Олжас Сүлейменовтің жиенін қағып өлтірген азамат бостандыққа шықты
Олжас Сүлейменовтің жиенін қағып өлтірген азамат бостандыққа шықты
Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің жиені Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апатына кінәлі деп танылған Малика Мұхитова мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. 2018 жылдың маусым айында Астанада жол апатынан ақын Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов қаза тапқан еді. Осыдан кейін кінәлі деп табылған Малика Мұхитова 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл 23 маусымда Байқоңыр аудандық №2 сотының қаулысымен сотталған Мұхитованың жазасының қалған бөлігін ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық сотының аппеляциялық сатысы бұл шешімді жойып, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Заңның бұл талабын Мұхитова орындады, - делінген баспаөз хабарламасында. Сот таратқан хабарламада, оның бүгінгі күнге дейін ол жазаның басым бөлігін өтегені айтылған. Өтелмеген 4 ай 27 күн ғана қалған. Ол жазасын өтеу барысында өзін тәртіпті ұстап, мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны және үлгілі тәртібі үшін 3 рет ынталандырылған. Түзеу мекемесі де оған оң сипаттама берген.
"Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен өндіріліп алынатын моральдік өтемақыны М.Мұхитова толықтай төледі. Прокурор мен мекеме өкілі де сотталушының өтінішхатын қолдап, жазаны неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруды өтінді. Аталғандардың негізінде аппеляциялық саты Мұхитованың бас бостандығынан айыр түріндегі жазасын айыппұлға ауыстырды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2018 жылдың 22 маусымында Астана қаласындағы Мәңгілік Ел мен Керей, Жәнібек Хандар қиылысында мотоциклмен келе жатқан Ескендір Сүлейменов қаза тапқан болатын. Оны қағып кеткен көліктің рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаменті бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың қызы отырған. Оның есімі Малика, 29 жаста. Тергеу барысында Малика Мұхитованың мотоциклшіге жол бермегені белгілі болды.