Батыс Қазақстанда 70 сарбаз жабылып іздеген бала табылды

Батыс Қазақстанда 70 сарбаз жабылып іздеген бала табылды

Жоғалған оқушыны полицейлер, әскерилер мен еріктілер іздеді. БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, 12 жастағы 5-сынып оқушысы 19 тамыз күні сағат шамамен 15.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында жоғалды. Ол Орал қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Сол күні ауылдағы «ПМК» аялдамасынан кеткеннен оралмаған. Өз бетімен іздеу нәтиже бермегеннен кейін сағат 19.10-да анасы полицияға жүгінген. Полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтің басшылығымен іздестіру жұмыстарына Теректі ауданы полиция бөлімі мен Орал қаласы полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Сондай-ақ Оралдағы 5517 әскери бөлімінен 70 сарбаз, Подстепный ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері және жұртшылық өкілдері көмекке келді. Сағат 23.00-де Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Арман Бисенғалиев пен стажер Бақытжан Қонарбай баланы шаһардағы Құрманғазы көшесіндегі үйдің ауласынан тапты. Жасөспірім қазір отбасымен бірге. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Оқушының ата-анасы жедел қимылдаған полиция қызметкерлері мен іздеуге атсалысқандардың бәріне алғысын айтты.