Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды
Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды
176
оқылды
Бүгін қазақтың ұлы ойшылы, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұңғыш классик Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жарияланған «ІV Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздары анықталды. 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан Елбасы кітапханасының бұл дәстүрі қоғам арасында Абай мұрасын насихаттауды, ел азаматтарының оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыруды көздейді. Биылғы байқауда қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар: І орын – Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді ауруханасы медицина қызметкерлерінің ұжымы; ІІ орын – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Альсана Смаилова; ІІІ орын –  Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Карима Люшанло; «Абай мұрасын насихаттаушы» номинациясы – Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданының Есік қаласындағы В.Терешкова атындағы орта мектептің 2 сынып оқушысы Юсуф Ширинов. Ал «Ең кішкентай үміткер» номинациясында жеңісті қанжығасына байлаған Павлодар облысы, Екібастұз қаласының №24 «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушісі Жігер Хасен жұрттың көзаймына айналды.
– Анаммен бірге Абай атамыздың өлеңдерін сүйіп оқимыз. Сайыстың ұйымдастырылып жатқанын білген бойда анама қатысатынымды айтып, ұзақ дайындалдым. Көрермендер мен қазылар алқасының бағасына ризашылығымды білдіремін. Сайысқа қатысқан өте ұнады, оған келер жылы да үлесімді қосуға уәде беремін, – дейді Жігердің өзі. – Жігердің өлең оқуға құштарлығы 3 жасында оянды. Абай шығармашылығына құрметі де ерте қалыптасқан. Оның өлеңдерін жаттауға келгенде, мектеп бағдарламасындағы қысқа үзінділерді жаратпай, толық нұсқасын жаттағанды ұнатады. Өлеңнің әні болса, шырқап орындағанды жөн санайды. Бала түсінігіне қиындау сөздер мен ұғымдардың мәнін ылғи сұрап ойына түйіп жүреді. 7-8 өлеңін жаттаған шағында ол Абайдың қара сөздеріне көшті. Қызығы, сыңары Жібекке қарағанда, Жігердің ойлау қабілеті өзгеше, ағалығы білініп тұрады. Өмірге көзқарасы, ақыл-парасаты Абай мұрасының арқасында қалыптасты десек артық болмайды. Осы тұста өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне үлес қосып жатқан Елбасы кітапханасына алғысымыз шексіз, – дейді Жігер Хасеннің анасы Меруерт Оразалина. – Абай мұрасы – қазақ халқының асыл қазынасы. Ұлы ойшылдың қаламынан тамған өлең жолдарын төрт жасар баланың аузынан естігенде көкіректі еріксіз мақтаныш сезімі кернеп, бойды өскелең ұрпаққа деген ризашылық сезімі билейді. Әдебиет эстафетасында көптің көзіне түсіп, дарынымен ерекшеленген қатысушылар жылда марапатталғанымен, бұл сайыста жеңілгендер болмайды. Себебі Абай мұрасын дәріптеуді міндет тұтқан байқаудың әр қатысушысы сол мақсатты жүзеге асырып, маңызды істің орындалуына септігін тигізеді. Бұл – ортақ жеңіс, – дейді Кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов.
«Instagram», «Facebook» әлеуметтік желісіне #ЕлбасыКітапханасыАбай  #АбайдыОқимыз175 #БиблиотекаЕлбасыАбай #читаемАбая175 хештегімен шыққан 454 посттың 332-сі қазақ тілінде, 122-сі орыс тілінде жарияланған. Дәстүрлі сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келіп түсетін өтінімнің саны жылда артып келеді. Тұсауы кесілген сәттен бастап Абай оқуларына 1000-нан астам адам қатысқан. Топ жарған жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар таратылмақ.