Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook -тегі парақшасында Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықты сөз еткен кеңесін қорытындылап, денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық әрекеттеріне тоқталды.
«Денсаулық сақтау министрлігі жемқорлыққа қарсы қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған стратегия аясында жүйелі жұмысты жалғастыруда. Жоғары лауазымды шенеуніктерден бастап қатардағы қызметкерге дейін «бармақ басты, көз қысты» әрекетке әуестенбеуі тиіс. Біріншіден, біз қоғамдық бақылауға басымдық беріп жатырмыз. Кез келген бастама Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен пысықталады. Бұдан бөлек, «Адалдық алаңы» деп аталатын жобалық кеңсе арқылы парақорлықтың алдын алуға күш салып жатырмыз. Яғни, министрліктің өзінен бастап, медициналық ұйымдар және медициналық оқу орындарына дейін қырағы қадағаланады», - деп жазды ол.Оның сөзінше, ведомствода ішкі аудиттің және өзіндік қауіпсіздік департаментінің жұмысы жанданбақ.
«Дәрі-дәрмекпен қамту және медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында «ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ҚАЗАҚСТАН COVID-19» қозғалысы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, веб-портал арқылы көрсетілетін медициналық қызметтердің электрондық жүйесін жандандыруды қолға алдық. Бұл-ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жою үшін жасалып жатыр», - деді министр.Цой медициналық ұйымдар тарапынан көрсетілмеген медициналық қызметтерді тіркеу фактілері көп кездесіп жатқанын да жазды.
«Цифрлық шешімдердің арқасында бірінші жартыжылдықта ұсынылғаны дәлелденбеген медициналық қызметтер бойынша 12 мың ақау анықталды. Жарты жылда жалпы 4,6 миллиард теңгені құрайтын 461 мың ақауды анықтадық. Қазірі уақытта Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп денсаулық сақтау саласындағы ақпарттық жүйені жетілдіріп жатырмыз. Дегенмен, аймақтық деңгейде ұсақ-түйек пара алу, лауазымын асыра пайдалану, дөрекелік жасау деректері тыйылмай тұр», - деп мәлімдеді министр.Бас дәрігер 2020 жылы электронды түрде көрсетілетін медициналық қызмет үлесін 90 пайызға жеткізіп, әкімшілік кедергілерді жоюға, жемқорлыққа барынша тосқауыл қоюға уәде беріп отыр.
«Пандемия кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық деңгейі төмен екеніне көз жеткіздік. Бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне мониторинг жасалмаған. Қорыта айтқанда, министрлік жемқорлыққа жол беруі мүмкін тәуекелерді анықтап, оны жою үшін үздіксіз жұмыс істейді», - деді Алексей Цой.