштері жо­ға­ры болғанымен, кино, ани­ма­­ция, сурет өнері, мүсін, гра­фи­ка, дизайн, декоративті-қол­данбалы өнер, музей, рес­­таврация, кітапхана ісі са­­ла­­сындағы мамандар тап­шы­­лығының спектрін толық қамтымай отыр.

Ал Алматы қаласы Орта­лық­тандырылған кітап­хана жүйесінің қызметкері Ғазиза Құдайберген: «Бұл жаңалық бізге мотивация берді. Қазір кітапханаларға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи тех­ни­ка­мен қамтылған, жаң­ғырған кітапханаларда білікті, білімді мамандар жұмыс істеуі керек. Сапалы қызмет көрсету тек мықты маманның ғана қолы­нан келеді. Ал ондай маманға жалақы дұрыс төленуі ке­рек. Кітапханашылардың әлеуметтік мәселесі шешіліп, үйге тұру кезегіне ие болса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді.

Осыған дейін сәуірдің ба­сын­да Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерінің айлық ақысын көтеру туралы мәселе көтерген болатын. Сон­да­ғы белгілі болғаны – сала қызметкерлерінің айлығына 1,72 үстеме коэффициент қосу­­ды жоспарлағандығы. Ең өкі­ніш­тісі, бұл небәрі 8 пайыз қыз­меткерлерге ғана қатысты болып шықты. Дұрыстап түсін­ді­рейік.

Мәдениет министрлігі са­рап­шыларының мәлі­ме­тінше, 2018 жылы Қазақстанда орташа айлық есептік жалақы 158 мың теңге болса, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 80-120 мың теңге ғана болды. Ал статистика коми­тетіне сенсек, еліміздегі әр­түрлі сала мамандары, ша­ғын кәсіпкерлік саласын қоспағанда, орта есеппен 162 мың теңгеден алса, өнер, ойын-сауық, демалыс са­ла­сындағыларға бар бол­ғаны 127 мыңнан алған. Бұл дегеніңіз – елдегі орташа ай­лық есептік жалақыдан 22 па­йызға аз деген сөз. Комитет ұсын­ған мәліметтерге сәйкес, өнер саласындағы көптеген мамандар одан да аз жалақы ал­ған. Біздің зерттеуімізде дәл қазіргі таңда бас суретші-сәнгер – 57 мың теңге, зал әкім­шісі – 54 мың теңге, би-хор ұжымының артисі – 47 мың, балетмейстрлер – 84 мың теңге, музей қызметкерлері 45 мыңнан бастап, кітап­ха­на­шылар 43 мыңнан бастап, жә­ді­герлерді қорғаушы 52 мың теңге жалақы алады.

Осы уақытқа дейін жала­қы­сы­ның аздығын алға тар­­тып, мұң шақпаған, бас шұл­­ғ­ып, барын сала жұмыс іс­теп келген мамандардың жалақысы жаппай өспей қала ма деген де қауіп бар. Өйткені Президент Жолдауына дейін­гі министрліктің шешімі бо­йын­ша жалақысы өсетін 8 пайыз қызметкерлердің ті­зімінде 9 рес­­публикалық мекеме мен 33 мем­лекеттік қазынашылық кә­сіп­орынның қызметкерлері – бар болғаны 42 ұйымның ма­ман­дары бар.

Осыған дейін министрлік осы ұйымдарда жұмыс істейтін 5 399 қызметкерлің айлығын көтеруді ғана жоспарлады. Ал статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 12 айында мә­­дениет саласында 65,9 мың адам еңбек етеді. Яғни, жа­ла­қы сала қызметкерінің әр­бір 12-шісінде ғана өседі. Тек жоғары жақтағылар мен рес­пуб­ликалық ұйымдардың қыз­меткерлеріне қатысты бұл шешімге қарап жалпы қыз­мет­керлердің жалақысы өседі деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Яғни, қала, селодағы мұра­жайлар, мұрағат, кітап­ха­на, театр қызметкерлері Мә­дениет министрлігі ұсын­­ған жоба аясында жо­ға­ры жалақыдан үмітсіз. Есе­сіне Мәдениет министр Ақ­тоты Райымқұлованың «Президент өз тапсырмасын нақтылап, оның орындалу мерзімін белгіледі. Яғни, 2020 жылдан бастап мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы кө­бейтілуі тиіс. Бұл бізге се­нім ұялатады» дегені, үш ай бұ­рынғы шешімнің қайта қара­лып, сала мамандарын жаппай жарылқайды деген үміт басым.

Сондай-ақ ағымдағы ах­уалды ушықтырып, мәде­ниет саласының түйінді проб­ле­маларына айналған мә­се­­ле­нің басқа да себептері бар. Бүгінде мәдениет сала­сын­да меценаттық, демеу­ші­лік және волонтерлік инс­титуттар дамымаған. Әлем­дік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та мәдениетті мем­ле­кет­тік қолдаудың мық­ты идео­логиялық негізі бар. Сон­дай-ақ онда қаржы­лан­­­дыруды гранттар, қор­лар мен демеушілер қам­та­­­масыз етеді. Ал Ресейде не­­­­гізгі қаржыландыру көзі – фе­дералдық бюджет. Тіке­лей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйым­да­рының орта есеппен 80 пайызға дейінгі кірісін қам­та­ма­сыз етеді. Ресейдің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлінің ұлттық ұғы­мына негізделген. Қытай үкі­меті болса, мәдениетті да­мы­ту қорын құру мен мә­де­ниет саласындағы ком­мер­­циялық кәсіпорындар арқы­лы мәдени индустрия саласын қалыптастырудың тиімді тетігін жасап алған. Ал Ұлыбритания мен Канадада мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бойынша негізгі қар­жы­лық ауыртпалықты өзі­не алғанымен, бұл функ­ция­ны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз ке­зе­­гінде қаржы қаражатын ар­найы комитеттер мен сарап­шы­лар топтарына береді.

Әлемдік үздік прак­ти­ка­ларды ескере отырып, Қазақ­стан үшін АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы демеушілік пен меценаттықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру айрықша өзекті дер едік. Сонда ғана біз әңгіме өзегіне айналдырған жалақы мен мықты маман мәселесі шешімін тауып, саланың тамырына қан жүгірер еді...